9 Тамыз 2026, 21:18 Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бір аптада Қазақстанда 47 орман өрті тіркелді

Мамандар тұрғындарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

2-9 тамыз аралығында Қазақстан бойынша 47 орман өрті тіркелді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті.

Оның 21-і жергілікті атқарушы органдарға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінде, тағы 26-сы мемлекеттік орман қоры аумағында болған.

Өрт ошақтары мемлекеттік орман күзетінің жерүсті бақылауы, «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының әуе патрульдеуі және орман өрттерін ерте анықтау жүйелері арқылы дер кезінде анықталған.

Өрттерді сөндіруге орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» авиациясы мен әуе өрт сөндіру десанттары, сондай-ақ қажетті техника жұмылдырылды. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде өрттердің таралуына жол берілмей, барлық ошақ қысқа мерзімде оқшауланып, сөндірілді.

Мамандар тұрғындарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.