Бильярдқа қызығушылық артып келеді – спорт шебері

Елімздегі бильярдтың бүгінгі мен болашағы жайлы бильярдан екі дүркін әлем чемпионы, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және халықаралық дәрежедегі «Кремль Кубогының» иегері Ернар Чимбаевпен Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі әңгімелескен еді. 

- Бильярдқа деген қызғушылық қашан пайда болды? Осы спорт түрінен кәсіби спортшы боламын деп ойладыңыз ба?

- Алғаш рет бильярд таяқшасын 2003 жылы 15 жасымда қолға алдым. Ол кезде тек ойын ретінде уақыт өткізу үшін баратынмын. Алайда уақыт өте келе, спорттың бұл түрі маған жақын екенін түсіндім. Кәсіби спортшы болғым келді, сондықтан есейген сайын күнделікті жаттығу жасауға кірістім. Бильярдқа көңіл қойып, нәтижесінде бірнеше рет Қазақстан чемпионы, 2010 және 2021 жылдары әлем чемпионы атандым. Қазір өзім жарысқа қатысатын ойыншы ғана емес, жаттықтырушы қызметін атқарамын. Шәкіртімнің алды еліміздің чемпионы атанып та үлгерді.

- Талай халықаралық жарыстарға қатысып жүрсіз. Қазақстан бильярдының деңгейін қалай бағалар едіңіз?

- Қазақстан құрамасының деңгейі өте жоғары. Елімізде 5 әлем чемпионы бар. Оның бірі өзім, сондай-ақ Әлихан Каранеевті айта аламын. Ол – әлемнің 3 дүркін чемпионы. Қаныбек Сағындықов, Әуез Елубаев және Әлімбек Омаров та бильярд әлемнің шыңына шыққан жігіттер. Оларды дүниежүзі бойынша бильярд сүйер қауым таниды. Жас спортшыларымыздың да қарқыны жаман емес. Әрқашан бірінші орын ала бермесе де, халықаралық жарыстарда кемі жүлдегер болып келеді.

- Сіз «Кремль Кубогына» қатысқан кезде «Құрама пирамида» атты сайысынан жеңіске жеттіңіз. Бильярдтың бұл түрінің ерекшелігі қандай?

- «Құрама пирамиданың» бильярдың өзге сайыстарынан басты ерекшелігі – ол тек қызыл шармен ойналады. Өз кезегінде ұпай жинаған адам, өзіне кедергі жасаған шарды төрешіге айтып алып тастай алады. Бұл да айтылған сайыстың өзгешеліктерінің бірі.

- Елімізде бильярд одан әрі дамуы үшін не істеу керек?

- Ең бірінші жеке бильярдшыларды қаржыландыратын демеушілер көбеюі керек. Кейде өте шебер спортшыларымыз қаржылай көмек болмауынан ірі дүниежүзілік жарыстарға қатыса алмай жатады. Екіншіден, ел ішінде бильярдан өткізілетін жарыстар көбеюі қажет. Ресеймен салыстыратын болсақ, Қазақстанда турнирлер 2-3 есе аз өтеді. Яғни, спортшылармыз үшін тәжірибе алмасып, шеберлігін шыңдайтын мүмкіндік те аз. Сондықтан «Алматы Кубогы» не «Нұр-Сұлтан Кубогы» сынды турнирлер өткізгеніміз жөн. Сонда жастардың бильярдқа деген қызығушылығы артады және туымызды көкте желбірететін жаңа чемпиондар пайда болады.

- Сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіре отырып, алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы