Бір жазба үшін қызметтен кетеді: Мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік желіде нені ескеруі керек?
Мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін жарияланымдар қызметтік тексеруге негіз болуы мүмкін.
Instagram-дағы бір жазба, TikTok-тағы қысқа видео немесе Facebook-тегі эмоцияға толы пікір мемлекеттік қызметші үшін қандай салдарға әкелуі мүмкін? Әлеуметтік желіде жарияланған әрбір сөз жеке пікір болып қала ма, әлде ол мемлекеттік органның беделіне әсер ете ме? BAQ.KZ тілшісі мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желідегі жарияланымдары мен мінез-құлқына қатысты заң талаптарын зерттеп көрді.
Әлеуметтік желі бүгінде адамдардың пікір алмасатын алаңы ғана емес, олардың қоғам алдындағы беделін қалыптастыратын құралға айналды. Егер бірнеше жыл бұрын мемлекеттік қызметшінің қызметтен тыс уақытта айтқан сөзі көпшілікке жете бермесе, қазір бір ғана жазба немесе видео бірнеше минуттың ішінде мыңдаған адамға тарайды.
2026 жылы мемлекеттік қызметте не өзгерді?
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қолданысқа енгізілді. Жаңа құжат мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Заңда мемлекеттік қызметке қабылдау және мансаптық өсу тетіктері қайта қаралып, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен кәсібилігін арттыруға басымдық берілді.
Мемлекеттік қызметші үшін әлеуметтік желі неге ерекше маңызды?
Қарапайым азамат үшін әлеуметтік желідегі пікір көбіне жеке көзқарас ретінде қабылданады. Ал мемлекеттік қызметші үшін жағдай өзгеше.
Өйткені мемлекеттік органда жұмыс істейтін адамның Instagram немесе Facebook парақшасындағы жазбасы көп жағдайда өзі қызмет ететін мекеменің беделімен байланыстырылып жатады. Тіпті жазбада мемлекеттік орган туралы бір ауыз сөз болмаса да, қоғам оны мемлекеттік қызметкердің ұстанымы ретінде қабылдауы мүмкін.
Сондықтан Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметші азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық танытып, мемлекеттік аппараттың беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуы тиіс екені көрсетілген.
Бұл талап тек қабылдау бөлмесіне немесе жұмыс кабинетіне ғана қатысты емес. Ол әлеуметтік желідегі жарияланымдарға да қолданылады.
Жеке парақша шынымен жеке ме?
«Бұл – менің жеке парақшам, не жарияласам да өз еркім» деген пікірді мемлекеттік қызметкерлер жиі айтып жатады. Шынында, Қазақстан Конституциясы әр азаматқа сөз бостандығына кепілдік береді. Мемлекеттік қызметшінің де жеке өмірге қол сұғылмауына, пікір білдіруге және әлеуметтік желі қолдануға құқығы бар. Алайда бұл құқық абсолютті емес.
Егер адамның парақшасы ашық болса, онда жарияланған ақпарат қоғамдық кеңістікке шығады. Оның үстіне мемлекеттік қызметкерлердің көбі әлеуметтік желідегі аккаунтында өзінің жұмыс орны мен лауазымын көрсетеді. Мұндай жағдайда жарияланған пікір жеке көзқарас ретінде емес, мемлекеттік орган өкілінің сөзі ретінде қабылдануы мүмкін.
Сондықтан құқықтық тұрғыдан аккаунттың «жеке» немесе «қызметтік» болуы емес, жарияланған ақпараттың мазмұны мен оның қоғамға әсері маңызды.
Қандай жарияланымдар қызметтік тексеруге себеп болуы мүмкін?
Әлеуметтік желідегі әрбір пікір немесе фото үшін ешкім жауапқа тартылмайды. Алайда заң талаптарын бұзатын немесе мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін жарияланымдар қызметтік тексеруге негіз болуы мүмкін.
