Бүгiн 2026, 08:00 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Бір аптаға – миллион теңге? 2026 жылдың жазында Алакөл мен Балқашта демалу қанша тұрады

BAQ.KZ тілшісі жол ақысы, қонақүй бағасы мен демалыс шығындарын салыстырып, 2026 жылдың жазында қазақстандықтар үшін қай көл жағасында демалу тиімдірек екенін анықтады.

Жаз – демалыс маусымының қызатын шағы. Осы кезде көптеген қазақстандықтар шетелге емес, ел ішіндегі туристік бағыттарды таңдауға тырысады. Солардың ішінде Алакөл мен Балқаш бұрынғысынша ең танымал демалыс орындарының қатарында. Алакөл туристерді емдік қасиетімен танылған суы мен дамыған туристік инфрақұрылымымен қызықтырса, Балқаш қолжетімді бағаларымен және көлік қатынасының ыңғайлылығымен ерекшеленеді.

BAQ.KZ тілшісі жол жүру бағыттарын, билет пен қонақүй бағаларын зерттеп, 2026 жылы Қазақстандағы ең танымал екі көлдің жағасында демалу қанша тұратынын анықтады.

Алакөл: қалай жетуге болады және демалыс қанша тұрады?

Алакөлдегі негізгі туристік аймақтар Ақши, Көктұма және Қабанбай ауылдарында орналасқан. Бұл жерлерде ондаған пансионат, қонақүй және қонақ үйлер жұмыс істейді.

Астанадан

Алакөлге жетудің ең жылдам жолы – ұшақ. Жаз мезгілінде Үшарал мен Үржарға әуе рейстері қатынайды. Ұшу уақыты шамамен бір жарым сағатты алады. Барып-қайту билеттерінің бағасы 40–45 мың теңгеден басталады.

Әуежайдан кейін туристер көл жағалауына жетуі керек. Үшаралдан Ақшиге дейінгі арақашықтық шамамен 50–70 шақырым, жолға бір сағаттай уақыт кетеді. Ал Үржардан жағалауға дейін 80–100 шақырым, жол жүру уақыты екі сағатқа дейін созылады. Жағалауға таксимен немесе көптеген демалыс орындары ұсынатын трансфер қызметі арқылы жетуге болады.

Пойыз – бағасы қолжетімді нұсқалардың бірі. Жазғы маусымда Ақши, Көктұма және Жалаңашкөл станцияларына дейін қосымша пойыздар қатынайды. Жол шамамен 20–21 сағатқа созылады. Плацкарттағы билет бағасы 6–8 мың теңгеден басталса, жайлылығы жоғары орындардың құны 25–30 мың теңгеге дейін жетеді.

Жеке көлікпен Астанадан Алакөлге жету үшін шамамен 10–12 сағат қажет. Қашықтық 900–1000 шақырымды құрайды. Барып-қайтуға жұмсалатын жанармай шығыны шамамен 50–80 мың теңге болады.

Алматыдан

Алматы тұрғындары үшін Алакөлге жету әлдеқайда оңай. Үшаралға дейінгі ұшу бір сағатқа да жетпейді. Бір бағыттағы билет бағасы 15–20 мың теңгеден басталады, ал барып-қайту құны шамамен 40–45 мың теңгені құрайды.

Сондай-ақ Ақши станциясына дейін теміржол қатынасы бар. №337 «Алматы – Достық» пойызы көл жағалауына шамамен 16 сағатта жеткізеді. Бұдан бөлек, жол жүру уақыты шамамен 19 сағат болатын маусымдық бағыттар да жұмыс істейді.

Ең үнемді нұсқа – автобус. Әдетте автобустар Алматыдан кешке шығып, жағалауға таңертең жетеді. Жол 9–11 сағатқа созылады. Отырғышы бар автобустың барып-қайту билеті шамамен 27 мың теңге болса, жатын орындары бар автобустың құны 30 мың теңгеге жуық.

Жеке көлікпен Ақшиге дейінгі арақашықтық шамамен 650 шақырымды құрайды. Жолға 6–8 сағат кетеді. Барып-қайтуға жұмсалатын жанармай шығыны 30–50 мың теңге көлемінде бағаланады. Сонымен қатар жеке трансфер қызметіне де тапсырыс беруге болады. Көлік құны бір бағытқа шамамен 70 мың теңгеден басталып, 120 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Алакөлдегі демалыс қанша тұрады?

Бағалар маусымға, демалыс орнының орналасуына және көрсетілетін қызмет деңгейіне байланысты өзгереді. Жаздың басында бір адамға арналған тәуліктік тұру бағасы 10–15 мың теңгеден басталады.

Шілде айында баға айтарлықтай өседі. Орта деңгейдегі нөмірлердің құны тәулігіне 25–45 мың теңге аралығында болса, бассейні, тамақтануы және дамыған инфрақұрылымы бар заманауи қонақүйлерде бір тәуліктің бағасы 50–80 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін.

