Бір жылда елдегі кедейлік деңгейі 21 пайызға өсті – Ерлан Сайыров
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров елдегі кедейліктің өсіп жатқанын, әсіресе ауылдағы жағдайдың қиын екенін айтып дабыл қақты.
Ресми деректер Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтардың саны 1 065 мың адамнан асқандығын көрсетеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда, кедейлік деңгейі 21%-ға өсіп отыр. Халықтың кедейлігі ұлттық қауіпсіздікке тікелей кері әсер ететін басты проблема. Аса өзекті мәселе - ауылдағы кедейлік. Бұл мәселені шешудің оңтайлы әдісі әл-ауқаты төмен азаматтарды микрокредитпен қамтамасыз ете отырып, адамдардың бизнес-сауатын арттыру,- дейді депутат.
Оның айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы бойынша несиелендіру бағыты бойынша 2020 жылы ауыл тұрғындарына 43,3 млрд теңгеге 11 294 жуық несие берілді. Осы бағдарлама аясындағы биылғы жылдың бюджеті 20 млрд теңгені ғана құрап отыр. Яғни, биыл шағын несие алушылардың саны 5200-ге азаяды.
Пандемия кезінде Ұлттық экономика және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің кері позициясы бізге түсініксіз. Микрокредиттеудегі басты проблема - кепілзат мәселесі. Бұл проблеманы несиеге кепілдік беру механизмін енгізу арқылы нақты шешетін уақыт жетті. Биыл «Атамекен» ұлттық палатасы және жергілікті әкімдіктердің қатысуымен шағын несие ұйымдарын ашу жоспарланып отыр. Ниет дұрыс, бірақ өзінің тиімділігін көрсете білген, оңтайлы жұмыс істеп тұрған, 10 жыл шағын несие беру тәжірибесі бар ауыл шарушалығын қаржылай қолдау қоры не себепті жабылмақ?,- дейді Ерлан Сайыров.
Ол мемлекет қарапайым халық мүддесі тұрғысынан қорды сақтау қажеттігін айтты. Өйткені, өздері қиналып отырған ауылдағы ұсақ шаруалар мен зәру адамдар қаржы көзінен мүлдемге қағылу қаупі басым.
Ауылда микро-бизнесті дамытудың басты аспектісі тұтыну және қызмет көрсету кооперативтерін құру. Халықаралық тәжірибеде бұл кооперативтер өнімді өңдеу, өткізуге көмектесу, ветеринария, мал азығын дайындау бойынша қызмет көрсету, жаңа технология, жаңа тұқымдар жөнінде білім таратумен айналысады. Осындай кооперативтерді әсіресе шалғай елді мекендерде құру өте өзекті. Шалғай елді мекендерге арзандатылған микро несие жеткізудің де инфрақұрылымын жасау маңызды. Банкілер мен микрокредит ұйымдары қала жанындағы елді мекендерді ғана қамтиды. Алыстағы ауыл арзан несиеге зәру, жеткізетін амал жоқтың қасы,- дейді депутат.