Бір жылда 31 бала терезеден құлаған

Ертіс өңірінде терезеден құлап, жарақат алған балалардың саны жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, былтыр жоғары қабаттардағы терезелерден 31 ұл-қыз құлаған. Өкінішке қарай, үш бала мерт болды. Ал осы жылдың басынан бері бір жағдай тіркелді.

Облыстық балалар ауруханасының травматологі Талғат Қасымбековтің айтуынша, қайғылы оқиғалар әдетте күн жылынып, терезелерді ашу маусымында басталады.

Бес жасқа дейінгі балалардың терезелерден құлап кетуіне ата-аналар жауапты. Бұған көбінесе балалардың қараусыз қалуы себеп. Ғимарат, үй ішіндегі қауіпсіз жағдайдың болмауы да себеп болуы мүмкін. Терезеден құлау бір жарақатпен шектелмейді. Баланың сүйектері сынып, ішкі органдары зақымдануы мүмкін. Бас-ми жарақаттары да болуы ықтимал, - дейді Талғат Қасымбеков.

Мамандардың айтуынша, алдын алу жұмыстары көптеп жүргізілсе де, терезеден құлау жағдайлары жылдан жылға көбейіп жатыр. Зардап шеккендер саны көбейіп келеді. Мәселен, 2020 жылы сегіз бала, ал 2021 жылы 12 бала жарақат алды. Олардың екеуі көз жұмды. Көбінесе 4-8 жас аралығындағы ұл-қыздар жоғары қабаттардан құлайды.

Айта кетейік, профилактикалық шараларды полиция департаменті, білім беру органдарымен бірлесіп жүргізеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: inbusiness.kz
Өзгелердің жаңалығы