Көптеген пансионатта бағаға күніне үш мезгіл тамақтану кіреді. Бұдан бөлек, туристер кафе, жағажай қызметтері мен ойын-сауық шығындарын да ескергені жөн. Қоғамдық тамақтану орындарындағы орташа чек бір адамға шамамен 3–7 мың теңгені құрайды. Ал жағажайдағы жатын орындықтарды жалға алу құны 1 мың теңгеден басталады.

Төрт адамнан тұратын отбасының Алакөлде бес-жеті күн демалуы үнемді нұсқаны таңдаған жағдайда шамамен 400–500 мың теңгеге түседі. Ал әуе қатынасын пайдаланып, жайлы қонақүйді таңдаса, шығын көлемі 1 миллион теңгеден асуы мүмкін.

Балқаш: су жағасындағы қолжетімді демалыс

Балқаш туристер үшін бағасы қолжетімді бағыттардың бірі саналады. Көбіне демалушылар Балқаш қаласын, сондай-ақ Торанғалық, Шұбар-Түбек ауылдарын және Приозерск маңындағы демалыс аймақтарын таңдайды. Бұл өңірлерде түрлі деңгейдегі демалыс базалары орналасқан.

Астанадан

Жазғы маусымда Астанадан Балқашқа тікелей әуе рейстері қатынайды. Ұшу шамамен 1 сағат 20 минутқа созылады. Билет бағасы бір бағытқа 16 мың теңгеден басталады.

Бағасы төмендеу нұсқа – автобус. Оның жолақысы шамамен 7–8 мың теңгені құрайды. Жол жүру уақыты 8–10 сағат.

Пойызбен жол жүру орта есеппен 9–12 сағатқа созылады. Плацкарт билеттері 8–10 мың теңгеден басталса, купе билеттерінің бағасы 15–25 мың теңге аралығында.

Жеке көлікпен жол шамамен 650 шақырымды құрайды. Сапарға 6–8 сағат кетеді. Барып-қайтуға жұмсалатын жанармай шығыны шамамен 30–50 мың теңге болады.

Алматыдан

Алматыдан Балқашқа ұшақпен, пойызбен, автобуспен немесе жеке көлікпен жетуге болады. Ұшу уақыты бір сағаттан сәл асады. Бір бағыттағы билет бағасы 16 мың теңгеден басталады.

Автобустар «Сайран» автовокзалынан қатынайды. Жол шамамен 10–11 сағатқа созылады. Билет бағасы 7–8 мың теңгеден басталады.

Пойыздар Балқашқа дейін 12–17 сағат жүреді. Плацкарт билеттерінің құны шамамен 8–15 мың теңге болса, купе билеттері 15–30 мың теңге аралығында.

Жеке көлікпен жол жүру шамамен алты сағатқа созылады. Қашықтық 600–630 шақырым. Жанармайға кететін шығын шамамен 25–40 мың теңгені құрайды. Ал жеке трансфер қызметінің бағасы бір бағытқа бір көлік үшін шамамен 60–90 мың теңге болады.

Балқашта демалу қанша тұрады?

Балқашта кез келген бюджетке сай тұратын орын табуға болады. Қонақ үйлер мен қонақжайлардағы бөлмелердің бағасы бір адамға 5–8 мың теңгеден басталады. Стандартты нөмірлер тәулігіне 10–20 мың теңге тұрса, жайлылығы жоғары нұсқалардың құны 20–35 мың теңге аралығында.

Отбасылық коттедждер мен қосымша қолайлығы бар демалыс базаларындағы орналастыру бағасы тәулігіне 50–80 мың теңгеден басталады.

Кафелерде тамақтану құны орта есеппен бір адамға 3–7 мың теңгені құрайды. Қосымша шығындарға жағажай жабдықтарын жалға алу, катермен серуендеу, балық аулау және өзге де ойын-сауық түрлері кіреді.

Төрт адамнан тұратын отбасының Балқашта бес күн демалуы үнемді нұсқаны таңдаған жағдайда шамамен 200–300 мың теңгеге түседі. Ал ұшақпен барып, заманауи демалыс базасында орналасуды таңдаған жағдайда демалыс құны шамамен 450–700 мың теңге болады.

Алакөл ме, әлде Балқаш па: қайсысын таңдаған дұрыс?

Таңдау туристердің бюджеті мен демалыстан күтеріне байланысты. Алакөлде курорттық инфрақұрылым жақсы дамыған, пансионаттар көп және емдік қасиетімен танымал суы бар. Алайда мұнда демалу бағасы салыстырмалы түрде қымбатырақ.

Ал Балқаш су жағасында демалғысы келетін, бірақ шығынды азайтуды көздейтіндерге қолайлы. Тұратын орын бағасының арзандығы мен көлік қатынасының ыңғайлылығының арқасында мұндағы демалыс құны кей жағдайда Алакөлмен салыстырғанда екі есеге дейін арзан болуы мүмкін.

Туризм саласының мамандары жол билеттері мен қонақүй орындарын алдын ала брондауға кеңес береді. Өйткені маусым қызған шақта ең тиімді ұсыныстар мен қолайлы күндер тез таусылып қалады.