Бір жылда Қарулы Күштерде 60 мыңнан астам жауынгерлік даярлық іс-шарасы өтті
2025 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде әскери басқару органдарының, құрамалар мен әскери бөлімдердің жоспарлы даярлығы жүйелі түрде жүзеге асырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Оқу жылы барысында жауынгерлік даярлық бойынша 60 мыңға жуық іс-шара өткізілді, оның 17 мыңнан астамы түнгі уақытта ұйымдастырылды. Іс-шаралардың басым бөлігі Құрлық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің үлесіне тиесілі болды.
Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-әуе күштерінде ұшқыш құрамын даярлау деңгейінің оң серпіні байқалды. Жыл ішінде күндізгі және түнгі мезгілде шамамен мың ұшу ауысымы орындалды. Экипаждар күрделі метеорологиялық жағдайларда ұшу, жер үсті және әуе нысандарына қарсы жауынгерлік қолдану дағдыларын жетілдірді.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде 760 жауынгерлік үйлестіру іс-шарасы өткізілді. Әскери-теңіз күштері есепті кезеңде 188 рет теңізге шығып, кеме экипаждарының жалпы жүзу қашықтығы 25 мың теңіз милінен асты.
Қарулы Күштердің түрлері мен әскер тектері бөлімшелерін үйлестірудің қорытынды кезеңдерінде 4,5 мыңға жуық жауынгерлік атыс пен тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Оқу барысында әртүрлі жағдайда оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау тәсілдері пысықталды.
Сонымен қатар жыл ішінде «Айбалта», «Десант», «Жауынгерлік достастық», «Каспий бризі» секілді ірі жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық оқу-жаттығулар өтті. Олардың аясында Қарулы Күштердің өзара іс-қимылы жетілдіріліп, соңғы жылдардағы әскери қақтығыстар тәжірибесі негізінде әзірленген жаңа тактикалық тәсілдер сыналды.
Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда.