"Бір донор кемі 4 науқастың өмірін құтқарады". Алматыда қан тапсыру акциясы басталды

Алматыда Дүниежүзілік қан доноры күні қарсаңында «Мейірімділік қанымызда!» атты жаппай қан тапсыру акциясы басталды. Ал жиналған қан ақ қан ауруы мен қатерлі ісікке шалдыққан балаларға берілмек, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Акцияға «AMANAT» партиясының мүшелері, қала тұрғындары белсенді ат салысты. Еске салайық, тұрғындардың денсаулығын жақсарту мен өмірін қорғау ісіне өзіндік үлес қосып келе жатқан қалалық қан орталығы тәулік бойы Алматы қаласы мен Алматы облысына қарасты 20-дан астам медициналық ұйымды қанмен қамтамасыз етіп келеді. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекітуімен 2005 жылдың 14 маусымынан бері әлем бойынша жыл сайын «Дүниежүзілік қан доноры» күні атап өтіледі. Сондай-ақ қала әкімінің Қан орталығын құру туралы қаулысы дәл осы 14 маусым күні қабылданған. Сондықтан бұл күнді біздің орталықтың туған күні десек те болады. Соңғы уақытта қан тапсырып, игі іс атқаратын адамдардың қатары көбейді. Бұл дегеніміз азаматтық жауапкершілігінің артуы мен бұқаралық ақпарат құралдарына бұл мәселенің насихатталуы әсер етті дей аламын. Әлеуметтік желілердің дамуы да бұл іске өз үлесін қосты. Жалпы, мемлекет тарапынан қан доноры болған адамдарға 0,25 АЕК көлемінде төленеді, – деді Алматы қалалық Қан орталығының медициналық қызметкері Жолдыбаев Қуаныш. 

Өткен жылы Алматыда қан және оның компоненттері донорларының жалпы саны 17 мыңнан астам адамды құрады, олар 13 мың литрден астам қан тапсырды. Күн сайын қан орталығында 70–100 донор қабылданған.

Қан тапсыру өте сауапты іс. Бүгін әріптестеріммен қан тапсыруға келдім. Өзімді жеңіл әрі жақсы сезініп отырмын. Статистикаға сүйенер болсақ, орта есеппен бір донор кемі төрт науқастың өмірін құтқарады екен. Бүгінгі шараға Наурызбай ауданының барлық тұрғыны қатысып жатыр. Бұл дегеніміз қуанышты жаңалық. Қарап отырсам, жыл сайын қан тапсыратын адамдардың қатары артып келеді. Көбісі жастар мен еріктілер, – дейді «ADANAZ» өндірістік компаниясының негізін қалаушы және директоры Сана Жандай.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы