«Бір үй - бір шот»: Жаңа заң жобасында тұрғындардың құқығы қандай болмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Мәжілістен қолдау тауып, Сенатқа жеткен заң жобасын ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев таныстырды.

«Аталған заң жобасы келесі негізгі мәселелерді шешуге бағытталған: «Бір үй - бір бірлестік - бір шот» қағидасы бойынша «мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымның жаңа нысанын құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеу. Ұсынылып отырған принцип әр үйді басқарудың жеке тәсілін қарастырады. Мүлік иелерінің әрбір бірлестігі өздерінің ағымдағы және жинақтаушы шоттарын ашатын болады. Аталған шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтердің тұрғындарға жүктелмеуін және қаржыларының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, тұрғындарға басқару тәсілін, яғни өздерінің басқару органдары немесе басқарушылық компаниялар арқылы таңдау құқығын жасауға мүмкіндік береді», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, басқарушылық компаниялар келісімшарт негізде тартылатын болады.

Екіншіден, кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетігін енгізу ескерілгенін де айта кетті.

«Бұл тұрғындарға қаражаттың түсуін және мақсатты жұмсалуын бақылау арқылы өздерінің үйіне ғана күрделі жөндеуге қаражат жинауға мүмкіндік береді. Күрделі жөндеу жүргізуге қаражат жинақтау және жеңілдетілген қарыз алу механизмі әзірленді», - деді ол. Бұл схемаға жергілікті атқарушы органдар да қатысады, олар басқару органының өтініші бойынша күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылдайды, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді ұйымдастырады, техникалық тексеру және энергия аудитін жүргізеді», - дейді вице-министр.

Аталған заң жобасы Сенаттың бірінші оқылымында мақұлданып, президенттің қол қоюына жіберілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы