Бір параққа сыятын бұйрықпен қалай қысқартпақсыздар? – Депутат күріш алқабы туралы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс отырысында депутат Берік Дүйсенбинов Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярға күріш алқабына қатысты сауал жолдады.
Бір ғасырға жуық тарихы бар, аға буынның маңдай терімен суарылған, аштық пен соғыс жылдарында елге талғажау болған, кешегі дағдарыс уақытында ауылдардың тірегі болған «ақ алтынымыз», бүгінде Қазақ елінің «Ақ маржан» брендіне айналған, күріш егетін үш облысты қосқанда бір миллионға жуық азаматтарымызға жұмыс беріп отырған күріш саласының ешқандай ғылыми зерттеусіз, бір параққа сыятын бұйрықпен сіздер қалай үштен бір бөлігін қысқартпақсыздар?! Күріш алқабы, жоғарыда айтылғандай, қысқарса, орта есеппен үш жүз мыңға тарта адам жұмыссыз қалмақшы, олардың жанұясын қалай асырайсыздар? – деді депутат.
Ол Алматы облысының күрішшілерінен келген хатқа сүйенсек, олар күрішті тек табыс табу үшін ғана емес, туған жерлерінің шөлге, тұзға айналмауы үшін экологиялық мақсатта егіп отырғанын айтты.
Биыл қатты қуаңшылық болып, Сыр елінде, Түркістан мен Алматы облысының шөлейт аудандарында малға жем-шөп болып отырған да күріштің арқасында су ішкен күрмек шөп пен күріштің сабаны, яғни, күріш егілмесе, мал да азықсыз қалатын еді. Біздің құзыретті мемлекеттік органдар судың тапшылығын тек қана егістік алқапты қысқартудан ғана емес, Іле мен Дарияның, Жайық пен Ертістің басында отырған көршілерімізден және суды үнемді пайдаланудың заманауи технологиясын қолданудан іздеу керек, - деп айтты Берік Дүйсенбинов.
Ол Үкімет мүшесіне төмендегідей сұрақтар жолдады:
1. Болашақта еліміздің экономикасында күріш саласы бола ма, жоқ па?
2. Егер күріш өндірісі сақталып, су каналдарын, инженерлік дренажды жүйені қалпына келтіру жұмыстары басталса, осы жүйені болашақта өздері пайдаланатын диқандардың өзін жұмысқа тартуды жоспарлап отырсыздар ма?
3. Ал енді күріш алқаптары қысқартылса, жұмыссыз қалған жоғарғы деңгейлі мамандарды басқа салаға, басқа кәсіппен айналысуға, мысалы, мал шаруашылығына бейімдеу қарастырылған ба?
Олай болса, қысқы мерзімді пайдаланып, оларды қайта оқытып, көктемге қарай жаңа дақыл тұқымымен немесе аналық мал басымен қамту мүмкіндігі бола ма?
4. Егер жоғарыда айтылған мәселелер шешілмесе, сарапшылардың пайымдауынша, үш жүз мыңға жуық азаматымыз жұмыссыз қалу қаупі бар. Бұл азаматтарымыздың көпшілігі қалаға келері сөзсіз, ауыл отасылары көпбалалы, оларды мектеппен, баспанамен, жұмыспен қамтуға дайынсыздар ма?! Әлде, кешегі ауылдың еңбекқор адамдары Үкіметке қол жайып, көмек сұрап, жастары базарларда арба сүйреуге мәжбүр болмай ма?
5. Егістік алқаптары бос қалатын болса, жердің деградациясына қарсы қабылданған экологиялық кешенді шараларыңыз бар ма? Егер жоқ болса, шұғыл түрде қарастыру қажет.
Ал деградацияға қарсы шаралар жүргізілетін болса, бұрынғы астық алқаптарын абаттандыру, мысалы, сексеуіл егу сияқты жұмыстарға тағы да жергілікті азаматтарды тарту аса маңызды деп санаймыз, - деді депутат.