19 Қараша 2026, 20:07 Фото: istockphoto.com

Бір шай қасықтан аз: Дәрігерлер күніне қанша тұз тұтынуға болатынын айтты

Мамандар тұздың тәуліктік мөлшерін айтып, оның денсаулыққа әсері туралы ескертті.

Күнделікті дастарханнан табылатын ас тұзын көпшілік мөлшеріне мән бермей пайдаланады. Алайда тұзды шамадан тыс тұтыну қан қысымының жоғарылауына, жүрек-қан тамырлары ауруларына және бүйрек жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Оның үстіне тұз тек үйде әзірленген тағамда емес, дүкен сөрелеріндегі дайын өнімдердің де құрамында кездеседі. Астана қаласының бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева тұзды тұтынудың қауіптері мен оның мөлшерін азайту жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Күніне қанша тұз тұтыну керек?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, ересек адам тәулігіне 5 грамнан аз тұз тұтынуы керек. Бұл – бір шай қасықтан сәл аз мөлшер. Мұнда тек тамақ әзірлегенде қосылатын немесе дайын асқа себілетін тұз ғана емес, дайын өнімдердің құрамындағы тұз да есепке алынады. Кейде адам тағамына қосымша тұз қоспауы мүмкін. Бірақ бұл оның тұзды аз тұтынып жүргенін білдірмейді. Өйткені күнделікті жейтін көптеген өнімнің құрамында тұз бар. Сондықтан тәуліктік мөлшерді есептегенде тек тұзсауытты емес, дастарқанымыздағы барлық тағамды ескеруіміз қажет, – дейді Айгүл Шағалтаева.

«Жасырын тұз» қандай өнімдерде кездеседі?

Тұз шұжықтар мен ысталған ет өнімдерінің, жартылай дайын тағамдар мен фастфудтың құрамында болады. Сондай-ақ нан, ірімшік, консервіленген көкөністер, кетчуп, майонез, соя тұздығы мен сорпа текшелерінде де кездеседі. Бұған қоса, чипсы, тұздалған жаңғақтар мен қытырлақ нанның құрамында да тұз бар. Сондықтан тағамға қосымша тұз сеппесек те, дайын өнімдер арқылы оны артық мөлшерде тұтынуымыз мүмкін. Осыған байланысты азық-түлік сатып алғанда қаптамасында көрсетілген құрамына назар аударып, бірнеше өнімнің тұз мөлшерін салыстырған жөн. Мүмкіндігінше тұзы азырақ түрін таңдауға кеңес береміз, – дейді бас санитарлық дәрігер.

Тұзды көп тұтыну денсаулыққа қалай әсер етеді?

Тұзды шамадан тыс тұтынудың негізгі қауіптерінің бірі – артериялық қан қысымының жоғарылауы. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының, соның ішінде инфаркт пен инсульттің даму қаупін арттырады, – деп ескертті Айгүл Шағалтаева.

Сонымен қатар натрийді көп тұтыну бүйрек ауруларының, остеопороздың және асқазан обырының жоғары қаупімен де байланысты. Сондықтан тұздың мөлшеріне күнделікті мән беру маңызды. Оны шамадан тыс тұтыну денсаулыққа бірқатар қауіп төндіруі мүмкін.

Тұзды тұтынуды қалай азайтуға болады?

Ең алдымен, тамақ әзірлегенде қосылатын тұз мөлшерін біртіндеп азайту керек. Дайын тағамға қайта тұз себу әдетінен де арылған жөн. Тағамның дәмін келтіру үшін көк шөптерді, сарымсақты, түрлі дәмдеуіштер мен лимон шырынын пайдалануға болады, - деді елорданың бас санитар дәрігері.

Сондай-ақ шұжықтарды, тұзды тіскебасарларды, дайын тұздықтар мен тез әзірленетін өнімдерді шектеген дұрыс. Күнделікті ас мәзіріне көкөністер мен жемістерді қосып, аз өңделген өнімдерге басымдық берген жөн. Дүкеннен азық-түлік аларда қаптамасындағы тұз мөлшерін салыстырып, тұзы азырақ өнімді таңдауға кеңес берді.

Ас тұзын пайдаланатын болсаңыз, йодталған түрін таңдаңыз. Дегенмен оның мөлшерін де шектеу қажет. Тұзды аз тұтыну – қан қысымының жоғарылауы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін төмендетудің қарапайым жолдарының бірі, – дейді Айгүл Шағалтаева.