Бір пәтер бірнеше адамға сатылған: Ақтауда үлескерлер мәселесі қайта көтерілді
Ақтауда «Жақсылық» тұрғын үй кешенінің үлескерлері құрылысты аяқтауды, пәтер кілттерін табыстауды немесе салынған қаражатты қайтаруды талап етіп, жауапты органдарға қайта жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Үлескерлердің айтуынша, олар төрт жыл бұрын 32В шағын ауданында орналасқан «Жақсылық» ТК құрылысына қаражат салған. Алайда бүгінгі күнге дейін нысан толық аяқталмаған, ал салымшылар пәтерлерін ала алмай отыр. Құрылыс салушы – «Global Construction BI».
Үлескерлер құрылыс барысында өрескел заңбұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдейді. Атап айтқанда, бір пәтер бірнеше адамға сатылған. Соның салдарынан жүздеген азамат баспанасыз әрі қаржысынан айырылған. Қазіргі таңда нысанның дайындық деңгейі шамамен 80 пайыз болғанымен, құрылыс жұмыстары іс жүзінде тоқтап тұр.
Жер телімінің иесі құрылысты аяқтап, бірнеше рет сатылған пәтерлер бойынша қаражатты қайтаруға ауызша уәде бергенімен, бес ай бойы нақты шаралар қабылданбаған. Бұл жағдай 252-300 отбасының тағдырына әсер етіп, олардың тұрғын үйге қатысты конституциялық құқығын шектеп отыр. Осыған байланысты үлескерлер «Жақсылық» ТК мәселесін ерекше бақылауға алып, заң аясында нақты шешім қабылдауды талап етуде.
Ақтау қалалық әкімдігі бұл мәселе тұрақты бақылауда екенін хабарлады. Әкімдік мәліметінше, мердігер ұйым басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалуына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Тергеу барысында бір пәтердің бірнеше салымшыға сатылғаны анықталған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Әкімдікте тұрғын үй кешенінің болашақ мәртебесі сот процесі аяқталғаннан кейін белгілі болатынын атап өтті. Проблемалық нысанды аяқтау тетігі ведомствоаралық комиссияда қаралады. Ол үшін тұрғындар тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрып, сот шешімі негізінде аяқталмаған нысан мен жер телімін өз балансына алуы тиіс. Құрылысты аяқтау инвестор тарту немесе уәкілетті ұйым арқылы жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар әкімдік үлестік құрылысқа қаржы салмас бұрын құрылыс компаниясында арнайы рұқсаттың бар-жоғын мұқият тексеру қажеттігін еске салды. Алдын ала брондау, резервтеу немесе инвестициялау шарттары заңсыз болып саналатыны атап өтілді.