Бір айда 50 келіден астам есірткі тәркіленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен аптада Шығыс-Қазақстан және Жамбыл облыстарының полицейлері "Көкнар" операциясын өткізу барысында оңтүстік өңірден еліміздің шығыс бөлігіне марихуана және гашиш жеткізу арнасының жолын кесті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, ұзақ әзірлеме және бірлескен жұмыс нәтижесінде бұрын сотты болмаған Жамбыл  облысының тұрғыны ұсталды. Ол есірткі өткізу үшін басқа өңірлерге марихуана тасымалын  ұйымдастырған. Марихуананы Жамбыл облысы Түймекент ауылында  туысқанының үйінде сақтаған және сол жерде ұсталған.

Санкцияланған жеке басын тінту барысында өткізушінің бойынан екі ұялы телефон және марихуана өткізуден  тапқан 28,5 мың ақша алынды.

Түймекент ауылында  кинологтың қатысуымен және қызметтік іздестіру итін пайдалану арқылы үйді тінту  кезінде шаруашылық үй-жайда салмағы 30 келіден астам  марихуана  және 2,4 келі гашиш алынды. 

Осы облыстың аумағында ұқсас факт анықталды. "Тәтті-Сары-Қобы" тас жолының маңынан Мерке ауданының 49 жасар тумасы  ұсталды, полиция қызметкерлері одан 12 келіден астам  марихуана салынған  бір қап тәркіледі.

Сондай-ақ, Павлодар облысында үйінің кіреберіс орнын тінту барысында жергілікті тұрғыннан  салмағы 71 грамм героині  бар 2 орама табылды.   

Дәстүрлі есірткі түрлерімен қатар психотропты заттарды тарату фактілері де бар. Осылайша, Өскемен қаласында есірткі өткізу фактісі бойынша  жергілікті тұрғын ұсталды. Оның жасырын орнынан жалпы салмағы 8,3 грамм психотроптық заты бар 20 полимер бумасы табылып, алынды.

"Барлығы бір апта ішінде елімізде ІІМ есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөліністері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 33 қылмысты анықтап, тіркеді. Оның ішінде 17-сі есірткі өткізу фактісі, 5-еуі аса ірі мөлшерде сақтау, 6-ауы контрабанда және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 1 фактісі есепке алынды. Бір заңсыз "нашақорлар ұясы" жабылды.Полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 54 келі есірткі тәркіледі, оның ішінде: 52 келі марихуана және 106,6 гр героин, 2,4 келі гашиш  және 16,3 грамм синтетикалық есірткі алынды", - делінген хабарламада. 

Айта кету керек, есірткі қылмысымен күреске азаматтар да көмек көрсете алады. Мәселен, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің "WhatsApp" (+77777856651) "қауырт желісіне" бір айдың ішінде есірткінің заңсыз айналымы туралы 298 хабарлама келіп түсті. Бұл ақпараттар негізінен есірткіні тарататын сайттар немесе телеграмма-арналар жарнамасы бар граффити-суреттер туралы болды.

Хабарламалар бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы