"Бір қателік ауыр зардапқа әкелуі мүмкін": Тау-кен ісіндегі алып техниканы кімдер тізгіндейді?
Жүкті өзі түсіретін (самосвал) көліктерді күнделікті өмірде көріп жүрміз. Ал биіктігі 2-3 қабатты үймен тең келетін, 40 тоннадан 500 тоннаға дейінгі жүкті көтеретін карьерлік көліктерді көпшілік біле бермейді. Алып жүк көлігі негізінен тау-кен өндірісі мен ірі құрылыс жұмыстарына арналған. BAQ.KZ тілшісі KAZ Minerals-тың Бозшакөл ашық кенішінде жүкті өзі түсіретін карьерлік көлікті (карьерный самосвал) тізгіндеп жүрген Әзізхан Тасқұловпен сұхбаттасты. Бір қызығы бұл кеніште Әзізханның туған інісі Әділхан Тасқұлов та жүкті өзі түсіретін карьерлік көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді.
Әзізхан Тасқұлов жүргізушілікке қалай келгенін айтып берді.
Алғаш рет үлкен техника рөліне әскерде отырдым. 1986 жылы жүргізуші мамандығын таңдап, 1987-1989 жылдары Германиядағы Кеңес әскерлері тобында, арнайы ротада жүргізуші болып жұмыс істедім. Ол кездер мені тәртіпке, жауапкершілікке және кез келген жағдайда техникамен жұмыс істеуге үйретті. Қызметтен кейін мамандығым бойынша жұмысты жалғастырып, бірте-бірте ауыр машиналарды жүргізуге дағдыландым, - деді ол.
Әзізхан Әджіханұлы қарапайым техникамен жұмыс істеуден ауыр карьерлік көлікті басқаруға дейінгі жолды өткенін және жұмыстың қыр-сырын жақсы білетінін жеткізді. Одан осы орайда ауыр жүк көлік жүргізушісіне қандай қасиеттер қажет екенін сұрадық.
Жүкті өзі түсіретін карьерлік көлік жүргізушісінің жұмысы – тек көлік жүргізу емес. Мұнда өте мұқият болу маңызды. Машина үлкен, ауыр және кез келген қателік ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан әр қозғалыс, әр маневр алдын ала ойластырылуы керек. Өз әрекеттеріңді бірнеше қадам алға есеп, жағдайды тез бағалай білуің және эмоцияға ерік бермеуің керек. Сонымен қатар жүргізуші командада жұмыс істей білуі керек және басқа адамдардың жұмысы да, бүкіл процестің қауіпсіздігі де оның әрекеттеріне байланысты екенін түсінуі тиіс, - деді жүргізуші.
Әділхан Тасқұлов Бозшакөлдегі жұмысқа ағасының айтуымен келіп, онымен бір күнде жұмысқа тұрғанын айтты. Ол пандемияға дейін және карантин уақытында ағасымен бір вахтада жұмыс істегенін жеткізді.
Карантинге дейін және карантин кезінде біз бір вахтада жұмыс істедік. Бірге ауысымға шығып, міндеттерді талқылап, жаңалықтармен бөлістік. Үзілісте әзілдесетінбіз. Жаныңда 100% сенетін адам болған кезде, қиын сәттер де, қарапайым жұмыс та бәрі оңай болады. Ағам екеуміз бір-бірімізді артық сөзсіз түсінеміз. Кейде нені қалай істеу керегін түсіну үшін бір көзқарас жеткілікті. Бізде әрқашан бір-бірімізді сақтандырамыз деген жазылмаған ереже бар, - деп бөлісті ол.
Әділхан Әджіханұлы карантиннен кейін вахта кестесі өзгергенімен, ағасының қамқорлығы әлі өзгермегенін айтты.
Мен қазір екінші вахтадамын, ол бірінші вахтада. Бірақ тіпті қатар жұмыс істемей-ақ, ағам менімен әрқашан маңызды ақпаратпен бөліседі. Мысалы, қазір карьердің қандай учаскелері ерекше назар аударуды қажет етеді, қай жерде ерекше сақ болу керек. Мен үшін бұл жай ғана кеңестер емес, бұл отбасында да, жұмыста да қамқорлық көрсету. Осының арқасында мен өзімді сенімді сезінемін және үйде мені алаңдамай күтетінін білемін, - деді ол.
Әділхан Тасқұловтан да жүкті өзі түсіретін карьерлік көлік жүргізушісі үшін ең маңыздысы не екенін сұрадық.
Өте мұқият және ұқыпты болу. Диспетчермен әрдайым байланыста болу керек және ешқандай жағдайда қауіпсіздікті бұзбау керек. Бозшакөлде ауа райы күрт өзгеруі мүмкін, сондықтан үнемі сақ болу маңызды. Ауысым алдында жақсы демалу да маңызды. Рөлде он бір сағат жүру фокус пен төзімділікті қажет етеді. Жалпы тау-кен ісі – шыдамдылық пен күш-жігерді қажет ететін күрделі жұмыс, - деп жауап берді ол.