Бір парақ қағазға бола 1 млрд теңге желге ұшуы мүмкін
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 1 млрд теңге жұмсалған көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бұзылмақ. Құрылыс жасайтын құжаттарым дұрыс әрі барлық талапқа сай үй салдым деген компания басшысы редакциямызға хабарласып, бұл іске араша болуымызды сұрады.
2021 жылы «Арт Техносс» құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенін салу үшін Наурызбай ауданындағы «Шұғыла» шағын ауданынан 1 га жер телімін сатып алған. Әкімдіктің рұқсатын алып, техникалық талаптарды белгілейтін қажетті құжаттарды жинаған құрылыс салушы жобаны жүзеге асыруға кіріседі. Екі ай ішінде жерасты автотұрақтарын салып, газ бен электр қуатын тартқан. Бұған 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Бірақ архитектура бөлімі сәулет-жоспарлау тапсырмасын бермеген және бұл құрылыс заңсыз деген шешім шығарған.
Осыдан кейін құрылыс компаниясының иесі Мұхтар Абитов бұл жобаға салған ақшасын қайтара алмай сотқа жүгінген. Алайда, сот құрылыс заңсыз деген шешім шығарған. Ал инвестор барлық талаптардың заңды түрде орындалғанына сенімді.
Жоба бойынша аумағы 23 мың шаршы метр болатын 12 қабатты екі үй салыну керек болған. Қазір екі қабаттан тұратын жерасты автотұрағы мен үйдің екі қабаты салынып біткен. Құрылыс алаңына газ, электр қуаты тартылған.
2021 жылдың наурызында үйдің құрылысы басталды, жоспар бойынша желтоқсанда салынып бітуі керек болған. Айына екі қабаттан көтеру көзделді, яғни 12 қабатты үйді алты айда салып бітіруіміз қажет болған. Құрылыс екі ай жүрді, кейін тоқтатып тастады. Алдымен Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының адамдары келіп құрылыс заңсыз деді. Құжаттарымның барлығы орнында, тек Сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) бермей жатқанын айттым. Сол себепті олар маған айыппұл салды. Екі рет 291 мың теңгеден төледім. СЖТ-ны сәулет бөлімі беру керек, солар бермей отыр,-дейді құрылыс компаниясының иесі М.Абитов.
Сәулет басқармасы құрылысты рұқсатсыз салып жатырсыңдар деген уәж айтқан. Бірақ компания оларға 9 рет хат жазып, мардымды жауап ала алмағандарын айтады.
Оларға 9 мәрте хат жаздым. Үнемі «мотивированный отказ» деп жазады. Олар бірінші рет жауап бергенде үйді не үшін салуға болмайтынын, қандай кемшілігім барын нақты көрсету керек еді, соған қарап мен кемшілігімді түзейтін едім. Дегенмен мен барлығын нормативке сай жүргізіп жатырмын,-дейді ол.
Бастапқыда сәулет басқармасы құрылыс компаниясын экономикалық сотқа берген. Алайда сот үй сүрілуге жатпайды деген шешім шығарады. Кейін комапния иесі әкімшілік сотқа иск берген. Олар алдымен СЖТ алу керек, содан кейін эскиздік жұмыстар жүргізілсін деген шешім шығарады.
2021 қараша айында Алматы қаласының жергілікті судьялары аппеляцияда қарады, ол кезде менің пайдама шешіп берді. Бірақ ол шешімді санаулы күн бұрын жоғары сот бұзып, құрылысты заңсыз деп таныды. Мені бұл жайт таңқалдырып отыр, өйткені жергілікті соттар бұл істі екі айдай зерттеп барып шешім шығарған. Ал, бұл істің мән-жайын білмейтін жоғары сот оны 5 минут қарап, заңсыз деп шешім шығарғанын түсіне алмаймын,-дейді құрылыс компаниясының басшысы.
Жоғары сот бұзсын деп шешім шығарған құрылысқа 5 мың куб бетон, мың тонна арматура кеткен екен. Мұхтар Абитов бұл осы жерге қызыққан адамдардың істеп отырғаны ма деп күдіктенеді.
Қазір 1990 жылдардағыдай рейдерлік тартып алу қайта келіп жатқан сияқты. Президент инвесторларға жағдай жасаңдар, қолдау көрсетіңдер деп айтқанымен атқарушы органдар керісінше жасап отыр, тіптен жасағаныңды тартып алып қойып жатыр. Басқаша қалай айтамын? Госактіде бұл жерге көпқабатты үй салуға болатыны көрсетілген. Су тарту, кәріз желісіне қосылу, газ тарту бойынша техникалық шарттары да бар. Электр желісін тартып, трансфомартор қойдым, оған қоса осы маңдағы көшелерді жарықтандырдым. Құрылысқа қатысты Ж-5 деген құжатым да бар. Қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевтың қабылдауына кіргенімде ол кісі құжаттарымның барлығын көріп, «аға, сізде Ж-5 құжаты бар ма?» деп сұрады. Бар деп едім, «Ж-5» болса сізде ешқандай проблема болмау керек» деді. Мұндай талаптардың барлығы орындалғанда архитектура бізге СЖТ-ны міндетті түрде беру керек. Қасымдағы үйде тұратын көршілер құрылысты салуға қарсы емес екендерін білдіретін хатты да жазып берді, олар керісінше бұл жерде балабақша, дәріхана салынатын болды деп қуанып отыр. Бұл жерде тек СЖТ ғана ұстап тұр, оны неліктен бермей жатқанын түсінбедім,-деп налиды М.Абитов.
«Арт Техносс» құрылыс компаниясы бұған дейін қалада бірнеше құрылыс нысандарын тұрғызған. 450 орынды балабақша, мектептер салған, бірақ ол кезде мұндай мәселе болмаған, дейді компания басшысы.
Наурызбай ауданы әкімдігіне ешқандай наразылығым жоқ. Олар бізді инвестор есебінде тіркеді. Олардан ешқандай кедергі жоқ. 2-3 млрд теңге құямын дегенімде әкімдік керісінше қуанды. Бұл үйді тұрғызуға өз ақшамды салып отырмын. 12 қабатты екі үйден 176 пәтер қолданысқа берілу керек еді, оның ішінде 5-6 пәтерін жағдайы нашар, үйі жоқ жандарға берсем деп ниет етіп жүргенмін,-дейді ол.
Құрылыс алаңында 55 адам жұмыс істеген, оларға 380-450 мың теңге көлемінде орташа айлық төленіп келіпті.
Инвесторларға атқарушы органдар тарапынан жасалған қысымдар мен кедергілер мемлекетке қарсы жасалған қылымыс ретінде қаралсын, деген президенттің сөзін алға тартқан М.Абитов «ендігі үмітім мемлекет басшысында» дейді.
Құрылысы жартылай біткен бұл нысан неліктен жарамсыз болып қалды және сәулет-жоспарлау тапсырмасын неге бермеді деген сұрақ бойынша Алматы қаласының әкімдігіне сұрау салған едік. Алдағы уақытта оның жауабын да жариялаймыз.