Бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтайтын Баянауыл
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Баянауыл таза емдік ауа, жоғары биік тік жартастармен, қалың қарағайлы ормандармен қамтылған керемет сұлу табиғат алаңы. Қазақ жері туралы жылы естеліктер мекені. Ендеше оқырман назарына осы өлкеден фоторепортаж ұсынамыз.
Асан Қайғы Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар екен, тұзы ауыр екен, бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен», - депті.
Қазақстан аумағындағы тұңғыш мемлекеттік ұлттық табиғи саябақ та осында құрылған. Яғни Баянауыл саябағы 1985 жылдан бері Баянауыл тау шатқалының флорасы мен фаунасын сақтауға және жаңартуға бағытталып келеді. Саябақ аумағы - жартылай шөлді ортадағы өзіндік оазис түрінде. Мұнда 6 айрықша көлдер бар, олардың үшеуі - Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр – туристер арасында аймақтарында шипажайлардың, демалыс базаларының, балалар лагерлерінің орналасуына байланысты аса танымал. Сондай-ақ Баянауыл ұлттық саябағында көптеген тарихи орын жетерлік: Кемпіртас, Найзатас және Саймантас жартастарымен, «Жазылған тастармен», әйгілі қазақ жауынгері Жасыбай батырдың қабірімен танымал.
Сансыз көп аңыздар мен нанымдарды, табиғаттың кереметі мен салтанатын бойына сіңірген Баянауыл саябағында кез келген адам, күмәнсіз, күнделікті қалалық әбігерліктен тыныштық іздеп, жаңа күш-қуат жинап алады және ескі уайымдардан арылады.
Бұл өлке елімізге танымал ең алғашқы академик Қаныш Сәтбаевтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, Жүсіпбек Аймауытовтың және әйгілі кинорежиссер Шәкен Аймановтың туған жері.
Баянауылдағы Сәтбаев музейіне тоқталып өтсек...
Қаныш Имантайұлы атақты ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушысы және оның Тұңғыш президенті. Музейдің ішінде Қаныш ағаның туған Айрық жазығының бойындағы Ащы өзенінің жанындағы қыстау көрінісі бірден көзге түседі. Қаныш Сәтбаевтың әкесі – Имантай Сәтбайұлы – өз төңірегінде аса сауатты, бірнеше тілді меңгерген, кезінде би болған кісі. Қаныш ағаның екі анасы болған - туған анасы Әлима және тәрбиелегені Нұрым. Қаныш Сәтбаевтың азан шақырып қойған аты - Ғабдулғани болған. Алайда анасы оны еркелетіп, Ғанышым деп атаған, сөйтіп ел аузында Қаныш болып кеткен.
Музейде ғалымның алғаш оқыған мектебінің макеті бар.
Қаныш Сәтбаевтың екі зайыбы болған. Бірінші зайыбы - Шарипа Смағұлқызы. Екінші зайыбы - Таисия Алексеевна. Шарипадан туған ұлы Мәліш 14 жасында ауырып, қайтыс болады. Екінші некеден туған Арслан да бір жасында дифтерия ауруына шалдығып қайтыс болады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта артынан тек қыздар жағынан тұяғы қалды.
Музейдің ішінде Сәтбаевтың жеке минералды тастар коллекциясын да көруге болады. Ол бала кезінен тастарға қызыққан. Бір күні тастар жинап отырған Ғанышқа үйдегі әке-шешесі «балам, осы тастарды не үшін жинайсың» деп сұраған екен. Жай тастар ғой, дым ерекшелігі жоқ. Сонда жауабы - «бұл тастарды жинаған кезде рахат аламын, тылсым күшке толы» деген екен. Ермегі болып жүрген істің болашақта адамға пайдасын алып келетінін кім білген екен.
Жеке заттарының да арнайы стилаждарда тұрғанын байқауға болады.
Киімдеріне көз шалып өтсек, Қаныш Сәтбаевтың тұқымының ірілігін байқауға болады. Англияға барған кезде ол Англия премьер-министрі Уинстон Черчильмен кездескен әңгіме барысында Сәтбаевқа қойған бірнеше сұрағы бар, соның бірі: «айтыңызшы Сәтбаев мырза, халқыңыз сіз сияқты биік пе?».
Осы сұраққа жауабы «жоқ, менің халқым менен едәуір биік». Оның бойы шамамен 195 см болған екен.
Сәтбаев өте ұқыпты адам болған. Оның ұқыптылығы соншалық, әлі күнге дейін заттарының реңі жақсы сақталған екен.
Атақты мүсінші Евгений Вучетичтің Қаныш Сәтбаевтың көзі тірі кезінде оған сыйлаған оның бет-әлпетінің жалғыз мүсіні де осында бар.
Жеке отырған үстелінің көрінісі.
Музейдің ішінде пайдаланған заттарымен қатар медальдары да тұр.
Мәшһүр Жүсіптің кесенесі
Баянауылдан Мәшһүр-Жүсіп Көпеев ауылына бет алдық. Ұзындығы 18 шақырымға созылған жол күтіп тұрды. Екі сағатта жеттік кесененің басына. Кесененің тұрғызылуына Мәшһүр-Жүсіптің өзі атсалысқан. Дұрысы, тірісінде туысқандарын шақырып, жерлейтін жерін көрсетіп, асын беріп кеткен. Өлетін күнін білген деседі, себебі сол асында «Мен бүгін жетпістің екеуіндемін, мені келіп балталаса да өлмеймін, ал келесі жылы Пайғамбардың өзі келіп қалқаласа да тірі қалмаймын»,- деп қоштасу айтқан.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. «Бес жаста «бісмілла» деп жаздым хатты, Бұл тағдыр жастай маған тиді қатты» деп ақынның өзі айтқандай, 5 жасынан бастап-ақ молдадан хат таныған ол 1870 жылы Хамеретдин хазіреттің медресесінде дәріс алады. Молда бір ғана дін сабағын емес араб, парсы, шағатай тіліндегі кітаптарды да қатты қадағалап оқытады. Кітаптың тек қарасын танытып қоймай, ішкі мазмұн, мән-мағынасына дейін тәптіштеп түсіндіреді. Арабтың, парсының тілін үйретеді. Мәшһүр бір жыл ішінде хат танып, өнер-білімге, әдебиетке құмар болып өседі. Жеті-тоғыз жасында «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» сияқты халық жырларын, шығыс қиссаларын жатқа айтады. Сол себепті де Мәшһүр деген атқа ие болады. «Мәшһүр» арабша белгілі деген мағынаны білдіреді. Медресее оқып жүрген кезінде ол балалардың алды болып, 15 жасынан өлең жаза бастаған.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 1875 жылдан бастап біраз уақыт оқытушы болды. «Дала уәлаяты» газетіне өлеңдері мен мақалаларын жіберіп тұрды. 1887-1890 жылдары Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Бұхара, т.б. қалаларды аралап, Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысты. Осы жылдары түркітанушы ғалым, академик В.Радловпен танысып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинау ісімен айналысты. Жар-жар, аужар, бата, ұлағатты сөздер, ертегі, аңыздар, діни қиссаларды жинап, жариялады. Сонымен бірге «Гүлшат - Шеризат», «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы» сияқты Шығыс дастандары үлгісін және бірнеше тарихи жырларды жинап, хаттады. «Көроғлы», «Ер Көкше», «Сайын батыр» жыр-дастандары мен Бұқар жырау, Шортанбай, Орынбай, Шөже, Жанақ, Сақау секілді ақын-жыраулардың әдеби асыл мұраларын хатқа түсірді. Бұқардан қалған сөз маржанын Мәшһүрге дейін хатқа тұтас түсіруші болмаған еді.
Сонан соң кіре беріс бөлмеге құранын, кітаптарын, ыдыс-аяқтарын, ер-тоқым, ат әбзелдерін, насыбай үккіші мен шақшасын, басқа да өзі тұтынған заттарын сақтауды аманаттайды. Мұнысы олай-бұлай жүрген жолаушылар пайдалансын дегені. Сахара қағидасы бойынша нәрселерді ұқыпты, таза, ретімен пайдалану ләзім.
Ақынның 1907 жылы Қазан қаласында Құсайыновтар баспасынан үш бірдей кітабы жарық көрді. «Хал-ахуал», «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты шығармаларында қазақ халқын өнер-білімге баулу, елде мектеп, медреселер ашу, жер тағдыры, т.б. өзекті мәселелерді көтерді.