18 Тамыз 2026, 15:32 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

«Бір күнде бақылаушы бола аласыз». Алматыдағы барлық сайлау учаскесін бақылаушылар қамтымақ

Алматыда бақылаушыларды дайындау жұмысы әлі де жүріп жатыр.

18 тамыз күні Қоғамдық коммуникациялар орталығында «Дауыс» тәуелсіз бақылаушылар коалициясының брифингі өтті. Жиын барысында бақылаушыларды даярлау жұмыстары, оқу бағдарламасының мазмұны және олардың сайлау учаскелеріндегі қызметке дайындығы туралы айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының жетекшісі Диана Малаеваның айтуынша, бақылаушыларды даярлау жұмыстары төрт апта бойы жүргізілген.

Сайлауға бір аптадай уақыт қалды. Біз толық дайынбыз. Жалпы алғанда 6 мың бақылаушы дайындалды. Коалиция барлық сайлау учаскелерін тұрақты бақылаушылармен қамтуды жоспарлап отыр. Олардың арасында бұған дейін 2-3 рет бақылаушы болған тәжірибелі азаматтар жеткілікті. Сонымен қатар бақылаушы болуға ниет білдірген жастар арасынан іріктеу жүргізіледі, – деді ол.

Спикердің сөзінше, оқыту бағдарламасы екі жоғары оқу орнының базасында ұйымдастырылған. Дайындық барысында бақылаушылар сайлау комиссияларының жұмысымен танысып, учаскелерді аралаған. Сондай-ақ олардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен халықтың түрлі санаттары үшін қаншалықты қолжетімді екеніне назар аударылған.

Диана Малаева бақылаушылардың басты міндеті сайлау күні дауыс беру процесінің заң талаптарына сай өтуін бақылау екенін атап өтті.

Бақылаушы учаскеге ашылу сәтіне дейін келуі тиіс. Ол учаскенің дұрыс рәсімделгенін, дауыс беруді бастауға дайын екенін тексеріп, барлық жайтты тіркейді. Күні бойы оның міндеті – дауыс беру процесін бақылау. Егер қандай да бір заң бұзушылықты байқаса, оны дереу тіркейді, – деді филиал жетекшісі.

Оның айтуынша, бақылаушылар арнайы дәптерлерге барлық деректі жазып отырады. Қажет болған жағдайда заң бұзушылық фактісі бойынша акт толтырып, оны сайлау комиссиясының өкілдеріне ұсына алады.

Сондай-ақ бақылаушылар дауыс беру құпиясының сақталуына да мән береді. Мысалы, бірнеше адамның бірге дауыс беру кабинасына кіруі немесе сайлау учаскесінде заңнамаға қайшы әрекеттердің жасалуы тіркеледі.

Қазір сайлау заңнамасында бірқатар өзгерістер бар. Бұрын адамдар сайлау учаскесінде суретке түсіп, оны жариялай алатын болса, енді мұндай әрекеттер кей жағдайда үгіт-насихат ретінде бағалануы мүмкін. Сондықтан бақылаушылар осындай жайттардың барлығын бақылап, тиісті тәртіппен хабарлап отырады, – деді Диана Малаева.

«Ер азамат» қоғамдық коалициясының өкілі Алина Канның сөзінше, Алматыда тәуелсіз бақылаушыларды оқыту жалғасып жатыр. 

Бүгінгі таңда «Дауыс» коалициясы күніне 300-700 адамды оқыптып жатыр. Бір күнде бақылаушы бола аласыз. Осы жолы оқу форматын кішкене өзгерттік. Біз үшін бастысы оқытып қана қоймай, бақылаушы өзінің міндеттерін және құқығын білуі қажет. Оқуды теория жүзінде ғана емес, практикалық тұрғыда да өткіземіз. Сайлауда болатын неше түұрлі жағдай арқылы шешімін табуды анықтаймыз. Оқу әлі де жалғасып жатыр. Тәуелсіз бақылаушы болғыңыз келсе, бізге хабарласып, оқудан өтіп, бақылаушы бола аласыз, - дейді Алина Кан. 

Еске салайық, 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау өтеді. Құрылтай депутаттары бес жыл мерзімге сайланады. Құрылтай құрамына партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутат кіретін болады. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.