Бір құбырға байланған экономика: КТК неге Қазақстанның әлсіз тұсын ашты?
Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі экспортқа бір ғана бағытпен шығып отыр. Сол бағыт – Каспий құбыр консорциумы. Соңғы уақытта аталған құбыр маңында болған шабуылдар мен үзілістер Қазақстан экономикасының әлсіз тұсын айқын көрсетті. Бұл – тек техникалық тәуекел емес, стратегиялық мәселе, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы тақырыпта BAQ.KZ тілшісіне эксклюзив сұхбат берген Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов КҚК-ның тұрақсыз жұмысы ұзаққа созылса, оның салдары бюджеттен бастап, валюта нарығына дейін сезілетінін айтады.
Жақсылықовтың сөзінше, Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы осы құбыр арқылы экспортталады. Сондықтан КҚК-дағы әрбір тоқтау немесе шектеу елдің экспорттық табысына тікелей әсер етеді. Ал экспорт қысқарса, бюджет кірісі азаяды, Ұлттық қорға түсетін қаржы кемиді, теңгеге қысым күшейеді.
КҚК-ға балама бар ма деген сұрақ соңғы жылдары жиі айтыла бастады. Алайда Рашид Жақсылықов бұл мәселені иллюзияға айналдырмауға шақырады. Оның айтуынша, Баку–Тбилиси–Жейхан бағыты да, Қытайға шығатын маршрут та КҚК-ны толық алмастыра алмайды. Бірінде өткізу көлемі шектеулі, екіншісінде геосаяси және коммерциялық тәуекелдер жоғары. Теміржол арқылы тасымалдау болса, өзіндік құны тым қымбат.
Қазір мұнай нарығында жаңа кезең басталды. Еуропа нарығында мұнай үшін күрес күшейді. Ресей мұнайының үлесі қысқарған сайын, жаңа жеткізушілерге сұраныс бар. Бірақ бұл нарыққа шығу үшін тек мұнайдың болуы жеткіліксіз. Тұрақты логистика, ұзақмерзімді келісімдер және саяси сенім қажет. Ал Қазақстанның әлемдік мұнай нарығындағы үлесі небәрі 1,5 пайыз ғана. Мұндай көлеммен ірі ойыншылармен тең дәрежеде келіссөз жүргізу оңай емес.
Сұхбат барысында Қазақстанның мұнай қоры мен шетелдік компаниялардың үлесіне де тоқталды. Бүгінде ірі кен орындарындағы негізгі операторлар – шетелдік инвесторлар. Егер экспорттық тәуекелдер күшейе берсе, олар жаңа жобаларға қаржы салуға асықпайды. Бұл өндірістің баяулауына, ал ұзақ мерзімде бюджет түсімінің төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Рашид Жақсылықовтың пікірінше, тығырықтан шығатын жол бар, бірақ ол жеңіл емес. Бұл – жаңа келісімдерге бару, транзиттік қауіпсіздікке нақты кепіл алу және балама бағыттарды саяси емес, экономикалық тұрғыда жүйелі дамыту. Тағы бір құбыр салу – теориялық тұрғыда мүмкін, алайда ол үшін миллиардтаған инвестиция, халықаралық келісім және ұзақ уақыт қажет.
АҚШ-тың қазіргі энергетикалық саясаты да осы процестерге әсер етіп отыр. Вашингтон Еуропаның энергия қауіпсіздігін күшейтуді көздейді, бірақ бұл Қазақстан үшін автоматты түрде жаңа мүмкіндік ашады деген сөз емес. Әр нарық өз шартын қояды.
Қорыта айтқанда, КҚК төңірегіндегі жағдай Қазақстанға бір нәрсені анық көрсетті: мұнай экспорты бір бағытқа байланған ел үшін кез келген геосаяси сілкініс экономикалық соққыға айналуы мүмкін. Ал бұл мәселені шешу үшін уақытша амал емес, ұзақмерзімді стратегиялық шешім қажет.