Бір күннің ішінде бәрі шешіліп кетпейді – Тоғжанов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан KIOSH-2022 Х қазақстандық халықаралық конференциясында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов еңбекті қорғаудың және әлеуметтік саясаттың маңызы артып келе жатқанын айтты.
Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген ең маңызды сұрақтардың бірі. Сондықтан халықаралық конференцияның өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Қазір өндіріс саласында күрделі өзгерістер болып жатыр. Цифрализация кезеңі келді. Көптеген ірі кәсіпорындар цифрландыруға көшу жолдарын қарастырып жатыр. Бір күннің ішінде бәрі шешіліп кетпейді. Бірақ шамамыз келгенше, уақыттың, халықаралық стандарттардың талабына сәйкес осы мәселелерді бірге шешуіміз керек, – деді Ералы Тоғжанов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) Iteca қазақстандық көрме компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға Кәсіподақтар федерациясының өкілдері, еліміздің ірі жұмыс берушілері, еңбекті қорғау саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
Көрмені аралап шықтық. 35-тен аса ірі компания көрмеге келіп қатысқан екен. Сол компаниялардың өкілдеріне рақметімді айтамын. Мені қуантқан дүние біздің елде көптеген шетелдік компанияны елімізге алып келіп, осы жерден өндіріс орындарын ашып жатқанына қуаныштымын. Өз қолымызбен, өз елімізде, өз жерімізде азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа талаптарға сәйкес дүниелерді шығарып, жұмыскерлерімізге жеткізіп жатсақ, бұл – үлкен жетістік, – деді Премьер-министр орынбасары.
Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов Қазақстанда денсаулық сақтау саласы бойынша «Дені сау ұлт» деген бағдарлама дайындалып жатқанын айтты.
Ол бағдарлама 2023 жылдан бастап күшіне енеді және ел бюджетінің 300 млрд теңге қаржысын үнемдеуге сеп болады деп хабарлады.
ВИДЕО: Раушан НҰРҒАЛИЕВА