Білімге бөлінетін қаржы қысқарса, мұғалімдердің жалақысы сақтала ма? – Жаңа министр жауап берді
Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Оқу-ағарту министріне биыл білім беруге бөлінетін қаражаттың қысқаруы туралы сауал жолдады. Оның мәлімдеуінше, білім саласына арналған шығыстар биылмен салыстырғанда 600 миллиард теңгеге азаймақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат бұл қысқарту білім сапасына қалай әсер ететінін және педагогтардың жалақысы туралы мәселенің қалай шешілетінін сұрады.
Білім беруге арналған шығыстардың жоспарлы қысқаруы биылмен салыстырғанда 600 миллиард теңгені құрайды екен. Бұл білім беру сапасына қалай әсер етеді? Сондай-ақ шығыстардың бір бөлігін жергілікті атқарушы органдарға берудің педагогтердің жалақысын сақтап қалуға немесе арттыруға нақты әсері бола ма? – деді Нұргүл Тау.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова депутаттың сауалына нақты жауап берді.
Бұл өте өзекті сұрақ. 660 миллиард теңгенің қысқаруы қаржының толық қысқаруы емес. Оның ішінде 300 миллиард теңгеге жуық сома ірі инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған. Бұл – Мемлекет басшысының “Келешек мектептері” жобасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгенімен байланысты. Ал қалған 300 миллиард теңгеден астам сома жергілікті атқарушы органдарға қарасты жалпы трансферттер. Оның ішінде балабақша педагогтерінің, орта білім және колледждердің медициналық қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 90 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген, – деді министр.
Сонымен қатар министр жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 136 миллиардтан астам қаржы, колледж студенттерінің стипендиясын көтеруге 85 миллиардқа жуық қаражат жергілікті билікке трансферт ретінде бөлінетінін жеткізді.
Бұл – бюджеттің децентрализациясы. Жергілікті атқарушы органдардың білім сапасын арттыруға қатысты жауапкершілігін күшейтуге бағытталған механизм. Біз де білім сапасын жақсартуға мүдделіміз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Еске сала кетейік, бұған дейін білім мен ғылым және денсаулық саласына алдағы 3 жылға қанша қаржы бөлінетінін жазған болатынбыз.