Бір аптада 2 млн-нан астам теңгеге қайырымдылық жасалды – имам

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі пандемиялық ахуал кезінде, оның үстіне қасиетті Рамазан айында қайырымдылық жасауға ұмтылған атымтай жомарт азаматтарымыз көп-ақ. Олардың дені мұқтаж жандарды немесе отбасыларды мешіт арқылы тауып, қол ұшын созғанды жөн көреді.

Бұл туралы Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Амантай Садиев айтып берді. Оның сөзінше, Тараз қаласының имамдары биылғы Рамазан айының алғашқы аптасының өзінде мұқтаж жандарға демеушілер есебінен 2 миллион 38 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеткен.

Қайырымдылық ретінде 332 кісіге ауызашар пакеті, 101 отбасыға азық-түлік себеті беріліп, 17 отбасыға қаржылай, 16 отбасына ет өнімі түрінде жәрдем берілді. Сонымен қоса, мешітке келген жамағат ауыз ашуы үшін су диспансерлері алынып, азанның әсем дауысын естіп, рухани ләззат алулары үшін дауыс реттеуіштер мен радиомикрафондар жөнделіп, бәрі де ретке келтірілді. Қайырымдылық іс-шарасына шаһардағы «Әбдіқадыр», «Әл-Әділ», «Тұрсынбай ата», «Әкрам төре», «Құрал қажы», «Бегалы ата», «Әзірет Әли», «Шайх Зуннун», «Намаз ата», «Мырхалық қажы» , «Әулиеата», «Тектұрмас», «Асым ата» мешіттері белсенді түрде атсалысқанын ерекше атап өткім келеді. Мұндай игі істер мұсылман қауымы үшін жат емес. Оған шын ықыласымен ниеттенгендерге Алла разы болсын, - деді дін маманы.

Амантай Әбілдаұлы Пайғамбарымыз Мұхаммедтен Абу Хурайраның өсиет етуімен жеткен жеті үлкен апатты күнәлар жайлы, сол күнәлар мемлекеттің дамуының іргесін ыдырататыны туралы да әңгімеледі.

«Сахабаларды шошындырған бұл жеті күнәні ретімен баяндап өтейін. Біріншісі, Алладан басқа затқа сену. Бір Жаратушыға сенбей, астындағы тағы, басындағы бағына малданып, «көкесін» құдай санау үлкен күнәға апарады. Адам Құдайды ұмытып, мансап пен байлыққа жүгіргенде, Жаратушыдан қорықпау сезімі күшейгенде жақсылық атаулының іргесі алыстай түседі. Ел көшін бастағандар Алланы есіне алып жүрсе, ісінде береке болады. Керісінше, тізгін ұстаған азаматтар имандылықтан алшақ болса, істері түбінде қайырлы болмайды. Пайғамбарымыз хадисте осы жағын ескертіп отыр», - деді имам.

Ал екіншісі сиқырмен айналысу екен. Балгерлік, сиқыр, құмалақ ашу адамның болашағына деген даму психологиясын тұсаулайтын көрінеді. Оның сөзінше, адамдар балгерге байланса, отбасында қашан да кәдімгідей реніш пайда болады. Ер әйелдің, әйел ердің ісіне араласқаны да дұрыс емес. Осына қаперден шығармаған ләзім. Қоғамда әр іс өзінің маманына жолықпаған кезде мәселелер туындайды.

Мысалы, қазір індеттен сақтандыру барысында дәрігерлер жан салып, тер төгіп, еңбек етуде. Бірақ, кейбір осы саланың маманы емес кісілер әлеуметтік желілер арқылы: «Түйенің зәрін ішіңіздер. Адыраспанды қайнатып пайдаланыңыздар» дегендей, өздерінің дәлелсіз кеңестерін беріп жатыр. Бұл кеңестер кері әсер етуі де әбден мүмкін. Алла елшісінің әр істің нағыз мамандарына басымдық беруі бекер емес қой. Қазақтың «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейтіні даналықтан туған тұжырым. Сондықтан туындаған мәселелермен мамандар айналысқаны жөн, - А.Садиев.

Үшіншісі, жазықсыздан жазықсыз қоғамда адам өлтіру. Мәселен, теріс пиғылды ағым өкілдері, яғни уахабшылар көзқарасында кәпірді өлтіру күнә емес деген ұғым бар. Сол дұрыс емес. Алла елшісі бұл жерде өмірдің қиындықтарына шыдамай: «Әй, бүйткенше өлгенім артық» деп бордай езілетін төзімсіз адамдар жайлы да ескерткен екен. Мұнда адамды пышақтап өлтіру міндетті емес, кісіні тілмен өлтірудің де, тілдеудің де жазасы ауыр болатын көрінеді.

Дін маманы қазіргі таңда әлеуметтік желіде болсын, басқа жағдайда да, көпшіліктің арасында шенеуніктерді, полиция мен дәрігерлерді қарғап-сілеп, оларға өлім тілеп жататындар кездесіп қалатынын алға тартты. Ал Пайғамбардың ескертпесінен біреуге өлім тілегеннен гөрі, өзіңе өмір тілегенің абзал екенін байқауға әбден болады. Қазақ халқының танымындағы: «Батаменен ер көгерер», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақылдарды көкейге түйіп жүрсек, одан ұтыла қоймаспыз.

Төртіншісі, пара беріп, пара алу. Бұл – ауру, індет. Пайғамбар ескерткендей, адамдар қызғаншақтықпен, пара алумен, пара берумен ауырса, қоғамның дамуы айтарлықтай тежеледі. Мұндай кесапат ел іргесін ірітеді. Бірлікке қаяу түсіреді. Қазіргі таңда қаншама ұйымдар, «Адалдық алаңдары» жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіп жатыр. Бұл – пайғамбарлар заманынан туындаған, емі табылмай келе жатқан қатерлі дерт, - деді Амантай Әбілдаұлы.

Бас имам бесінші күнәнің жетімнің қақысын жеу екенін еске салды. Жетімдерге, жетім балалардың үйіне бөлінген қаржыны жымқыру, жетімге тиесілі үйді зорлықпен иемдену – аса ауыр күнә. Ондай зорлықшыл жанның ісінде ешқандай береке болмайды. Жетімнің өмірін қорлағандар, панасыздың арын сатқандар екі дүниеде оңбайды. Сүйікті Пайғамбарымыз бұл туралы қатаң ескертеді.

«Алтыншысы, әскерден қашу, Отан қорғауға бармау. Пайғамбар елді қорғау, Отанға құрметпен қарау мәселесін ерекше ескертеді. Азаматтардың жалған құжаттарды желеу етіп, әскерге барудан қашуы жиілесе, ол қоғамның дамуын тежейді. Бүгінгі таңда әскерге барушылар күрт азайған. Жігіттердің көпшілігінің денсаулығы жарамсыз. Муаммар Каддафи Ливанды басқарып, еліне көп жақсылық жасады. Бірақ, ол да қателесті. Қазір Ливан деген мемлекет жоққа тән ғой. Ақсақалы мен әскері қадағалаусыз кеткен елде береке болмайды. Сол себепті біз мұндай қателіктерден сабақ алуымыз, өзіміз қателеспеуге ұмтылуымыз керек», - деп түсіндірді дән қызметкері.

Пайғамбар ескерткен жетінші ауыр күнә – арлы әйелге жала жабу. Амантай Садиевтің пайымынша, бұл біздің қазақ халқына да қатысты. Қазақ қызының ары, пәктігі, намысы – қазақ жігіттерінің иығына жүктелген үлкен аманат. Кейбір жігіттеріміз қыздардың ар-намысына қиянат жасаса, қоғамда берекесіздік орын алады. Қыз баланың құрсағы бүлінгенде қоғам әлсірейді. Бүлінген құрсақтан иманды, денсаулығы жақсы, батыр ұл дүниеге келе қоюы неғайбыл.

Сондықтан да арлы әйелге жала жабу – ауыр күнә. Мысалы, жақсы көлік мініп жүрген әйел кісі туралы: «Көңілдесі әперген ғой» десеңіз, күнәһар боласыз. Біздің адами капиталымызды аналар толтырады. Сондықтан, аналарды, қыз баланы қастерлеу, олардың арын, намысын қорламау, оларға жақсы қорғаныш, сүйеніш, адал дос бола білу – азаматтардың арына сын, үлкен міндет, - деді ол.

Осы орайда, «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Пайғамбар айтқан жеті аса ауыр күнәға жоламаудың үш қағидасын да ұмытқан жоқ. Оның біріншісі – жақсы нәрсе ойлау болса, екіншісі – жақсы сөз сөйлеу екен, үшіншісі – жақсы амал жасау. Әр адам осы үш қағиданы ұстанса, жоғарыда айтылған жеті үлкен апаттан құтылуына, пенденің жолына кедергі болатын жаманшылықтан алыс жүруге, өмірінің берекелі де қуанышты, мағыналы болуына мүмкіндігі бар.

Білесіз бе, бір ғана су ішудің өзінде алты сүннет бар. Олар – «Биссимилла» деп ыдысты оң қолмен ұстау, отырып ішу, судың тазалығын байқау үшін ыдысқа үңілу, бөліп-бөліп ішу, жақсы дұғалар айту. Су ішудің сүннетін білмей тұрып, Пайғамбардың жолымен жүргісі келетіндер бар. Отанды құрметтеу, айналаңдағы адамдарды ардақтау, оларға тіл тигізбеу – басты қағида, - деді Амантай Әбілдаұлы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы