Бір топ белсенді «Қаңтар» құқықтық қолдау орталығын құратындарын мәлімдеді

Алматы, BAQ.KZ. Еліміздегі кәсіпкер, заңгер, және саяси белсенділер қайғылы қаңтар оқиғасының құрбандары мен зардап шеккендерге көмектесетін «Қаңтар» құқықтық қолдау орталығын құратындарын мәлімдеді.

Белсенділер қаңтар оқиғасындағы істің ақиқаты анықталмайынша, осы оқиғалардың жазықсыз құрбандарына көмек көрсетілмейінше, тарихымыздың осынау қасіретті бетін жылы жауып қоя алмаймыз, деп отыр.

Біз бейбіт шерулерге қатысып, заң аясында өз наразылықтарын білдіргендерді және осы мүмкіндікті пайдаланып, заңға қайшы әрекеттер мен қылмыстарға барғандарды нақты ажыратып қараймыз. Ондай қылмыскерлерді табу – құқық қорғау органдарының міндеті, ал, біз оларға қол ұшын беруге дайынбыз,-делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ олар бейбіт шерушілерге, қылмыскерлердің қолынан және құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен басқа да адамдарға көмектесетіндерін жеткізді.

Біз Қазақстанның барлық аймақтарында қайғылы қаңтар оқиғасының құрбандары мен зардап шеккендерге көмектесетін «Қаңтар» құқықтық қолдау орталығын құрудамыз. Бұл Орталық мынандай қызметтерді атқарады: азаматтар мен кез-келген қоғамдық ұйымдардан келіп түскен қаңтар оқиғасы салдарынан қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендер туралы ақпаратты жүйелеуге септеседі, қаза болғандардың туыстарына, бейбіт наразылық шерулеріне қатысқаны үшін қудалау нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғандарға, азаптау мен басқа да адам құқықтарын бұзу салдарынан зардап шеккендерге білікті заңгерлік көмек беру шарасын ұйымдастыруға септеседі,-делінген мәлімдемеде.

Аталған белсенділер тобының құрамында Ораз Жандосов, Арманжан байтасов, Ауржан Саин, Райымбек Баталов,  Евгений Жовтис,  Еркін Тәтішев, Бахытжан Төрегожина сынды елге танымал азаматтар бар. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы