10 Тамыз 2026, 14:51 Фото: e-qazyna.kz

Бір келісі – 2600 доллар: Алматыда киік мүйіздері аукционға қойылды

Қазіргі уақытта киіздер Алматының Түрксіб ауданында сақтаулы тұр.

Алматыда киік мүйіздерінің ірі партиясы электронды сауда алаңына қойылды. Аукционға жалпы салмағы 1 тонна киік мүйізі шығарылып, оның бастапқы бағасы 1 млрд 227 млн 148 мың теңге болып белгіленген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сауда туралы ақпарат e-qazyna.kz порталында жарияланған. Сайттағы мәліметке сәйкес, өтінім қабылдау мерзімі 2026 жылғы 21 тамыз күні сағат 09:55-ке дейін, ал сауда-саттықтың басталуы сол күні сағат 10:00-ге жоспарланған. Қатысушылардан 184 млн теңгеден астам кепілдік жарна талап етіледі.

Лот сипаттамасында сатылымға қойылған нысанның киік мүйіздері екені және олардың орташа ұзындығы шамамен 25 сантиметр екені көрсетілген. Қазіргі уақытта киік мүйіздері Алматы қаласы Түрксіб ауданында сақтаулы тұр.

Сатушы ретінде «Жасыл даму» АҚ көрсетілген. Ал мүліктің теңгерім ұстаушысы – Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Өндірістік бірлестік «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың 2026 жылғы 30 шілдедегі бұйрығына сәйкес, «Жасыл даму» АҚ-ға киік мүйіздерінің туындыларын (дериваттарын) 1 тонна көлемінде сатуға рұқсат берілген.

Құжатта киік мүйізінің бір келісінің бағасы 2600 АҚШ долларының баламасы мөлшерінде белгіленген.

Айта кетейік, киік мүйізі дәстүрлі шығыс медицинасында жоғары сұранысқа ие өнімдердің бірі саналады. Қазақстан билігі соңғы жылдары киік популяциясының көбеюіне байланысты олардың мүйіздерін заңды айналымға шығару мәселесін бірнеше рет көтерген болатын.