"Бір белдеу, бір жол": Пандалар қаласында медиа форум өтіп жатыр
Қытайдың Сычуань провинциясының Чэнду қаласында әлем БАҚ-тарының басын біріктірген “Бір белдеу, бір жол” медиа-ынтымақтастығы форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Медиа жиын People's Daily газетінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Форумның негізгі мақсаты - бірге даму үшін БАҚ ынтымақтастығын кеңейту.
People's Daily газеті бас редакторының орынбасары Ху Гуо форумның ашылуында жиынға қатысушыларды құттықтап, “Бір белдеу, бір жол” жаһандық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан халықаралық жобаларды объективті көрсетуде түрлі елдердің медиасы арасындағы ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті.
People's Daily газеті (“Жэньминь жибао”) ұйымдастырған "Бір белдеу, бір жол" медиа ынтымақтастығы форумы 10 жылдан бері медиа саласында өткізіліп келе жатқан ең ірі шаралардың бірі. БАҚ ынтымақтастығын ілгерілету және байланыстарды нығайту мақсатымен форум саясаткерлер, БАҚ мамандары, кәсіпкерлер мен ғалымдар үшін жоғары сапалы диалог пен коммуникация алаңына айналды.
Форумда халықаралық аренадағы БАҚ рөлі, жасанды интеллект дәуіріндегі БАҚ мүмкіндіктері мен сын-қатерлері, жаһандық сын-қатерлер мен БАҚ жауаптары және т.б. сияқты әртүрлі тақырыптар талқыланады.
Еске сала кетейік, форум ұйымдастырушыларының статистикасы бойынша, жиынға 76 ел, 190 БАҚ (қытайлық және шетелдік), 205 шетелдік қонақ биылғы медиа форумға қатысып жатыр. Олардың қатарында BAQ.KZ редакциясы, оған қоса, Қазақпарат, Жібек жолы, dknews.kz, kt.kz және Феникс24 сияқты медиа агенттіктері бар.