Бір жарым мыңнан астам докторанттың небәрі 38 пайызы диссертация қорғаған
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Еліміздің оқу орындарында білім алып жүрген азаматтардың арасында да докторанттардың үлесі төмен. Мен былтыр докторантураға жыл сайын 5 мың адамға дейін қабылдау туралы тапсырма бердім. Ол үшін тың тәсілдер керек.
PhD-ді ғылыми әлеуеті зор және терең зерттеу жүргізе алатын білім ордалары даярлауға тиіс. Үкімет магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру қажет. Білікті мамандарды іріктеу, даярлау және олардың ғылым саласында қалуына жағдай жасау – өте маңызды мәселе, - деді Президент.
Президент грант санын арттырып, оның құнын көтерген кезде осы мәселеге баса мән беру керектігін айтты.
Алдыңғы жылы бір жарым мыңнан астам докторанттың небәрі 38 пайызы диссертация қорғаған. Олардың жартысына жуығы ғана ғылым саласында қалды. Ғылым докторларын дайындауға орасан зор қаржы жұмсалғанын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де төмен. Бұл мәселені тыңғылықты зерделеп, ахуалды түзеу үшін қажетті шара қабылдауды тапсырамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.