Бір миллионнан астам қазақстандық криптовалюта саудасымен айналысады

Бұл туралы бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында депутат Сергей Карплюк мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, халықаралық криптобиржаға бір миллионнан астам отандастарымыз тіркелген. Деректерге сәйкес, цифрлық майнинг саласы өте жылдам қарқынмен дамып келеді. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, халықаралық криптобиржаларда криптовалюта саудасына кем дегенде бір миллион қазақстандық азамат қатысады. 

Осы орайда криптовалютамен байланысты барлық операциялар Қазақстанның құқықтық өрісінен тыс жасалады. Криптовалюта нарығындағы ашықтық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында криптовалюта сатып алу мен сату бойынша келісімшарт жасаудың құқықтық талаптарын қамту ұсынылады. Шын мәнінде, цифрлық майнинг бүгінгі таңда жоғары табыс әкелетін қызмет түрі ретінде қабылданып жүр. Алайда қазіргі таңда қазақстандық майнерлер шетелдік пулда күш біріктіріп отыр. Осыған байланысты құзыретті органдар цифрлық майнерлердің нақты табысын дөп басып айта алмайды, - деп атап өтті сенатор. 

Сонымен қатар депутат майнерлердің қанша табыс табатынын заң аясында білуге болады деп отыр.  

Сондай-ақ заңда 2024 жылдан бастап елдегі майнерлер «Астана» халықаралық сауда орталығы аумағында тіркелген биржаларда өндірілген криптовалютаның жартысын сатуға міндеттейтін норма қамтылған. 2025 жылдан бастап бұл көлем 75 пайызға дейін ұлғаяды. Осылайша, норма АХҚО биржаларының тиімділігін арттыруға жол ашады, - деді Сергей Карплюк.

Еске сала кетейік, бүгін Сенат цифрлық майнингке қатысты заңды Мәжіліске қайтарғаны туралы жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы