Білім және жасанды интеллект: Қазақстан мен Ұлыбритания ғалымдары күш біріктірді
Ынтымақтастық аясында британдық ғалымдар дарынды балаларды анықтау мен олардың әлеуетін дамыту бойынша зерттеулерге ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді.
Ұлыбританиядағы Сассекс университетінің ғалымдары Павлодардағы Марғұлан университетімен бірлесіп, педагогтерді даярлау және білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні қолдану бағытында зерттеу жүргізеді.
Британдық сарапшылар бір апта бойы қазақстандық әріптестерімен білім берудегі көшбасшылық, дарынды балалармен жұмыс, сыни және шығармашылық ойлауды дамыту, сондай-ақ жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу мәселелерін талқылайды.
Ынтымақтастық «Қазақстанның дарынды балаларын дамытуға арналған педагог кадрларды даярлаудың кешенді ғылыми-инновациялық жүйесін құру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Сассекс университетінің мамандары Марғұлан университетінің Когнитивтік зерттеулер зертханасымен де танысып, бірлескен ғылыми жобалар, ALLECA жобасын іске асыру және академиялық алмасуды кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.
Ынтымақтастық аясында британдық ғалымдар дарынды балаларды анықтау мен олардың әлеуетін дамыту бойынша зерттеулерге ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді. Сондай-ақ бірлескен зерттеулер жүргізу, әдістемелік материалдар әзірлеу және педагогтердің біліктілігін арттыру жоспарланған.