Бір айда тез арықтай алмаймыз – Ұлттық банк басшысы инфляция жайлы

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің неге өзгеріссіз қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Инфляция бойынша мақсат – 5 пайыз, және бұл өзгермеуі керек. Әрине, оған жету жылдамдығы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ мен өзімнің баяндамамда айтып өткен проинфляциялық факторлар көп – бұл тарифтік реформа, баға реформасы, экономикадағы ақша көлемінің артуы, сыртқы баға қысымы және тағы басқа. Мұның бәрі инфляциялық мақсатқа жетуді тежейді. Алайда осы мақсатты өзгерту – біздің ойымызша, мүлде орынсыз әрі кері әсер етеді. Себебі мақсатты неғұрлым жиі өзгертсек, соғұрлым оған сенім азаяды, – дейді Ұлттық банк басшысы.

Ол неге мөлшерлемені сақтау туралы шешім қабылданғаны былай түсіндірді:

Мәселен, мен белгілі бір салмаққа дейін арықтағым келеді делік. Бұл жағдайда мақсатты өзгертуге болмайды. Айталық, мен 10 келіге арықтағым келеді. Кейін: "Жоқ, 5 келі жетеді", – деймін. Артынан тағы: "3 келі болса да болады" деймін. Бұлай әрекет ету дұрыс емес. Мен бұл нәтижеге жарты жылда жетуім мүмкін, сегіз айда немесе тоғыз айда жетуім мүмкін. Бірақ мақсат нақты қалуы керек. Біз инфляцияны – экономикалық өсімге, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына және инвестициялық ортаға сай келетін деңгейге дейін төмендеткіміз келеді. Бұл деңгей – 5 пайыз. Сондықтан біз бұл мақсатты өзгертпейміз. Біз оған нақты ұстанып, барынша жылдам жетуге тырысамыз, – деді Тимур Сүлейменов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық банк
Өзгелердің жаңалығы