Бір палаталы Парламенттен не күтеміз? – сарапшы жауап берді
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Жанар Санхаева бір палаталы Парламенттен не күтуге болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бір палаталы Парламент заң шығару процесін анағұрлым ашық әрі жауапты етеді. Яғни сайлаушылар депутаттардың заң жобалары үшін қандай жауапкершілік арқалайтынын, қалай дауыс беретінін біліп отырады. Сондай-ақ олар өздерінің нақты депутаттарын және белгілі бір норманы ұсынған әрі қолдаған партияны анық көре алады, – деді ол.
Сондай-ақ Жанар Санхаева бір палаталы Парламент партиялық жүйені нығайтуға жағдай жасайтынын жеткізді.
Бұл Парламентті кәсібилендіру үшін қажет. Өйткені заң шығару үдерісіне шынымен де кәсіби саясаткерлер қатысуы тиіс. Олар праймериз арқылы, ішкі талқылаулардан өтіп, мықты мектептен өткен адамдар болуы керек, – деді сарапшы.
Жанар Санхаева шешім қабылдау жеделдігін арттыру да маңызды екенін атады.
Әлем тез өзгеріп жатыр. Енді заң жобалары цифрландыруды кеңінен енгізу мүмкіндіктеріне сәйкестігі тұрғысынан да тексерілетін болады. Бұл еңбек нарығына да, денсаулық сақтау саласына да қатысты. Мұның барлығы депутаттардың иығына жүктеледі. Сондықтан мұнда шешім қабылдау жылдамдығы шешуші рөл атқарады, – деді ол.