"Бір адам қаза тауып, тағы бірі зардап шекті". Алматы облысында ауыл әкімі жол апатына түсті
Талғар ауданы, Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев қызметтік көлігімен жол апатына түсті. Аталған жол-көлік оқиғасы барысында бір адам көз жұмған, ал әкімнің өзі ауруханада жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Талғар ауданы әкімі аппаратының баспасөз қызметі жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын нақтылады.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметші ауруханада жатыр, бұл қызметтік тексеру жүргізу мүмкіндігін уақытша шектейді, – деп атап өтті ведомстводан.
Іс жүргізу әрекеттері аяқталғаннан кейін және мемлекеттік қызметші жұмысқа шыққан соң тәртіптік шараларды қолдану туралы мәселе Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына ұсынылатын болады.
13 қыркүйекте "Қарасаз-Сарыжаз" тас жолында болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады, - делінген Алматы облысы полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметінен.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Bestune T55 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол шетіне ұшып аударылған.
Апат салдарынан бір жолаушы қайтыс болды, тағы бір жолаушы мен жүргізуші алған әртүрлі жарақаттары бойынша ауруханаға жатқызылды, - деп мәлімдеді Алматы облысы ПД баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалды.
Оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында, - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.