Бір жыл Жалағаш ауданы үшін серпінді жобалардың жүзеге асуымен табысты болды - Асқарбек Есжанов
«Күріштің фабрикасы» атанған Жалағаш ауданында барлық салада даму бар. Әсіресе ауылшаруашылығында жарқын жобалар жүзеге асып жатыр. Жылда күріштен мол өнім алып келеді. Сондай-ақ бақша өсіру, көкөніс егуге бетбұрыс байқалады. Өңдеу өнеркәсібі өрлеген. Жол мәселесін де нәтижелі шешкен. Осы шаруаларды ширатып, жүйелі үйлестіріп отырған Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжановпен кездесіп, аз-кез әңгілестік, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
– Асқарбек Темірбекұлы, қазір көктемгі дала жұмыстары қызып жатыр. Диқандардың дайындығы, шаруашылықтардың қарқыны қандай?
– «Көктемнің әр күні – жылға азық» деген, диқандар егін егіп, тұқым сеуіп, осы мезгілдің әр сәтін тиімді пайдаланып жатыр. Әлбетте біздің тараптан қажетті қолдаудың барлығы бар. Жоспарымыз бекітілген.
Жалпы, «күріштің фабрикасы» атанған Жалағаш ауданында асыраушы сала серпінді дамыған, жүйе қалыптасқан. Жылда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Қамбаны қазынаға толтыруда айтарлықтай үлес қосып келеді. Әрине, елдің ынтымағы мен бірлігінің, жанашыр, еңбекқор азаматтардың арқасында жыл сайын халықтың несібесі артып, мол өнім жиналады.
Соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі шаруаларды титықтатып жібергені рас. Бұл облысқа ортақ проблема. Бірақ диқандар да, біз де қол қусырып қарап отырмадық. Қалыптасқан жағдаймен санасуға тура келді. Батыл шешімдер қабылдадық. Суды көп қажет ететін негізгі дақыл күріш көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 1299 гектарға қысқарды. Оның орнына малға азық болатын жоңышқа, жүгері, бидай, арпа дақылдары көбейтілді. Атап айтқанда, жоңышқа 1329 гектар, жүгері 298 гектар, бидай 30 гектар, арпа 12 гектар артық егілді. Сондай-ақ, әртараптандыру бағытында алғаш рет 73 гектар қант құмайы, 39 гектар соя, 5 гектар сұлы, 2,5 гектар қант қызылшасы егілді.
Өткен жылы егілген дақылдарды ысырапсыз жинап алдық.
Ал биыл биыл 37 052 гектарға егін егу жоспарланып отыр. Соның ішінде 19 800 гектарға күріш егіледі.
Биылға межеленген 750 гектар жаздық бидай, 520 гектар мақсары, 70 гектар арпа, 70 гектар қант құмайы, 64 гектар соя, 5 гектар сұлы, 4850 гектар жаңа жоңышқа дақылдары уақытылы орналастырылды. 7200 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды.
Осы жылғы егінге ауданда 4 950 тонна күріш тұқымы дайындалды. Оның 362 тоннасы «Янтарь», 4 250 тоннасы «Лидер», 278 тоннасы «Маршал», 60 тоннасы «Сыр сұлуы» сорттары.
Жерге сіңірілген дәннің жемісті, өнімді болуы қазір күтім мен тыңайтқыштарға да байланысты екені белгілі. Осы орайда егісті күтіп-баптауға қажетті минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер дайындау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Көктемгі егу жұмыстарына қажетті 10810 тонна минералдық тыңайтқыш толық алынып, 24060 литр гербицидтің 5654 литрі сатып алынды.
«Егін егемін десең алдымен сайманыңды сайла» деген көреген ата-бабаларымыз. Осы ретте көктемгі тіршілікте ауыл шаруашылығы техникалары шешуші рөл атқаратыны белгілі. Биылғы егін егу жұмыстарына қатысатын 887 дана ауыл шаруашылығы техникалары толық жөнделіп, іске қосылды.
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін аудан шаруашылықтары 218,3 млн теңге қаржыға 12 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Егінші-шаруаның еңбегі ерте көктемнен басталады. Жаздың аптап ыстығында кетпенін арқалап, атыздың басында жүретін, өзінің жанкешті еңбегімен күзде елді молшылыққа кенелтетін диқандар қауымының еңбегі қай кезде де, қандай қоғамда да құрметті.
– Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан басшыларына бақша еккісі келетін тұрғындарға жер дайындап беруді тапсырған болатын. Осы жұмысты қалай үйлестіріп жатырсыздар?
– Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес жеке отбасыларға картоп, бақша дақылдарын егу үшін былтыр ауданда 250 гектар жер дайындадық. Жер телімдерін 802 отбасыға үлестірдік. Олар 146 гектар картоп, 8 гектар көкөніс және 96 гектар бақша дақылдарын екті. Өнімдерін уақытылы жинап алды.
Ал биыл ауданнан 500 гектар жер жыртып, қарықтап, дайындадық. Қай елді мекенде, қай аумақта қанша гектар жерге бақша егу болатынын көрсетіп бердік. Су да тегін, техниканы да тегін пайдаланады. Бұл жұмыстар шаруа қожалықтарының демеушілігімен жүргізілді. Тұрғындар тек бақшасын, картобын егіп, күтіп-баптайды. Қазірдің өзінде 641 отбасы дайын жерлерден үлесін алып, еңбек етуге ниет білдіріп отыр. Мамыр айында бәрі іске кіріседі.
Шаруашылықтардың межесі бөлек. Олар 1146 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егеді.
– Жалағаш ауданында суды үнемді пайдалануға бетбұрыс жасалып жатыр екен...
– Иә. Егінді шаруашылығын әртараптандыру, суды үнемдеп пайдалану – басты назарымызда, күн тәртібінен түсірмейміз. Мәселен, өткен жылы тамшылатып суару әдісімен «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 25 гектар картоп, 2,5 гектар қант қызылшасы, 5 гектар сәбіз дақылдарын егіп, жоғары өнімге қол жеткізді. Шаруашылық өсірген картоп, сәбіз өнімдерін облыстың барлық аудандарында арзан бағада тұрғындарға ұсынды.
Биыл да осы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл ретте, айта кететін жақсы жаңалығымыз бар. Қазіргі таңда Жаңадария ауылының адамдары суды үнемдеу үшін, ысырапшылдықты болдырмау үшін полиэтилен жабындысының астына қарбыз егуді қолға алды. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында күре жол бойынан Жаңадария қауынын сатуға арналған арнайы орын әзірленіп, Жанадария қауын-қарбыз брендін қайта жаңғыратын болады.
– Халықпен кездесіп, есеп беріп жүрсіз. Олар қандай мәселелерді жиі көтерді?
– Жол мәселесін. Біз оны аймақ басшысының қолдауымен рет-ретімен оңтайлы шешіп жатырмыз. Былтыр жалпы құны 760,9 миллион теңгеге аудандағы 4 елді мекеннің 16 көшесін күрделі жөндедік. Еңбек ауылында 3 көше, Мырзабай ахун ауылында 2 көше, Жаңадария ауылында 1 көше, Аққыр ауылында 1 көше және М.Шәменов ауылында 9 көше, аудан орталығы Жалағаш кентінде 2 көше жөнделіп, ел игілігіне берілді.
Көпірлерді жөндеу жұмыстарына келсек, Есет батыр ауылы бағытындағы оңтүстік коллектор көпіріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аудандық маңызы бар Бұқарбай батыр ауылына кіреберіс автомобиль жолының 6,3 шақырымы жөндеуден өткізілді. Жаңадария бағытындағы автомобиль жолының 4,5 шақырымы күрделі жөнделді.
Ал Жаңадария бағытындағы автомобиль жолының жөндеу жұмыстарын аяқтауға 196 миллион теңге, Аққыр бағытындағы автомобиль жолын күрделі жөндеуге 664 миллион теңге, Ақсу ауылына кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеуге 76,6 миллион теңге бөлінді. Жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр.
Мұнан бөлек, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жалағаш кентінде 1 көшенің, Еңбек ауылында 3 көшенің, Бұқарбай батыр елді мекенінде 3 көшенің, М.Шәменов елді мекенінде 1 көшенің жөндеу жұмыстарына 558,9 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен қаралған 749,7 миллион теңгеге Дәуімбай елді мекеніндегі 10 көше күрделі жөнделеді.
Жалпы, биыл республикалық, облыстық бюджет есебінен Жалағаш кентінде 11 көше, ауылдарда 21 көше асфальттанады. Қаржысы шешілген. Жоғарыда айттым, жұмыс басталып кетті. Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен бірқатар көшені жөндеу жоспарда бар. Сонлдықтан, облыста жол мәселесін нәтижелі шешіп жатқан аудан екенімізді мақтанышпен айта аламыз.
Сондай-ақ, халықтың талап-тілектерінің ішінде газдандыру, көшелерді жарықтандыру бар. Ауданға «көгілдір отын» келгелі тұрмыста газ тұтынатын жергілікті тұрғындар қатары артты. Мұнан бөлек әлеуметтік нысандарды да көгілдір отынға қосу жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, былтыр 6 бюджеттік және әлеуметтік нысанның жылу жүйелері газға ауысып, бұл мақсатта 135,7 миллион теңге қаралды.
Биыл «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимараттары газға қосылмақ. Бұдан бөлек облыстық бюджеттің нақтылау нәтижесімен Ақсу, М.Шәменов елді мекендеріне газ желісін тарту жұмыстарын бастауға 40 миллион теңге, аудан орталығында орналасқан №123 және №246 мектептерінің жылу жүйелерін газға ауыстыру үшін жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 7,1 миллион теңге бөлінді.
Жалағашта электр желілерін дамыту және жарықтандыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Жалпы құны 286,2 миллион теңгеге М.Шәменов ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолы, Жалағаш кенті, Қаракеткен, Аламесек, Аққұм елді мекендерінің ішкі көшелерін жарықтандыру, «Ақтерек» учаскесін электр желілерімен жабдықтау жұмыстары жүргізілді.
Былтырғы жылы халықпен кездесулер барысында Мырзабай ахун мен Аламесек ауылдық округтерінде ауылдық емхана ғимаратына қатысты мәселені тұрғындар көтерген болатын. Медициналық нысанның жай-күйімен танысып, елге емдік шаралар көрсетуге қолайсыз екенін ескерілді. Биылғы жылы Мырзабай ахун ауылында жалпы құны 431 миллион теңгеге, Есет батыр елді мекенінде 410,1 миллион теңгеге дәрігерлік амбулатория құрылысы салынады.
Сондай-ақ, Жаңаталап пен Қаракеткен елді мекендеріне аяқ су мәселесі тұрғындардың бау-бақша егуіне кедергі болуы осыған дейін бірнеше рет қозғалып келген болатын. Бұл мәселе биыл шешімін тапты. Себебі 2 елді мекенде техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарын жүргізуге 82,6 миллион теңге қаржы қаралды.
Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – Жалағаш кентіндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір құрылысы болатын. Олай дейтініміз, Дәуімбайдағы тұрғындардың кент орталығына қатынауында айтарлықтай кедергі бар. Кенттің қос бетін бөліп тұрған теміржолды кесіп өту тұрғындар үшін аса қауіпті. Бұл мәселе жергілікті халық тарапынан бірнеше рет көтерілген еді. Биыл бұл мәселе де шешімін тауып, облыс бюджетінен бөлінген қаражатқа көпір құрылысы басталатын болады.
Ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да биыл бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Оған жалпы құны 946,6 миллион теңге қаралған. Бұл қаржыға «Ақтерек» учаскесіндегі сумен, газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы, Ақсу, Қаракеткен елді мекендеріндегі электр желілерінің құрылысын жүргізу үшін мердігер мекемелер анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кетті.
– Жалағаш ауданында соңғы бір жылда спортшылар жайлы жағымды жаңалық көбейді. «Алтын дән – 2022» облыстық спартакиадасында командалық есепте үшінші орын алғаны аудан үшін айтулы жетістік болды. Спорттағы серпілістің сыры неде?
– Біздің басты мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту. Ол үшін спорт инфрақұрылымы, материалдық-техникалық база жақсаруы керек. Бұл жағынан қолдан келген көмектің бәрін жасап жатырмыз. Былтыр демеушілер есебінен 5 елді мекенде жалпы құны 42 миллион теңгені құрайтын 6 балалар ойын алаңын пайдалануға бердік. Сондай-ақ, орталық алаңды абаттандыру, Бұқарбай батыр, Аққыр, Аламесек, Мырзабай ахун елді мекендерінде спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Ауданда жалғыз стадион бар, өкінішке қарай, құлазып тұр. Оның да жобалық-сметалық құжаттарын дайындап жатырмыз. Жөндегіміз келеді. Сосын демеушілік есебінен салыған Бодыбай Құлтекенов атындағы бассейн бар, ондағы жаттығу бөлмлерін жасақтауға қаржы бөлдік. «Наркеске» спорт клубының материалдық-мехникалық базасын жақсартуға қолдау көрсеттік. Биыл да осы спорт клубының тынысын ашуды көздеп отырмыз. Одан бөлек, спортшылардың, жаттықтырушылардың жарыстарға қатысуына жағдай жасалуда. Аудан көлемінде спорт сайыстарын көп ұйымдастыруға да тырысып жатырмыз.
Осындай қолдау болғаннан кейін спортшылар арқаланып, рухтанып, додаларда ауданның намысын қорғап жүр. 2022 жылы аудан спортшылары түрлі жарыстарға қатысып, республикалық, Әлем және Азия чемпионаттарында жоғары жетістіктерге қол жеткізді. 8 спортшы «спорт шебері», 54 спортшы «спорт шеберіне үміткер» нормативтерін орындаған.
«Алтын күз – 2022» облыстық ауыл спортшыларының спартакиадасында Жалағаш ауданының спортшылары өзіңіз айтқандай командалық есепте 3 орынды жеңіп алып, ауданның спорт тарихына жаңалық енгізді. Бұдан бөлек, 2022 жылдың қорытындысымен Жалағаш ауданы өзінің спорттық жетістіктерімен облыстық рейтинг бойынша 3 орынды иеленді.
Спорт пен мәдениет – ұлттың рухын көтереді. Сондықтан бұл салаларға әрдайым көңіл бөлеміз.
– Асқарбек Темірбекұлы, осы сәуірде ауданның тізгінін ұстағаныңызға бір жыл толды. Бір белес деуге де болады...
– Уақыт өлшемімен қарасақ, бір жыл дым емес. Рухани өлшеммен алсақ, өзіңіз айтқандай, бір белес. Бір жыл Жалағаш ауданы үшін ірі серпінді жобалардың жүзеге асуымен табысты болды деп айта аламыз. Әрине атқарылған жұмыстарға халық баға береді. Дегенмен өзіміздің алдымызға қойған мақсат-міндеттерді уақытылы, нәтижелі орындап жатқанымызды атап өткеніміз жөн. Халықпен ұдайы кездесіп, талаптарын, ұсыныстарын ескеріп келеміз. Былтыр шілде айында Жалағаш ауданын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспары әзірленді. Оған білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет және спорт салаларын дамыту, жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, жарықтандыру мен абаттандыруға бағытталған жалпы құны 9,3 миллиард теңгені құрайтын 137 жоба енгізілген болатын. Оның ішінде биыл іске асырылуы тиіс 49 жоба бар болса, бүгінде жалпы құны 5 миллиард теңге болатын 32 жоба басталды.
Соңғы бір жылда елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға ден қойып, көркейту-абаттандыру жұмыстарын атқардық. Сондай-ақ, жаңа айтып өткендей, ауылдық округтердегі ішкі көшелердің сапасына ерекше мән бердік. Жалпы, атқарылған жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған.
Былтыр ауданда ауыз су желілерін жүргізу мен жабдықтау, көпірлер мен жол жөндеу, әлеуметтік нысандар құрылысы, газдандыру, көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, абаттандыру жұмыстарын атқаруға бюджеттен 2 миллиард 659 миллион теңге бөлініп, 30 жоба жүзеге асты. Былтыр 3 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізуге 304,6 млн теңге қаржы бөлініп, Жалағаш кентінен 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі, Таң ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды.
Ал 2023 жылы ауданның бекітілген бюджет көлемі 8 миллиард 755 миллион теңгені құраған. Жыл басынан түзету енгізудің нәтижесінде оның көлемі 10 миллиард 263 миллион теңгеге жетті. Оның ішінде субвенция көлемі 3 миллиард 777 миллион теңгені құраса, ауданның жергілікті кірістер көлемі – 2 миллиард 66 миллион, ағымдағы нысаналы трансферт – 2 миллиард 819 миллион, даму трансферттері – 1 миллиард 263 миллион теңге.
Биыл әлеуметтік сала мамандарына тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 139,7 миллион теңге бюджеттік несие бөлінді. Ал аудан бюджетінің шығысында бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталып отыр. Халықты жұмыспен қамту шараларына және әлеуметтік төлемдеріне аудан бюджетінің 33,2 проценті бағытталған.
Ұлттық қор есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына коммуналдық тұрғын үй қорынан 50 тұрғын үй сатып алуға 480 миллион теңге бөлінді.
Ауданның елді мекендерінде абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізіледі. Ол үшін биыл жалпы құны 111,8 миллион теңгені құрайтын 7 жоба іске асады. Оның ішінде мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай Мақпалкөл ауылдық округіндегі қайраткер атындағы саябақты абаттандыру жұмыстары бар. Бұл мақсатқа 67 млн теңге қаралған. Сондай-ақ Таң, Мақпалкөл, Далдабай елді мекендеріндегі балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Елді мекендерде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын полигонды қоршау, аяқ сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілетін болады.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде өсім бар ма?
– Мақтанарлықтай көрсеткіш бар. Бір жылда облыста Жалағаш барлық салада алдыңғы қатардан көрінді. Мәселен, өнеркәсіп өнімдерін өндіру өткен жылдың қорытындысымен 66,7 процент өсіп, 24,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бірінші тоқсанда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнідірілген өнім көлемі 8 есе артып, 9,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен былтыр 100,1 процентке артып, 9,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Биыл 3 айда бұл көрсеткіш 3,6 есеге артып, 3,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Жалағашта негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі былтыр 15 процент артып, 11 миллиард 839 миллион теңге болса, биыл алғашқы тоқсанда 6,2 есе артып, 4,7 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемінде де өсім бар. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың қорытындысымен 26,3 миллиард теңгеге орындалды. Ал 2023 жылдың 3 айында 1,6 миллиард теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 процент артқан.
Былтыр Жалағашта 19 716 шаршы метрді құрайтын 136 тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал биыл 3 айда тағы 4037 шаршы метрді құрайтын 21 тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,2 процент өсім бар.
Бөлшек сауда көлемінің айналымы бойынша да жетістік жоқ емес. 2022 жылы бұл көрсеткіш 3 миллиард 345,2 миллион теңгені құрады. Осылайша меже 2,4 процент артса, биыл 3 айда 714,1 миллион теңге болып, өткен жылдың 3 айымен салыстырғанда 100,9 процентті құрады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 5 миллиард 577 миллион теңгеге орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 10,4 процент артқан. Ал биыл 3 айда 1,3 миллиард теңгеге орындалып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе артқан.
Ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту және кәсіп бастаймын деген азаматтарды қолдау шаралары жалғасуда.
Былтыр ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3084-ке жеткен.
Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны 23,8 процент артқан. Биыл 3 айда кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3189 бірлік болды. Бүгінде оның 96 пайызы нақты жұмыс жасап тұр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28,4 процент артқан.
Жалағаш ауданында бұл саланың тың серпін алуы өңірдегі жұмыссыздық мәселесін тұсауға қолғабыс болып отыр. Мәселен, ауданда бүгінде жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарда 4 643 адам жұмыспен қамтылған.
– Шағын және орта бизнес саласында қандай жаңалық бар?
– Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастағандар, жұмыс жасап тұрған кәсібін әрі қарай дамытуға талаптанған азаматтардың өткен жылы 446 жобасы 3 миллиард 212,9 миллион теңгеге қаржылай қолдау тапты.
Нәтижесінде 462 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 3 айда 54 жоба 840 миллион теңге қаржылай қолдау тауыпты.
Былтыр ауданда «СТ-KZ» сертификатына сәйкес антифриз өндірісі қолға алынған. Жоба құны - 15 миллион теңге. Жеке кәсіпкер Асхат Ермекбаев 2022 жылы «Ұлттық жоба» аясында 5 миллион теңге қайтарымсыз грант және 6 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, тәулігіне 1000 литр антифриз өндіріп, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Жалпы құны 102 миллион теңгені құрайтын «ID Senim» серіктестігінің гемодиализ орталығы ашылып, 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Орталықтың негізгі қызметі диализге және трансплантацияға дейінгі ауқымды қамтиды және бүйрек ауруын емдеуге негізделген.
Биыл «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағында «Сыздық» шаруа қожалығының тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын зауыты өз жұмысын бастады. Зауыт құрылысына мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 2,5 гектар жер телімі табысталған. Қазіргі таңда цехта 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, біраз жылдар бойы тоқтап тұрған «БИС-Групп» серіктестігінің мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, жұмысын бастады. Қазіргі таңда зауытта 20 адам жұмыс істеуде. Алдағы уақытта қосымша 40 адам жұмысқа алынатын болады.
– Учаскелік полицейлер, ауыл әкімдерінің аудан орталығынан қатынап жұмыс істейтіні де өзекті мәселе. Елді мекендегі тірліктің қалыпты жүруіне, тәртіпке кері әсерін тигізеді. Бұл проблема қалай шешіліп жатыр?
– Бізде ауыл әкімдерінен мәселе жоқ. Барлығы өздері қызмет ететін ауылда тұрады. Ал үй-жайы шешілмеген учаскелік полицейлер бар. Аудан бюджетінен 10 елді мекеннің учаскелік полиция инспекторларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 40 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Ол үйлер ауыл әкімдігінің балансында болады.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!