Бір көлікке 30 бала мінгізген: Депутат Жұлдыз Сүлейменоваға сауал қойды
Қазақстанда балаларды балабақшаға, мектепке және спорт секцияларына тасымалдау қауіпсіздігіне қатысты талаптарды күшейту ұсынылды. «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Айжан Наимбекова балаларды тұрақты тасымалдайтын көліктердің бірыңғай тізілімін құруды, жүргізушілер мен алып жүрушілердің жауапкершілігін нақтылауды және мемлекеттік бақылауды күшейтуді сұрады. Бұл туралы депутат үш министрлікке жолдаған сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, балаларды күнделікті тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптары мен мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру қажет.
Депутаттық сауалда келтірілген мәліметке сәйкес, 2025 жылы жол-көлік оқиғаларынан 285 бала қаза тауып, 12 409 бала жарақат алған. Ал 2026 жылдың басынан бері жол апатынан 200-ден астам бала көз жұмғаны айтылған.
Сауалда балаларды тасымалдау кезінде болған бірнеше қайғылы оқиға да мысал ретінде келтірілген. 2023 жылғы қазанда Түркістан қаласында жеке балабақшаның тәрбиеленушілерін тасымалдаған жүргізуші бес жастағы баланы үйінің жанында түсіріп, кейін оны байқамай көлікпен қағып кеткен. Бала оқиға орнында қаза тапқан.
2024 жылғы тамызда Ақтөбе облысында жарысқа бара жатқан бес бала, ал 2026 жылғы сәуірде Түркістан облысында тағы үш бала жол апатынан көз жұмған. Депутаттың мәліметінше, екі жағдайда да сапар туралы құзырлы органдарға алдын ала хабарланбаған.
Сонымен қатар 2026 жылы полиция тексерген үш мыңнан астам мектеп автобусының шамамен 400-інен техникалық ақау анықталған.
Депутат қараша айының басында әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшаның 12 орындық көлігіне 30-дан астам бала отырғызылғаны туралы ақпарат тарағанын да атап өтті. Егер бұл ақпарат расталса, балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төнгенін білдіреді.
Депутаттар қандай өзгерістер ұсынады?
Айжан Наимбекова балаларды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төрт бағыт бойынша шешім қабылдау қажеттігін айтты.
Біріншіден, балаларды көлікке отырғызу, түсіру және ата-анасына табыстау тәртібін заң жүзінде бекіту ұсынылды.
Екіншіден, балаларды тұрақты тасымалдайтын көлік құралдарының бірыңғай тізілімін құру қажет.
Үшіншіден, жауапты министрліктердің құзыреті мен міндеттерін нақтылау көзделеді.
Төртіншіден, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жұмыс істейтін жекеменшік ұйымдарға да міндетті қауіпсіздік талаптарын енгізу ұсынылды.
Осыған байланысты депутат Оқу-ағарту, Ішкі істер және Көлік министрліктерінен автомобиль көлігі саласындағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізуді, балаларды тасымалдау қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды күшейтуді сұрады.
Сондай-ақ жүргізушілер мен балаларды алып жүруге жауапты тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан нақтылау, жол-көлік оқиғаларын жеке есепке алу және талдау жүйесін енгізу ұсынылды.
Депутат министрліктерден өзара іс-қимыл тәртібін, ақпарат алмасу тетіктерін және ұсынылған шараларды орындау мерзімдерін айқындауды сұрады.
Біз бұл мәселені жаңа талаптарды көбейту үшін емес, балалардың өмірін сақтау үшін көтеріп отырмыз. Әрбір баланың өмірі бірдей құнды! Баланың қауіпсіздігі ұйымның мемлекеттік немесе жекеменшік болуына, тасымалдың ақылы не тегін болуына байланысты болмауға тиіс, – деді Айжан Наимбекова.