"Даудың басы Алпамыстың жылқысы": бір үйір жылқы екі ауылды жанжалдастырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысында 600 бас жылқы шаруаның еккен егінін таптап кетіп, екі ауылдың тұрғындарын жанжалдастырып қойды, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Қыркүйектің 26-сынан 27-сіне қараған түні бір үйір жылқы бидай мен арпа егілген 370 гектар егіс алқапты таптап тастаған.

Егістік иесі Наурызбай Бейсенбаевтың айтуынша, ол осы егістікпен күнін көріп, үлкен отбасын асырап отырған.

Пісіп-жетіліп, енді ораққа түскелі тұрған астықтан 600 бас жылқы таптап кеткеннен кейін тек сабақтары ғана қалған. Енді алқап оруға мүлдем жарамайды. Шаруа төккен тер мен кеткен еңбекті айтпағанда, егістікті егуге жұмсалған қаржы желге ұшқаны ма деп қынжылды.

Кінәлілерді табу үшін ол жылқыларды қамап тастауға мәжбүр болған. 


"Үйірімен таптап өтіп отыр ғой. Осы жерден бастап ар жақ шетке дейін. Енді, міне, бас астықтан қалғаны осы, мүлдем ештеңе қалмады деуге болады. Әдейі істеді деп анық айта алам. Себебі жылқышылар таңертең келгенде жылқыны қай жерден тауып алатынын біліп тұрды", - деді шаруа қожалығының басшысы Наурызбай Бейсенбаев.

Жылқы иелері кешірім сұрап келген. Олармен қоса ауыл ақсақалдары мен шенеуніктері де екіжақты мәмілеге келу үшін еріп келген. Кешірім бермеген соң, олар малды қамап тастау өте қатаң шара екенін, полицияға жүгінетіндерін айтқан.

"Біз осы жылқының арқасында күн көріп отырмыз. Бұл адам я болмаса бала да емес қой. Қашып кетті, біз дұрыс қарай алмадық. Бүгін Наурызбайдан кешірім сұрау үшін ауыл болып келіп отырмыз. Жылқыларымды қайтармайтын болса, тағы да келем. Неге ол менің рұқсатымсыз оларды қамайды? Бір басы кем болатын болса, сол үшін жауап беретін боласың", - дейді Ортақ ауылының тұрғыны Алпамыс Қожин.

Фермер шығынын өтемей ме деп қорқып осындай шараға барғанын айтты. Ол бұған дейін де шенеуніктер мен полицейлерге шағымданғанын, алайда оның сөзін ешкім елеп-ескермегенін алға тартты.

"Екі ауылдың арасында осындай дау-дамайдың болғанын қаламаймыз. Бүкіл Ортақ ауылының азаматтары бұл кісіден келіп кешірім сұрап тұр. Кінәмізді біліп тұрмыз. Жылқы бағу мәселесі қиын. Жердің тарлығы да қиын болып тұр", - деп түсіндірді Ортақ ауылдық округінің әкімі Мархабия Ерғалиева.

Жылқышылар 200 бас жылқыны Ортақ ауылына қарай айдап қашқан кезде 400-і қуғыншының қолында қалған. Шаруа қожалығының иесі малды ауылға әкеп қамап, полиция шақырмақ.

Енді сот сол түнгі шығынды жылқышылар мойнына ала ма, жоқ па екенін шешетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы