Бір айдың ішінде 2 мыңға жуық әйелден қатерлі ісік анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ДСМ штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова хабарлады. Оның айтуынша, елде онкологиялық ауру көрсеткіші көбейіп тұр.
Әсіресе, жыл өткен сайын жатыр мойны обырына шалдыққандаор саны өршіп келеді.
Жыл басталғалы жатыр мойны обырына шалдыққан 1806 жаңа жағдай тіркелді. Жалпы онкологиялық аурулар құрылымында бірінші орында сүт безі обыры 13,9%-ды көрсетіп отыр. Аталған дерт 5 022 адамнан анықталды. Екінші орында – өкпе обыры 3 612 жағдай анықталды. Бұл 10,0%-ды құрайды. Үшінші орында - колоректалды қатерлі ісік 9,1% көрсеткішпен 3 294 жағдайы, төртінші орында – асқазан обыры 7,1%-бен 2 573 жағдай тіркелді, - деп атап өтті еліміздің бас онкологы.
Бір өкініштісі, ауырғандардың жас құрылымының 59,8%-ы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар.
2021 жылы онкологиялық науқастар саны 194 633-ті құрады. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2020 жылы – 190 159 пациентке тең болатын. Бұл дегеніміз дерт 2,3%-ға өршіген, - деді Диляра Қайдарова.