Бүгiн 2026, 10:24 Фото: видеодан алынған кадр

"Бір сәтте бәрі отқа оранды". Щучинскідегі жарылыс куәгері не дейді? 

Шамамен сағат 22:00-де жарқ еткен жарықпен қатар қатты дыбыс естілген.

Щучинскідегі қайғылы жарылысқа куә болған тұрғын сол кеште не болғанын баяндап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға орнына қарама-қарсы орналасқан барда жұмыс істейтін, аты-жөнін атаудан бас тартқан даяшының айтуынша, шамамен сағат 22:00-де жарқ еткен жарықпен қатар қатты дыбыс естілген. Бұл бірден қызметкерлер мен келушілердің назарын аударған.

Барлығы бірден терезеге жүгіріп, не болғанын көрмек болды. Өкінішке қарай, көпшілік оттың күшейіп бара жатқанын көре сала телефонға түсіре бастады. Дегенмен біз шұғыл қызметтерге хабарластық. Жалынның ауқымы сұмдық болды. Ғимараттың ішінен от лапылдап шығып, барған сайын күшейіп жатты. Тұрақтағы бірнеше адам көмекке қарай жүгірді. Біраз уақыттан кейін бізге даяшылардың бірі келді. Ол сол күні демалыста болса да, досымен бірге “Палау орталығында” болған екен. Қандай жағдайға тап болғанын айтып берді, – дейді куәгер.

Куәгердің сөзінше, оның досының жолы сәл болмаған – бет тұсынан күйік алған. Бар менеджері оған күйікке қарсы жақпа май жағып, алғашқы көмек көрсеткен. Сол сәтте ғимарат түгелдей отқа оранған.

Еске салайық, Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан  жеті адам қаза тапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.

26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.

Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.