Бір жасар бала Қарқаралы тауларын бағындырып, Шайтанкөлге шықты

Қарағанды облысында өткен марафонда астаналық бір жасар Алижан анасы Меруертпен бірге 10 шақырымдық таулы бағытты еңсеріп, аты аңызға айналған Шайтанкөлге көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жыл сайын Қарқаралыда өтетін Qarqaraly Bugyly Trail марафоны биыл ерекше әсерлі сәттермен есте қалды. Осы жарысқа қатысқан астаналық Меруерт пен оның бір жасар ұлы Алижан көпшіліктің ықыласына бөленді. Олар 10 шақырымдық күрделі бағытты бірге жүріп өтіп, Қарқаралының інжу-маржаны саналатын Шайтанкөлге табан тіреді.

Ей, жігіттер, осыдан кейін отговорка бар ма?, – дейді баламен жүгірген әйелді көрген марафон қатысушысы Ержан Жүсіпов.

Марафонға қатысқан Меруерттің баласын арқасына отырғызып, жарыс жолын толығымен жүріп өткені шынымен де ерлік. Бұл оқиға желі қолданушыларының назарын аударып, ерекше қолдау тапты.

Мықты! Қасиетті Қарқаралы жеріне табаны тиген Алижан балапан үлкен батыр болсын! – деп тілек білдірді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ильяшев.

Тағы бір желі қолданушысы таңданысын жасырмады.

Баласыз Шайтанкөлге әзер шығып жүрсек, баламен екі есе қиын ғой, – дейді желі қолданушысы Айдана Есенханқызы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы