Бірқатар өңірдегі Ішкі істер саласының басшылары қатаң сөгіс алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрі аумақтық полиция департаменттері мен бейінді қызметтердің бастықтарымен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстардың, сондай-ақ жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша кеңес өткізді.

Ерлан Тұрғымбаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және кәмелетке толмағандарға қатысты, оның ішінде пайдакүнемдік-зорлық-зомбылық және жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы жұмыста бірқатар өңірлік департаменттердің жұмысында орын алған елеулі кемшіліктер мен олқылықтарды атап өтті.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің басшылары сынға түсті.

Кеңес қорытындысы бойынша бірқатар басшылар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескертілді.

Ақтөбе облысы Полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстановқа қатаң сөгіс жарияланды.

Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Ұрымхановқа бұрын қатаң сөгіс жарияланған болатын.

Тараз қалалық Полиция басқармасының бастығы А. Мадимарова атқарып отырған қызметінен босатылды.

Сонымен қатар, мектеп инспекторы ішкі істер органдарынан босатылды, Тараз қалалық Полиция басқармасы қызметтерінің басшылары жазаланды.

Барлық өңірлік басшыларға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қордаланған проблемалық мәселелерді мұқият талдау және шешу тапсырылды.

Олардың ішінде учаскелік және мектеп полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыруды, олардың білім беру органдарымен және әкімдіктермен өзара іс-қимылын өзгерту, мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күзет ұйымдарын тарту мәселелері аталды.

Полицияны бағалаудың негізгі индикаторларының бірі кәмелетке толмағандардың қылмыстық қол сұғушылықтан қорғалу деңгейі болып табылатынына аумақтық департаменттер басшыларының назарын аударамын. Дәл осыны бізден адамдар күтуде. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттіміз, - деді Е. Тұрғымбаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы