27 Қараша 2026, 12:33

BilimClass жүйесінде ақау шықты: Мұғалімдер үй тапсырмаларының жоғалып кеткеніне шағымданды

Бірқатар мұғалім BilimClass электрондық журналынан ақау тапқан

Жұма күні таңертең қазақстандық бірқатар мұғалім BilimClass электрондық журналындағы ақауға тап болды. Педагогтердің тоқсан бойы енгізген үй тапсырмалары жүйеде көрінбей қалған.
 
Сондай-ақ кейбір пайдаланушылар қосымшаға кіре алмай отырғанын хабарлады. Компания техникалық ақау болғанын растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Білім беру платформасының жұмысына қатысты шағымдар 27 қараша күні таңертең әлеуметтік желілерде жариялана бастады. Мұғалімдердің бірі Threads әлеуметтік желісінде өзі сабақ беретін барлық сыныптың үй тапсырмалары жоғалып кеткенін жазды.

Жазбаға пікір қалдырған өзге педагогтер де осындай мәселеге тап болғанын айтты. Кейбір мұғалімнің сөзінше, жүйеде екі тоқсанның үй тапсырмалары бірдей көрінбей қалған. Енді педагогтер енгізілген мәліметтерді қайтадан қолмен толтыруға тура келе ме деп алаңдап отыр.

BilimClass не дейді?

Білім беру платформасының әзірлеушілері жүйеде техникалық ақау болғанын растады. Осыған байланысты кейбір пайдаланушыға қате хабарламалар жіберілуі де мүмкін.

Кейбір пайдаланушылар қосымшаға кіру кезінде қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сондай-ақ бағалар, сабақ кестесі мен үй тапсырмалары уақытша көрінбеуі ықтимал, – деп хабарлады BilimClass өкілдері.

Компания мамандары ақауды жою бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеп, келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.

Алайда платформаның жұмысы қашан толық қалпына келтірілетіні және педагогтерге мәліметтерді қайта енгізуге тура келе ме, әзірге белгісіз. Сондай-ақ техникалық ақауға тап болған пайдаланушылардың саны нақтыланбаған.

Еске салайық, BilimClass – дәстүрлі мектеп журналдары мен күнделіктерін алмастыратын қазақстандық білім беру платформасы. Мұғалімдер жүйе арқылы оқушыларға баға қояды, сабаққа қатысуын белгілейді және үй тапсырмаларын береді. Ал ата-аналар мен оқушылар оқу үлгерімі мен сабақ кестесін бақылай алады.