Білімнің іргетасы бастауыштан басталады – білікті ұстаз кәсіби тәжірибесімен бөлісті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мұғалімдердің мәртебесін арттырып, беделін биіктетуді тапсырғаны белгілі. Тіпті, Президенттің бастамасымен "Педагог мәртебесі туралы за" да қабылданды. Аталмыш заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жалақысы арттырылып, кәсіби даму мүмкіндіктері күшейтілді. Біліктілікті арттыру курстары, ұлттық аттестаттау жүйесі енгізілді. Өткен жылы ұстаздар күні мерекесіне орай Қазақстандағы үздік мұғалімдермен кездескен Мемлекет басшысы мұғалім мәртебесінің бәрінен биік екенін тағы да атап өткен еді.

Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел болуына зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық, – деді Президент ұстаздармен өткен кездесу барысында.

Расында да, мұғалім – қоғамның рухани тірегі, келешек ұрпақты тәрбиелейтін басты тұлға. Қай заманда болмасын ұстаздың орны ерекше бағаланған. Бүгінгі таңда білім беру саласындағы өзгерістер мен жаңғырулар аясында мұғалімнің мәртебесі туралы мәселе өзекті болып отыр. Қазақстанда соңғы жылдары ұстаз еңбегін бағалау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіби дамуын қолдау бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Бұл өзгерістер мұғалімдердің қоғамдағы беделін арттырып, олардың еңбекке деген ынтасын нығайтуға бағытталған. Себебі сапалы білімнің негізі – кәсіби білікті, өз ісіне адал мұғалім. BAQ.KZ тілшісі өз ісіне адал мұғалімдердің бірімен тілдескен еді.

Ұстаз болу – бала күнгі арманым

Махажанова Гүлшат Тәжібекқызы – Тараз қаласындағы М.Мақатаев атындағы №14 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Ол 30 жылға жуық уақыт бойы білім саласында тынбай еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп келеді. Оның айтуынша, ұстаздық мамандыққа деген қызығушылығы бала кезінен басталған.

Менің мұғалім болу арманым бала кезімнен басталды. Өзім оқыған мектепте маған үлгі болған ұстаздарым көп болды. Әсіресе бастауыш сыныптағы алғашқы ұстазым өте мейірімді, әділ, білімді жан еді. Сол кісінің сабағында отырып, өзімді болашақта дәл сондай мұғалім ретінде елестететінмін. Мектеп бітірген сәтте еш ойланбастан педагогикалық институтқа құжат тапсырдым. Міне, сол қолыма диплом алған сәттен бері осы М.Мақатаев атындағы №14 орта мектепте табан аудармай 30 жылға жуық уақыт қызмет етіп келемін, - деді ұстаз.

Бұл сөздер мұғалімнің кәсіби жолын, оның мамандығына деген сүйіспеншілігін айқындайды. Гүлшат Тәжібекқызы ұстаздық қызметке деген ықыласын бала кезінен бастағанын, ал алғашқы ұстазынан алған әсерінің оның болашаққа деген көзқарасын қалыптастырғанын айтады.

Бастауыш сынып мұғалімінің бала өміріндегі рөлі өте зор, себебі ол баланың мектепке бейімделу кезеңінде алғашқы іргелі білім мен тәрбие береді. Бастауыш сынып мұғалімі – баланың алғашқы ұстазы, білім әлеміне жол көрсетуші тұлға. Оның ықпалымен баланың оқу мен тануға деген қызығушылығы, тәртіпке бейімділігі мен өмірлік құндылықтарға алғашқы көзқарасы қалыптасады. Мектеп табалдырығын аттаған кезден бастап, бастауыш сынып мұғалімі баланың өміріндегі ең маңызды адамдардың бірі болады.

Баланың қызығушылығын арттыру – мұғалімнің басты міндеті

Бастауыш сынып – баланың мектептегі білім әлеміне жасаған алғашқы қадамы. Бұл кезеңде оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес, оқу процесі ерекше әдістер мен тәсілдер арқылы ұйымдастырылады. Себебі бастауыш сынып оқушыларының зейіні, есте сақтау қабілеті мен ойлау жүйесі әлі қалыптасу үстінде болады. Сол себепті мұғалімдер бұл жастағы балаларға арналған сабақтарды қызықты, жеңіл әрі әсерлі ету үшін түрлі шығармашылық, ойын элементтері мен заманауи технологияларды ұтымды қолданады. Гүлшат Тәжібекқызы да сабақ жүргізу барысында әр оқушының ерекшеліктерін ескере отырып, шығармашылық тұрғыдан жұмыс істейді.

Бастауыш сынып – баланың мектепке бейімделу кезеңі. Бұл жерде мұғалімнің рөлі өте зор. Әр баланың психологиясы әртүрлі: бірі тез қабылдайды, бірі баяу, біреуі ұялшақ, біреуі өте белсенді. Сондықтан әр оқушыға жеке көзқараспен қарау қажет, - дейді ол.

Сабақ барысында Гүлшат Тәжібекқызы оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Интерактивті оқыту, ойын элементтері, ІТ құралдары мен топтық жұмыстарды жиі пайдалану арқылы балалардың білімге деген ынтасын оятады.

Сабақтарымда оқушының ойлау қабілетін дамытуға бағытталған әдістерді жиі қолданамын: интерактивті оқыту, топтық жұмыстар, ойын элементтері, ІТ құралдары. Бастауыш сынып оқытуда ең кең таралған әрі тиімді әдістердің бірі – ойын арқылы оқыту. Бұл тәсіл балаларға білімді еркін әрі табиғи түрде меңгеруге көмектеседі. Мысалы, рөлдік ойындар, сөздік қорды дамыту ойындары, математикалық жарыстар балалардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, белсенділігін дамытады. Мұндай әдіс арқылы бала сабақты қызығушылықпен қабылдайды. Баланың қызығушылығын арттыру – мұғалімнің басты міндеті деп білемін, - дейді білікті ұстаз.

Бұл әдіс-тәсілдер балалардың тек пәндік білімін ғана емес, олардың әлеуметтік дағдыларын да дамытуға ықпал етеді. Оқушылар топта жұмыс істеп, бір-бірінен үйренеді, шығармашылық қабілеттерін дамытады.

Ата-анамен байланыс – баланың табысты дамуының кепілі

Ата-аналармен жұмыс – мұғалімнің маңызды міндеттерінің бірі. Гүлшат Тәжібекқызы ата-аналармен үнемі байланыста болу, баланың жетістіктері мен қиыншылықтарын бірге талқылау қажет деп санайды.

Ата-анамен жұмыс – менің мұғалім ретіндегі ең басты бағыттарымның бірі. Себебі бала тәрбиесінде мектеп пен отбасы тығыз байланыста болуы қажет. Әрбір оқушының дамуы мен жетістігі көбіне ата-ананың қолдауына байланысты. Мен ата-аналармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға тырысамын. Қазіргі таңда ата-аналармен байланыс орнатуда цифрлық құралдарды да кеңінен қолданамыз. WhatsApp желісіндегі сыныптық топ арқылы күнделікті хабарлама беріп, үй тапсырмалары, сыныптағы жаңалықтар мен ата-аналардан кері байланыс алу мүмкіндігі бар. Бұл ата-аналармен жылдам әрі тиімді қарым-қатынас жасауға көмектеседі. Мен үшін ең маңыздысы – ата-ананың мектептегі білім процесіне белсенді араласуы. Олар баласының тек үлгеріміне емес, эмоционалдық және психологиялық жай-күйіне де көңіл бөлсе, бала өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінеді. Ата-анамен бірлескен жұмыс – балаға деген ортақ жауапкершілік. Мұғалім, ата-ана және оқушы – бір мақсаттағы серіктестер. Осы үштік жүйе үйлесімді жұмыс істесе, бала да жан-жақты дамып, нәтижеге жетеді деп есептеймін, - дейді білікті ұстаз.

Бұл пікір мұғалімнің өз ісіне деген жауапкершілігі мен баланың дамуына қатысты ата-анамен тығыз жұмыс істеу қажеттілігін көрсетеді. Гүлшат Тәжібекқызы ата-аналармен жұмыс істеуді, олардың балаларының жетістіктері мен қиыншылықтарын бірге талқылауды өте маңызды деп санайды. Бұл әдіс арқылы мұғалім мен ата-ана баланың дамуына бірлесе жұмыс істейді.

Қазіргі бала – ақпараттық заманда өсіп келе жатқан тұлға

Гүлшат Тәжібекқызы қазіргі оқушылардың ерекшеліктеріне де назар аударады. Ол қазіргі балалардың өте белсенді, ашық және ақпараттық технологияларға жақын екенін айтады. Бірақ сонымен бірге олардың эмоционалдық тұрақтылығын дамыту да маңызды деп санайды.

Қазіргі балалар – жаңа заманның балалары. Олар еркін, ашық, сұрақ қоюдан қорықпайды. Эмоционалды тұрғыдан алғанда да қазіргі оқушылар өте сезімтал. Олармен сөйлескенде жылы сөз, түсіністік, сенімділік өте маңызды. Жағымсыз сөздерге тез ренжуі немесе өзіне күмәнмен қарауы мүмкін. Сондықтан біз, мұғалімдер, тек білім ғана емес, психологиялық қолдау беруші тұлға болуымыз керек. Сондай-ақ, қазіргі балалардың технологияға бейімділігі өте жоғары. Смартфон, планшет, интерактивті тақта секілді құралдарды тез меңгеріп, оларды еркін қолдана алады. Бұл біз үшін бір жағынан мүмкіндік: сабақта түрлі IT құралдарды пайдалану арқылы олардың қызығушылығын арттыруға болады. Бірақ мұның екінші жағы да бар – зейіннің тез бөлінуі, ұзақ уақыт назар аударып отыра алмауы, кейде шыдамсыздық байқалады. Сондықтан жауапкершілік пен зейінділікке бейімдеу жағына көбірек көңіл бөлу керек, - дейді мұғалім.

Бұл сөздер бүгінгі балалардың өзіне тән ерекшеліктерін, сондай-ақ мұғалімнің оларға деген ерекше көзқарасын көрсетеді. Гүлшат Тәжібекқызы заманауи балалардың білімге деген ынтасын арттыру үшін олардың қызығушылығын тудыратын әдіс-тәсілдер қолданады. Шәкірттерінің сапалы білім алып, саналы азамат болуы үшін бар білімі мен күш-жігерін жұмсайды. Барын салып оқытатын шәкірттері өз қолынан түлеп ұшатын сәтте қатты толқитыны да содан. Гүлшат Тәжібекқызы үшін ең ұмытылмас сәт – алғашқы түлектерін шығарып салу болды.

Олармен өткізген төрт жыл – менің өмірімдегі ең жарқын, қуанышты кезеңдердің бірі болды. Әр оқушы мен үшін ерекше. Олардың жетістіктерін көргенде, өз еңбегіңнің жемісін сезінесің, - дейді Гүлшат Тәжібекқызы.

Бұл да ұстаздың әр оқушыға деген шынайы қамқорлығын және олардың жетістіктері үшін мақтаныш сезімін білдіреді. Бастауыш сынып мұғаліміне, әрине, оның тәрбиеленушілерінің жетістіктері мен болашағы өте маңызды.

Ұстаз болу – жүрек таңдауы

Гүлшат Тәжібекқызының тәжірибесі мен ұстанымдары қазіргі заман мұғаліміне үлгі боларлықтай. Ол балаларға білім мен тәрбие беру жолында үздіксіз ізденіп, өз ісін сүйе отырып, үлкен жетістіктерге жеткен ұстаз. Оның пікірінше, ең бастысы – мамандықты шын сүйіп, балалардың дамуына шынайы үлес қосу.

Жас әріптестеріме айтарым – мұғалім болу ең алдымен жүректің таңдауы болуы керек. Бұл – жай ғана мамандық емес, бұл – өмір салты, үлкен жауапкершілік, болашаққа қызмет ету. Егер осы жолды шын ниетпен таңдасаңдар, әр күндерің мәнді өтеді. Ең бастысы – мамандығыңды шын сүй. Егер балаға көмектескің келсе, олардың дамуына үлес қосқың келсе – бұл жол сенің жолың. Шын ықыласпен жұмыс істесең, еңбегің міндетті түрде бағаланады. Мұғалім болу – қиын, бірақ өте қымбат жол. Бұл жолда сенің әр қадамың бір баланың тағдырына әсер етеді. Сол себепті бұл мамандықты жүрекпен ғана алып жүруге болады, - деп кеңес береді тәжірибелі ұстаз жас мамандарға.

Бұл кеңес жас мұғалімдер үшін өте құнды әрі маңызды. Гүлшат Тәжібекқызы – өзінің кәсіби жолында балалардың білім мен тәрбие алуына үлкен ықпал еткен ұлағатты ұстаз. Оның ұстаздық қызметі мен көзқарастары бүгінде көптеген педагог үшін үлгі боларлықтай. Жақсы мұғалім — бұл тек білім беруші ғана емес, бала жүрегіне жол таба білетін жанашыр тұлға.

Айта кетейік, Қазақстанда бастауыш білім беру жүйесі жылдан-жылға жаңарып, әлемдік білім беру үрдістеріне сай өзгерістер енгізілуде. 2016 жылы Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде жаңа стандарттар мен бағдарлама қабылданды. Оған сәйкес, бастауыш сынып оқушыларының оқу процесі педагогикалық, психологиялық және жеке тұлғалық тұрғыдан толық дамуын көздейді.

Бастауыш сынып мұғалімдері тек білім беру ғана емес, баланың тұлғалық дамуына да көп көңіл бөледі. Қазақстандағы бастауыш білім беру жүйесінде жаңа әдіс-тәсілдер енгізілуде, олардың ішінде ойын элементтері, шығармашылық тапсырмалар, топтық жұмыстар мен ІТ құралдарын қолдану көптеп кездеседі. Бұл әдістер оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, олардың оқуға деген ынтасын оятады.

Қазақстандағы білім беру жүйесінде білім сапасын арттыру мақсатында оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес әдістемелер мен оқу бағдарламалары қайта қаралып, жаңа стандарттар мен талаптар енгізілді. Сонымен қатар, ата-аналармен тығыз байланыс орнату арқылы оқушының әлеуметтік және психологиялық жағдайы да тұрақты түрде қадағаланады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: жеке мұрағаттан
Өзгелердің жаңалығы