Олардың қатарына:
- қызметтік немесе құпия ақпаратты жариялау;
- мемлекеттік органның ішкі құжаттарын тарату;
- азаматтардың жеке деректерін көрсету;
- балағат сөздер мен қорлау;
- жалған ақпарат тарату;
- мемлекеттік қызметшінің мәртебесіне қайшы келетін әрекеттерді насихаттау жатады.
Әрбір жағдай жеке қаралады. Сондықтан әлеуметтік желідегі кез келген дау автоматты түрде жазаға алып келеді деуге болмайды.
Қызметтік құпияны жариялау қандай жауапкершілікке әкеледі?
Мемлекеттік қызметшілер күн сайын түрлі құжаттармен, азаматтардың өтініштерімен, мемлекеттік бағдарламаларға қатысты ақпаратпен жұмыс істейді.
Кейде қызметкерлер жұмыс үстелінде отырып видео түсіреді немесе фото жариялайды. Бірақ кадрға монитордағы құжаттар, азаматтардың жеке мәліметтері немесе әлі жарияланбаған ресми ақпарат түсіп кетуі мүмкін.
Заң бойынша қызметтік пайдалану үшін арналған ақпаратты немесе заңмен қорғалатын мәліметтерді жариялауға болмайды. Егер мұндай әрекет анықталса, мемлекеттік қызметшіге ең алдымен тәртіптік жауапкершілік қолданылады. Ал ақпараттың сипатына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік мәселесі де туындауы мүмкін.
Сондықтан мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтері қызметкерлерге жұмыс орнында фото және видео түсіру кезінде ерекше сақ болуды үнемі ескертеді.
Азаматтардың жеке деректерін жариялауға бола ма?
Кейде мемлекеттік қызметкерлер мәселені түсіндіру үшін азаматтардың өтініштерін немесе құжаттарын әлеуметтік желіде жариялап жатады.
Бірақ Қазақстанның «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңына сәйкес азаматтың жеке мәліметтері оның келісімінсіз жарияланбауы тиіс.
Мысалы: аты-жөні, ЖСН, телефон нөмірі, мекенжайы, денсаулығына қатысты ақпарат.
Осындай мәліметтердің әлеуметтік желіге таралуы азаматтың жеке өміріне қол сұғу болып есептелуі мүмкін.
Егер заң бұзылғаны анықталса, кінәлі тұлға тәртіптік жауапкершілікпен қатар әкімшілік жауапкершілікке де тартылуы ықтимал.
Сондықтан мемлекеттік органдар азаматтардың құжаттарын жариялар алдында олардың жеке деректерін міндетті түрде жабады.
Әлеуметтік желіде дөрекі сөйлеуге бола ма?
Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына сын айтатын азаматтар аз емес. Алайда азаматтың дөрекі пікірі мемлекеттік қызметшіге дәл сондай жауап қайтаруға құқық бермейді.
Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметші қандай жағдайда да сыпайылық сақтап, азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуі тиіс.
Егер мемлекеттік қызметші әлеуметтік желіде азаматты қорлап, балағат сөз айтса немесе қызметтік мәртебесін пайдаланып қысым көрсетсе, бұл қызметтік әдепті бұзу ретінде бағалануы мүмкін.
Мұндай жағдайда тәртіптік комиссия мәселені қарап, ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс беру туралы шешім қабылдауы мүмкін.
Ал егер мұндай әрекет мемлекеттік органның беделіне айтарлықтай зиян келтірсе, қызметтен босату мәселесі де қаралады.
Бірақ кез келген жағдайда шешім қызметтік тексеруден кейін ғана қабылданады. Бір ғана әлеуметтік желідегі дау автоматты түрде жұмыстан шығару дегенді білдірмейді.
Лайк пен репост үшін де жауапкершілік болуы мүмкін бе?
Әлеуметтік желіде пайдаланушылардың көбі өз ойын жазбай-ақ, өзгелердің жазбасын бөлісіп немесе лайк басып жатады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер арасында «лайк басқаным немесе репост жасағаным үшін жауап бере аламын ба?» деген сұрақ жиі туындайды.
Заңнамада әрбір лайк немесе жазылым үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Яғни мемлекеттік қызметші белгілі бір парақшаға жазылғаны немесе жарияланымға ұнау белгісін қойғаны үшін автоматты түрде жауапқа тартылмайды.
Алайда мәселе мүлде басқаша болуы мүмкін.
Егер мемлекеттік қызметші қоғамда дүрбелең туғызатын жалған ақпаратты, заңсыз әрекеттерге шақыратын немесе зорлық-зомбылықты, экстремизмді насихаттайтын материалдарды саналы түрде таратып, оның кеңінен таралуына ықпал етсе, бұл әрекетке құқықтық баға беріледі.
Себебі мемлекеттік қызметкердің бөліскен ақпараты қарапайым қолданушының жазбасынан гөрі сенімді ақпарат ретінде қабылдануы мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік қызметші кез келген материалды бөлісер алдында оның қайдан алынғанын, ресми дереккөзге сүйенетінін және қоғамға қандай әсер ететінін тексеруі қажет.
Жалған ақпарат таратса не болады?
Әлеуметтік желіде ең жылдам таралатын ақпараттардың қатарында әлеуметтік төлемдер, салық, мемлекеттік бағдарламалар, төтенше жағдайлар және қауіпсіздікке қатысты хабарламалар бар.
Кей жағдайда мұндай ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шығады.
Егер мемлекеттік қызметші ресми түрде расталмаған мәліметті өз парақшасында жарияласа немесе таратып жіберсе, бұл қоғамда түсінбеушілік пен дүрбелең туғызуы мүмкін.
Мұндай жағдайда ең алдымен жарияланған ақпараттың мазмұны, оның қаншалықты шындыққа сәйкес келетіні және қандай салдарға әкелгені зерттеледі.
Егер жарияланған ақпарат заң талаптарын бұзатыны анықталса, мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Ал ақпараттың сипатына қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік мәселесі де қаралуы мүмкін.
Сондықтан мемлекеттік органдар қызметкерлеріне әлеуметтік желіде ресми түрде жарияланбаған мәліметтерді бөліспеуге кеңес береді.
Саяси пікір білдіруге бола ма?
Қазақстан заңнамасы мемлекеттік қызметтің саяси бейтараптығын сақтауды талап етеді. Бұл мемлекеттік қызметшінің өзінің саяси көзқарасы болмауы керек дегенді білдірмейді. Алайда ол өзінің қызметтік жағдайын белгілі бір партияны, кандидатты немесе қоғамдық қозғалысты қолдау құралы ретінде пайдалана алмайды.
Мысалы, мемлекеттік қызметші қызметтік кабинетінен үгіт жүргізсе, мемлекеттік органның ресурстарын пайдаланса немесе өзінің лауазымын алға тартып саяси пікір білдірсе, бұл заң талаптарына қайшы келуі мүмкін.
Ал жеке парақшадағы пікірге келсек, мұнда әр жағдай жеке бағаланады.
Егер жарияланған жазба мемлекеттік қызметтің бейтараптығына күмән тудырса немесе мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтірсе, тәртіптік комиссия мәселені қарауға құқылы.
Қымбат көлік пен шетелдегі демалысты жариялау заң бұзушылық па?
Соңғы жылдары әлеуметтік желіде мемлекеттік қызметкерлердің қымбат көлікпен, люкс қонақүйде немесе шетелдегі демалыста түскен суреттері қоғамның қызу талқысына түсіп жатады.
Көпшілік мұндай жарияланымдарды көріп, мемлекеттік қызметкердің табысына қатысты сұрақ қояды. Алайда заң тұрғысынан қарағанда, мұндай фотоның өзі ешқандай құқық бұзушылық болып саналмайды.
Адамның заңды табысына сатып алған мүлкі немесе өз қаражатына барған демалысы үшін жауапкершілік көзделмеген.
Бірақ мұндай жарияланым қоғамда күмән туғызып, кейін мемлекеттік қызметкердің табысы мен мүлкіне қатысты тексерудің басталуына себеп болуы мүмкін. Яғни жауапкершілік әлеуметтік желідегі сурет үшін емес, заңсыз табыс немесе сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған жағдайда ғана қаралады.
Бір ғана жазба үшін жұмыстан шығаруы мүмкін бе?
Бұл – мемлекеттік қызметшілерді ғана емес, қарапайым азаматтарды да қызықтыратын сұрақтардың бірі.
Заң бойынша әлеуметтік желідегі бір жарияланым үшін адамды автоматты түрде жұмыстан шығару қарастырылмаған.
Алдымен мемлекеттік орган қызметтік тексеру жүргізеді.
Тексеру барысында:
- жазбаны кім жариялағаны;
- жарияланымның мазмұны;
- оның қанша адамға таралғаны;
- қоғамға қандай әсер еткені;
- мемлекеттік қызметшінің түсініктемесі;
- бұрын тәртіптік жауапкершілікке тартылған-тартылмағаны зерттеледі.
Тек содан кейін ғана шешім қабылданады.
Егер бұзушылық жеңіл деп танылса, қызметкерге ескерту немесе сөгіс берілуі мүмкін.
Ал мемлекеттік қызметтің беделіне айтарлықтай зиян келтіретін, қызметтік әдепті өрескел бұзатын немесе заң талаптарын бұзатын жағдайларда қызметтен босату туралы шешім қабылдануы ықтимал.
Қандай тәртіптік жаза қолданылады?
Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес қызметтік тәртіпті немесе Әдеп кодексінің талаптарын бұзған мемлекеттік қызметшіге бірнеше тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
Олар ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту және заңда көзделген негіздер болған жағдайда қызметтен босату. Алдымен қызметтік тексеру жүргізіліп, мемлекеттік қызметшінің түсініктемесі алынады. Кейбір жағдайларда мәселе Әдеп жөніндегі кеңестің немесе тәртіптік комиссияның қарауына шығарылады.
Егер жарияланған жазбада заң бұзушылық белгілері болса, онда материал құқық қорғау органдарына жолдануы мүмкін.
Жазба өшірілсе, жауапкершілік те жойыла ма?
Көпшілік даулы жазбаны жариялағаннан кейін оны өшіріп тастаса, мәселе шешіледі деп ойлайды.Шын мәнінде олай емес. Интернетке шыққан ақпарат бірнеше секундтың ішінде көшіріліп, скриншот ретінде сақталып немесе басқа платформаларға таралып кетуі мүмкін.
Сондықтан жарияланымды кейін өшіріп тастау оның ешқашан болмағанын білдірмейді. Дегенмен жазбаны өз еркімен өшіру, қатесін мойындау немесе ресми түрде кешірім сұрау тәртіптік тексеру кезінде ескерілетін мән-жайлардың бірі болуы мүмкін.
Бұрын мемлекеттік қызметкердің кәсіби беделі жұмыс нәтижесімен ғана бағаланса, қазір оған әлеуметтік желідегі мәдениеті, пікір білдіру әдебі және ақпаратпен жұмыс істеу жауапкершілігі де қосылды.
Қазақстан заңнамасы мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желі қолдануға тыйым салмайды. Олар да басқа азаматтар сияқты пікір айтуға, фото жариялауға және қоғамдағы мәселелерді талқылауға құқылы. Алайда бұл құқық мемлекеттік қызметтің ерекше мәртебесімен қатар жүреді. Себебі мемлекеттік қызметші жариялаған әрбір сөз, әрбір пікір немесе әрбір видео азаматтардың мемлекеттік органға деген сеніміне ықпал етуі мүмкін.