Бір Отан, бір жүрек, бір тілек: Алматы театрларының әртістері ұлттық мерекеге үн қосты
Алматы қаласындағы алты театрдың әртістері Республика күніне орай ұйымдастырылған патриоттық музыкалық жобаға қатысты. Өнер иелері ортақ сахнада бас қосып, Отанға деген сүйіспеншілік пен ел бірлігін дәріптеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жоба ел тарихындағы маңызды күндердің бірі – Республика күніне арналды.
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған тарихи құжаттардың бірі саналады. Бұл күн елдің тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамын айқындады.
Бүгінде Республика күні – қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын ұлттық мереке. Оның негізгі мәні – бейбітшілік, келісім, бірлік пен Отанға деген сүйіспеншілікті нығайту.
Өнер мен мәдениеттің сан алуандығына қарамастан, елге деген құрмет пен туған жерге деген махаббат барша қазақстандыққа ортақ. Осы құндылықтарды дәріптеген патриоттық музыкалық жоба өнер арқылы қоғамның бірлігін көрсетуді мақсат етеді. Республика күні құтты болсын! Елімізде бейбітшілік пен келісім нығайып, Қазақстанның мерейі үстем, болашағы жарқын болсын! – делінген ведомство ақпаратында.