Бір мұғалім физика, әдебиет, музыканы оқытады. Депутат ауыл мектептерінің жағдайы туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев ауыл мектептерінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы оқытатын жағдайлар бар екенін айтты.
Ақылбек Күрішбаев бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Қазақстанда азаматтардың табыстары бойынша өте көп айырмашылық бар. Пандемия, экономикалық дағдарыс және инфляция халықтың аз қамтылған топтарын одан әрі кедейшілікке алып келді. Ал табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың үлесі қалаға қарағанда ауылдық жерлерде 2,5 есеге көп. Бірақ мұндай әлеуметтік ахуал еліміздің болашақ ұрпағына әсер етпеуі тиіс, - деді сенатор.
Депутат жастар өз отбасыларының материалдық жағдайына қарамастан лайықты білім алуы керігін айтты.
Жыл сайын елімізде 150 мыңнан астам оқушы орта мектепті бітіреді. Олардың шамамен 74 мыңы, яғни жартысы ауыл тұрғындары. Ауыл балаларының табиғатынан дарынды болатынын, олардың үлкен еңбекқорлықпен, ерекше патриотизм сезімі өзгешелендіріп тұратынын айтқым келеді. Өкінішке қарай, аз қамтылған отбасылардан шыққан көптеген дарынды бала жоғары білім ала алмауда, - деп толықтырды депутат Ақылбек Күрішбаев.
Айтуынша, мұның себептері ауыл мектептерінің мәселесімен байланысты. Ауылдық жерде педагогтардың тапшылығы 2 100-ден асады. Бұл республиканың педагог кадрларға қажеттілігінің 60%-ы.
Ауыл мектептерінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы оқытатын жағдайлар бар. Қала мен ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы салыстыруға келмейді. Былтыр ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға қатысқандардың бірде-біреуі «интернет жақсы жұмыс істейді» деп жауап берген жоқ. Елімізде 22 ауылдық ауданда колледждер жоқ. Көптеген ауыл баласы мектептерде алған білімдерінің төмендігіне байланысты мемлекеттік гранттарды ала алмай отыр. Ал олардың ақылы оқуға мүмкіндігі жете бермейді, - деп айтты Күрішбаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы