Бір аптада жол апатынан 12 адам қаза болған

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысында «Ауди-100» көлігінің 26 жастағы жүргізушісі үш адам қаза тапқан көлік апатын жасады деген күдікпен қамауға алынды.

Жол апаты Панфилов ауданында орын алған. 25 наурыз күні Үшарал ауылының маңында «Ауди-100» және «Тойота-Камри» автокөліктері соқтығысқан. Көлік апатынан үш адам қаза тауып, үш адам әртүрлі дене жарақаттарымен Панфилов қаласының ауруханасына жеткізілген.

«Алдын ала болжам бойынша көлік апатын 26 жастағы «Ауди-100» автокөлігінің жүргізушісі кінәсінен орын алған. Аталған жүргізуші де дене жарақатымен ауруханаға түсті. Кеше, күдікті ауруханадан шығарылған соң, оны қамауға алу туралы шешім қабылданды. Осы дерек бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық тергеу жалғасуда. Іс облыстық Анықтау басқармасының өндірісінде және Департамент басшылығының қатаң бақылауына алынған»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, ведомство көлік оқиғасы кезінде күдіктінің мас болғанын хабарлады. Автокөлік тәркіленіп, арнайы автотұраққа қойылған.

Полицейлер жасаған талдауға сәйкес, өңірде жыл басынан бері жол-көлік оқиғасы 36,2% артқаны байқалады. Ішімдік ішкен күйде көлік тізгіндеген 500 жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Жүргізушілер – жылдамдық режимін сақтамау, жолдың қарсы бағытына шығып кету және жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі салдарынан жол ережелерін бұзады.

«Облыста жол қауіпсіздігі бойынша әртүрлі іс-шаралар үнемі өтіп тұрады. Соған қарамастан, жүргізушілердің жол жүру ережесін сақтау тәртібі әлі күнге түзелмей отыр. Тек өткен бір апта ішінде облыс жолдарында 17 көлік апаты орын алып, 12 адам қаза тапты», - деп атап өтті баспасөз қызметі.

Өз кезегінде, полицейлер темір тұлпар иелерін жолда абай болуға, заң талаптарын бұзбауға және жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

«Құрметті, жүргізушілер! Көлік жүргізу барысында өзіңіздің және жолаушыларыңыздың өмірі Сіздің қолыңызда екенін ұмытпаңыздар!»,- делінген полиция хабарламасында.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы