Бір адамның донорлық ағзасымен өмір сүріп жүрген қазақстандықтар
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Қазақ радиосы дәстүрлі «Мың алғыс» шарасын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мерекелік шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров, Сенат депутататтары Б.Жексенбай, Г.Шиповских, А.Сатвалдиев, А.Қапбарова, Мәжіліс депутаттары Н. Дементьева, Қ. Әбден, Қ. Иса және мемлекеттік орган жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Мың алғыс» жобасы биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт ішінде жоба аясында 25 отбасы баспаналы болып, түрлі дертке шалдыққан, көпшілік қолдауына мұқтаж 350-ге жуық адамға көмек берілді.
Биылғы шараның басты кейіпкерлерінің бірі – Қазақстанға туған анасын іздеп келген Жәнібек Савельев. Өткен жылдың желтоқсанында елге келіп, Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» хабары арқылы анасын іздеген Жәнібекке қатысты жүргізілген зертту жұмыстары нәтижесінде 2001-2002 жылдары Арқалықта дүниеге келген 4 баланың туған анасы табылды. Ал Жәнібектің өз анасына қатысты іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Шарада Жәнібек туған халқына алғысын жеткізді.
Туған анамды іздеу осыншалықты қиын болады деп ойлаған жоқпын. Мен Қазақстанға келген кезде бірден анамды тауып алып, онымен кездесемін деп жоспарладым. Анамды іздеуім арқылы менен бөлек 4 баланың туған аналары табылғанына өте қуаныштымын. Бұл мен үшін мотивация, анамды іздеуді тоқтатпаймын. Қазақ жұртына, туған халқыма менімен бірге болғандары үшін үлкен рақметімді айтамын!, - деді Жәнібек Савельев
Шарада 1930 жылдары ата-бабасы Қазақстанға қоныс аударған түрік этносының өкілі, Еңбек ардагері Яша Кошалиоғлы 52 жылдан кейін досымен кездесті. Яша Кошалиоғлының әскер кезіндегі досы Сұлтан Ахмадов Ресейдің Грозный қаласынан арнайы келді. Яша Кошалиоғлы Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым» бағдарламасы арқылы өзінің жақынын тапқан 150-ге жуық адамның қатарына қосылды.
Шараның негізгі кейіпкерлерінің бірі – өмірден өткен бір адамның донорлық органымен өмір сүріп жүрген алматылық Светлана Каипова мен Данияр Байбулаев. Астанадағы Ұлттық ғылыми Онкология орталығының трансплантолог-дәрігері Мэлс Асықбаев қазір елімізде 4 мыңға жуық науқас донор кезегінде тұрғанын айтады. Олардың 90 пайыздан астамы бүйрекке мұқтаж. «Бұл көрсеткіш төмендеуі үшін мәйіттік трансплантацияға деген көзқарас оң болуы тиіс. Ми өлімі тіркелгеннен соң марқұмның донор болуға қолхаты болған жағдайда туыстарының рұқсатымен ағзасы өзге адамға салынады», - дейді трансплантолог.
Сонымен қоса шараға «Мың алғыс» жобасы арқасында шетелде 4 рет емделіп, толық ремиссияға шыққан 9 жастағы Альарназ бен анасы Гүлайым Абрахманова, 25 баланы асырап алған ақтөбелік Жетесовтер отбасы, Астанада өртеніп жатқан көпқабатты үйден бір адамды аман алып шыққан Ғалымбек Өтешев қатысты.
Дәстүрлі жобаның мақсаты – мұқтаж жандарға көпшіліктің атсалысуымен көмек көрсетіп, қайырымдылық пен ізгілікті насихаттау, қайырымды жандарға алғыс айту.
Мерекелік шараның телевизиялық нұсқасы «Qazaqstan» телеарнасынан 1 наурыз күні сағат 15:15-те көрсетіледі.