Білімсіз ұлттың болашағы да белгісіз. Тоғжанов жастармен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Astana Hub-та жастармен кездесті.

Үкімет мүшесімен кездесуге Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері, Президенттік Жастар кадрлық резерві, жастар ұйымдарының өкілдері, жас кәсіпкерлер, жас ғалымдар және белсенділер қатысты.

Премьер-министрдің орынбасары ең алдымен тарихымызды ұмытпау керегін атап өтті. Ол 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін еске салды.

Өткенімізді ескеріп, тарихтан тағылым алуымыз қажет. 37-44 жылдар арасында елімізге 62 этнос өкілдері қоныс аударып, қуғын-сүргін салдарынан қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазақстан бір күнде көпұлтты мемлекетке айналған жоқ. Соны ұмытпауымыз керек. Сондықтан бірліктің сұрағы - ол елдіктің сұрағы, - деп айтты Үкімет мүшесі.

Тоғжанов бірлікті, елдікті сақтағанның арқасында осындай кезеңге жетіп отырғанымызды айтты.

Сонымен вице-премьер жастармен кездесуде білім саласына да тоқтала кетті.

Білім - болашақтың негізі. Білімді ала алмайтын болсақ, алдыңғы қатарлы елдердің қатарында бола алмаймыз. Білімсіз ұлттың болашағы да белгісіз, - деді Тоғжанов.

Үкімет мүшесі атап өткендей, 1 мамырда Мемлекет басшысы бірқатар ойын ортаға салды. Оның бірі референдумға қатысты болды.

Бірнеше күннен кейін референдум өтеді. Қазір Президенттің жасап жатқан  саяси өзгерістерге елдің сенімін арттыруға бағытталып отыр. Оның ішінде Парламенттің рөлін арттыруға қатысты біршама өзгеріс енгізіліп жатыр. Президенттің саяси партиялар құрамында болудан бас тартқанын да білесіздер. Бұл күрделі өзгерістің барлығы елге, халыққа керек, - деп түсіндірді Ералы Тоғжанов.

Кездесу барысында жастар саясатын іске асыру, жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар мәселелері, биылғы 20 мамырда Парламент Сенатында өткен тыңдаулардың ұсынымдарын іске асыру алгоритмдері, сондай-ақ Конституцияға түзетулер бойынша өтетін алдағы референдумның міндеттері талқыланды.

Сондай-ақ жастар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, толық жауаптар алуға, жастардың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға, сондай-ақ жастар саясатын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар айтуға мүмкіндік алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы