Білім саласының жетістіктері: Сыйақы, үздік педагог пен алғыр оқушы
2024 жыл білім беру саласы үшін ерекше жаңалықтар мен маңызды өзгерістерге толы болды. Жыл бойы жаңа реформалар енгізіліп, цифрландыру, инклюзивтілік және білім беру сапасын арттыруға бағытталған көптеген бастамалар жүзеге асырылды. BAQ.KZ тілшісі еліміздің мектепке дейінгі, орта және кәсіптік білім саласында қандай жұмыстар атқарылғанын қорытындылап көрді.
2024 жыл Қазақстанның білім беру жүйесінің дамуында маңызды кезең болды. Оқу-ағарту министрлігі уәкілетті орган ретінде мектепке дейінгі білім беруден бастап техникалық және кәсіптік білім беруге дейінгі барлық деңгейдегі білім берудің сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырып келеді.
Оқу-ағарту министрлігінен биылғы реформалар жайлы сұрап білдік.
Балабақша
Министрліктің мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде 11,6 мың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында шамамен 1 миллион бала тәрбиеленіп жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ел өңірлерінде 75,5 мың орынға арналған 627 мектепке дейінгі ұйым ашылып, кезекте тұрған 2-6 жас аралығындағы балалардың 93,1%-ы мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен қамтылды.
Мектепке дейінгі ұйымдарда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы Тараз, Шымкент, Түркістан және Орал қалаларында пилоттық режимде ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Алдағы уақытта бұл жүйені бүкіл ел аумағы бойынша тарату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар жанынан балалары балабақшаға бармайтын ата-аналарға үшін 4,2 мыңнан астам кеңес беру пункті жұмыс істейді. Бұл пункттер балаларды тәрбиелеу мен дамытуда ата-аналар үшін үлкен көмек, сондай-ақ ол балалардың мектепке дейінгі білім алуына тең мүмкіндікті қамтамасыз етеді. Биыл 328 мыңнан астам ата-ана мен балаға әдістемелік және педагогикалық қолдау көрсетілді.
Балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарын қолдау мақсатында “Беске дейін үлгер” мобильді қосымшасы әзірленіп, іске қосылды.
Мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің арасында синхрондау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның шеңберінде баланың жеке даму картасы цифрландырылғанын да атап өту керек.
Ұлттық құндылықтар негізінде “Тәрбие бесігі” бағдарламасы әзірленді. Балаларды ерте жастан тілдік ортаға бойлату мақсатында биылдың қыркүйек айында білім беру ұйымдарында әлеуметтік орта қалыптастыруға бағытталған “Тілге бойлау” пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жоба халықаралық инновациялық тәжірибелерге негізделген, ол баланың шығармашылық дамуын ынталандырып, оқу процесінде қолдау көрсетеді.
Сонымен қатар болашақ бірінші сынып оқушыларына арналған “Балақайлар мектебі” мектепалды даярлық бағдарламасы әзірленді. Ол бағдарлама мектепке дейінгі білім мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, педагогтер мен ата-аналарға балаларды мектептегі оқу процесіне стандартты оқу бағдарламасының барлық бағыты бойынша даярлауға мүмкіндік береді. Бағдарлама Мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі білім беру және оқыту стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленген. Биыл бұл бағдарламадан 115 мың бала өтті.
Орта білім: 4 млн оқушыға 400 мыңнан аса мұғалім
Бүгінде орта білім беру жүйесінде 7 964 мектеп бар, онда 3,9 миллионнан астам бала білім алып, 408 мың педагог қызмет етеді.
Үздік педагог – үздік оқушы
2024 жылы қол жеткізген ірі жетістіктердің бірі – халықаралық олимпиадаларға қатысқан қазақстандық оқушылардың әрбір екіншісі жүлделі орындарға ие болды. Химия пәні бойынша ең беделді Халықаралық олимпиадада (IChO) және робототехникадан “First Global Challenge” әлем чемпионатында қазақстандық оқушылар 190 елдің арасынан оза шауып, екі олимпиадада да үш мәрте әлем чемпионы атанды. Қазақстан құрамасының қоржынына жалпы 563 медальмен толықты, оның ішінде 77 алтын, 201 күміс және 285 қола медаль бар. Ең беделді 7 олимпиадада жүлделі орындарға ие болған 26 қазақстандық оқушыға ақшалай сыйақылар тағайындалды: алтын медаль үшін – 1500 АЕК, күміс үшін – 1000 АЕК, қола үшін – 500 АЕК.
Тағы бір жарқын оқиға ретінде - шілде айында Қазақстанда IBO-2024 ең беделді биология пәні бойынша Халықаралық олимпиаданың өткізілуін атауға болады. Оған 81 елден 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысты. Қазақстан құрамасы 100% медальдық нәтиже көрсетіп, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатты.
Екінші жыл қатарынан Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада өткізіліп келеді. Нәтижесінде ауылдық оқушылардың жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші 10 есеге жуық артып, мыңдаған ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.
Еліміздің тарихында алғаш рет екі бірдей педагог “Қазақстанның Еңбек Ері” атағына ие болды. Оларға сондай-ақ, Алтын жұлдыз ерекше белгісі мен “Отан” ордені табысталды. Педагогтердің мұндай атаққа ие болуы Президенттің олардың еңбегін жоғары бағалауы және ұстаздар қауымына көрсеткен құрметі. Марапат иегерлері: Алматы қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатының 40 жылдық еңбек өтілі бар математика пәні мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова және Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмира Траисова.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолынан 23 педагог “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” атағын алды. Республикалық байқау қорытындысы бойынша тағы 64 педагог “Үздік педагог” атанды. Барлық 89 педагогке 1000 АЕК (3,9 миллион теңге) көлемінде мемлекеттік сыйақы тағайындалды.
Педагог мамандығына түсуге ниет білдіруші жастар саны айтарлықтай артты. Егер өткен жылы 1500 “Алтын белгі” иегері мұғалім болуды таңдаса, 2024 жылы олардың саны 1800-ге жетті. Биыл еліміздің мектептеріне 8 мыңнан астам жас мұғалім жұмысқа қабылданды.
1000 көшбасшы
2023 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Президенттік жастар кадрлық резерві» үлгісімен “Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы” жобасы іске қосылды. Нәтижесінде шығармашылық, көшбасшылық және жасампаздық қасиеттерге ие жаңа басшылар құрамы құрылды. Жоба аясында былтыр 207 педагог, биыл – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 376 педагогі іріктеу мен дайындықтан өтті.
Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарынан 80 мыңнан астам педагог “Өрлеу” БАҰО ұйымдастырған тегін біліктілікті арттыру курстарынан өтті, олардың 57,8%-ы ауыл мектептерінің мұғалімдері.
Ауылдағы білімнің жағдайы қалай?
Еліміздегі мектептердің 67%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту және ауыл мектептерінің әлеуетін көтеру мақсатында “Ауыл мектебі – сапа алаңы” республикалық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында өңірлерде де кіші жобалар іске қосылды. Атап айтар болсақ, мәселен, Ақтөбе облысында “Шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды пайдалана отырып дамыту”, Алматы облысында “Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша білім сапасын арттыру”, Маңғыстау облысында “Отпан” тірек мектептер желісін дамыту” Ұлытау облысында “Ustaz Ulytau” жобалары өз нәтижелерін берді. Жалпы, жоба нәтижелерінен биыл 2023 жылмен салыстырғанда, шағын жинақты ауыл мектептеріндегі білім сапасының орта есеппен 7-9%-ға артқанын аңғаруға болады.
Әлеуметтік жағынан осал отбасы балаларына қорытынды емтихандарға дайындалуда қолдау көрсету мақсатында 2024 жылдың қыркүйегінде 2576 мектепте “Цифрлық мұғалім” жаңа жобасы іске қосылды. Оның аясында оқушыларға электронды платформалар мен цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділік берілді. Сондай-ақ базалық пәндер бойынша қосымша сабақтармен 27 114 оқушы қамтылды.
Техникалық және кәсіптік білім
Бүгінде елімізде 772 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар, онда 565 мың студент білім алуда, оның ішінде 177 мың студент оқуға биылғы жылы қабылданды.
Дуальды оқытумен 91 мың студент қамтылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырыстарының көлемі 143 мың орынға өсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артқанын көрсетеді. Ал студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90 пайызды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік тапсырыстардың 65 пайызы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс салаларына бағытталған. Бүгінгі таңда Қазақстандағы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 79 пайызды құрайды.
Колледж студенттерін қолдау мақсатында шәкіртақы төлемдері екі есеге ұлғайтылды: 2023 жылы – 50%, 2024 жылы 300 мыңнан астам студентті қамти отырып тағы 50%-ға артты. Мұқтаж студенттердің 87 пайыздан астамы жатақханаларда орынмен қамтамасыз етілді. 2019-2023 жылдар аралығында 14,8 мың орындық 76 жатақхана, биыл 1,2 мың орындық тағы 4 жатақхана пайдалануға берілді. Бұдан басқа мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын студенттерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі: олар үшін тамақтану ұйымдастырылады және жолақы төленеді. Әрине, бұл техникалық мамандықтарға түсуге ниет білдірушілердің санының артуына өз септігін тигізді.
Ұлттық құрама ел тарихында тұңғыш рет Францияның Лион қаласында өткен 47-ші Халықаралық WorldSkills чемпионатында ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетіп, 6 үздік медальон мен «Ұлт үздігі» номинациясын жеңіп алды.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың жаңа тәсілдері әзірленді. Колледждерде кадрларды даярлау өңірлердің экономикасын ескере отырып, 4 макроөңірдің ерекшеліктері негізінде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 195 колледжді бейіндеу және ірілендіру жұмыстары басталды.
Колледждерде 160 стартап жоба іске қосылып, 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Кәсіби стандарттардың, МЖМБС және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Оқытудың тиімді озық әдістері мен тәсілдерін тарату мақсатында локомотив колледждер анықталды, заманауи колледждер базасында 3 IT орталық құрылды.
Инклюзивті орта
Білім беруде инклюзивті және кедергісіз орта құру барлық оқушылар үшін тең мүмкіндіктер қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады. Бүгінде еліміздегі мектептердің 90%-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалған, ал балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 80%-ға жетті.
Биыл алғаш рет психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілді, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған қолдау көрсету бөлмелері мен жеке бағдарламалар үшін жаңа талаптар әзірленді.
Мектептерде “педагог-ассистент” лауазымы енгізілді, бұл осы саладағы мамандардың санын бір жылда 1 мыңнан 2,5 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. I және II топтағы мүгедектігі бар жандар, бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау квотасы 10%-ға ұлғайтылды.
ПМПК ашудың нормативі 60 мың баладан 50 мың балаға дейін төмендетілді. Арнайы ұйымдар желісі көбейіп келеді. Олардың саны 496-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 21 бірліккеартты. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға арналған 96 қолдау бөлмесі ашылды. 600-ден астам арнайы оқыту бағдарламасы әзірленді.
Балалардың құқықтарын қорғау
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау еліміздің әлеуметтік саясаты мен құқықтық жүйесінің маңызды аспектілерінің бірі болып табылады.
Балалардың құқықтарын бұзу жағдайларына жедел ден қою үшін биылығы жылдан бастап бақылау субъектілеріне ескертусіз жоспардан тыс тексерулер енгізілді, объектілердің тізбесін ұлғайту бөлігінде Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылау функциялары кеңейтілді, оның ішінде әкімшілік жауапкершілікке тарту өкілеттігі берілді. Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен өкілеттігі заңмен белгіленді.
Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңының аясында биылығы жылдың маусым айында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері үшін жауапкершілікті күшейтетін нормалар енгізілді. “111” байланыс орталығының қызметі заңды түрде бекітілді.
Елімізде 330-дан астам адам жетім балаларға тәлімгерлік етуде. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандардың штаттық саны 692 бірлікке дейін ұлғайтылды. Жетім балаларға арналған 36 ұйым Балаларды қолдау орталықтарына трансформацияланды.
Мемлекет әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 510 мыңнан астам балаға Жалпыға міндетті білім беру қорынан киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алуға 22,2 миллиард теңгеден астам қолдау көрсетті. Ол атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін отбасылардағы оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардағы оқушыларға көрсетілді.
Биыл алғаш рет еліміздің 20 өңірінде Психологиялық қолдау көрсету орталықтары ашылды. Бірнеше айдың ішінде бұл орталықтарда 240 мыңға жуық азаматқа (оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер) көмек көрсетілді.
Білім беру ұйымдарында Жеке қауіпсіздік сабақтары жүргізіле бастады. Сабақтарда жеке бас қауіпсіздігінің негіздері, қоғамдық орындарда, көшеде, үйде және интернетте өзін-өзі ұстаудың қауіпсіз ережелері туралы дәрістер беріледі.
“Қазақстанның медиация мектептері” жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол қауіпсіз және қолдаушы білім беру ортасын құруға бағытталған. Бастама аясында еліміздің барлық мектептерінде мектеп медиация қызметтері жұмыс істей бастайды. Медиация қызметіне жоғары сынып оқушылары, мұғалімдер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, ата-аналар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, қамқоршылық кеңестер мен аға буын өкілдері тартылды.