Бір күннің ішінде Алматыда 7 мыңдай ағаш отырғызылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Jasyl Meken» жалпықалалық акциясының шеңберінде бір күннің ішінде Алматы қаласында жеті мыңдай ағаш отырғызылды, деп хабарлады Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы.

Отырғызылған ағаштардың ішінде: шаған, қайың, жөке ағашы, емен, шегіршін, акация, шырша және басқа да ағаштың түрлері бар. 



"Бұл ағаш түрлерінің көбісі таулы жерлерде жақсы өніп кетеді жəне көп күтіп баптауды қажет ете бермейді. Бастысы бұл ағаштар қаланың атмосферасын оттегімен қанықтырады. Отырғызылған ағаштар қаламыздың көшелері мен саябақтарына көрік берді", - деді «Jasyl Meken» акциясына қатысушылар.
 


Қалалық акцияға 120 мыңнан астам адам қатысты, оның ішінде қала тұрғындары, қоғамдық жəне жастар ұйымдары өкілдері,  Алматы қалалық  «Nur Otan» партиясы филиалының мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, заңды тұлғалар, ПИК, ЖҮТК және қала жастары атсалысты.

Ағаш егумен қатар аудандарда: көшелерді, аула аумақтарын, жалпы пайдаланудағы жерлерді, арықтарды, сондай-ақ өзен арналары мен жағалауларын санитариялық тазалау жұмыстары жүргізілді.



Жиналған қоқыстарды шығару үшін коммуналдық қызметтер мен ұйымдардың 900-дей арнайы техникасы жұмылдырылды. 

Акция шеңберінде Диваев көшесінен Одесская көшесіне дейінгі Шығыс айналма автомобиль жолының бойына 557 ағаш отырғызылды, соның ішінде 100 емен ағашы, 175 жөке ағашы, 100 церцис, 75 катальпа, 25 қайың жəне 82 шырша бар. 

Жалпы, жазға дейін Алматыда 12 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы