Ұстаздар үздік білім қызметкерлерін көтермелеу туралы құқықтық норманы қайтаруды сұрады

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығысқазақстандық ұстаздар үздік жұмыс үшін қолданылған көтермелеу шараларын қайтаруды талап етуде. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

«Шығыс адалдық алаңы» жобалық офисі білім саласы қызметкерлерінің басын ауыртып, балтырын сыздатқан бірнеше мәселені қарады. Соның бірі осыған дейін қолданыстан алынып тасталған көтермелеу шаралары болды.

«Біз мектептердегі қорғаншылық кеңестері қызметінің жұмыстарын сараладық. Мектеп директорларының басын қосып, пікірлерін тыңдадық. Қазіргі таңда мұғалімдер жалақысының көңіл көншітерлік жағдайда емес екені барлығымызға мәлім. Жиын барысында олардың көпшілігі үздік білім қызметкерлерін көтермелеу туралы құқықтық норманы қайтаруды сұрады. Естеріңізде болса бұрын мұндай норма болған. Алайда екі жыл бұрын ол қолданыстан алынып тасталған еді», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев.

Аталмыш норманы қайтару жөнінде хат дайындап Агенттік арқылы орталыққа жолдауды жөн көрген Департамент мамандары қазіргі уақытта бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты.

Естеріңізде болса, біз осыған дейін Шығыс өңірінде «Шығыс адалдық алаңы» жобалық офисінің құрылып, оның бірнеше салада табысты жұмыстар атқарып жатқанын жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы