Білім саласында жалақысы аз қызметкерлердің еңбекақысы көтеріледі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова білім саласында төменгі жалақы алатын қызметкерлердің жалақысын дифференциалды түрде 30%-ға дейін көтеру мәселесі туралы баяндады. 

"Ең бірінші техникалық қызметкерлер, яғни еден жуушылар, сантехниктер, электрик, күзетшілер қарастырылады. Бұлардың қатарында педагогикалық қызметкерлер де бар. Олар – тәрбиешілер, тәрбиешілердің көмекшілері, балабақшалар мен колледжердің психологтары. Қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп қызметкерлердің санаттарын және болашақта алатын жалақыларын есептейтін жұмыстарды жүргізіп жатырмыз", - деді Шәмшидинова.

Министр "Нұр Отан" партиясы съезінде мемлекет басшысының білім саласында атқарылып жатқан өзгерістерді, жұмыстарды белгілі бір нәтижеге жеткізу қажет деген сөзін атап өтті. 

"Білім саласында ең бірінші мектепте сапалы білім, саналы тәрбие берудегі үлкен мәселе бұл – мұғалімдер, олардың кәсіби шеберлігі. Сондықтан да 2012 жылдан бері үкімет тарапынан, мемлекет басшысы тарапынан мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Болашақта 144 мыңнан артық педагогика қызметкерлері қайта даярлау курстарынан өтеді. Биыл бірінші рет мектеп психологтарын және сынып жетекшілерін қайта даярлау курстарынан өткізуді жоспарлап отырмыз. Оқу бағдарламалары дайындалып жатыр", - деді спикер.

Ол жаңа технолгия байланысты білім саласы өзгеріп, қалыптасқан классикалық үлгілерді сақтай отырып, жаңа дүниені де мектепке алып келу қажет екенін айтты. 

"Балаларды концептуалық тұрғыдан оқыту, "стим" білім беру секілді дүниелердің бәрін дамыту қажет. ЖОО, кәсіптік-техникалық оқу орындарында да біздің білім бағдарламалары еңбек нарығына сай, қажет мамандықтарды дайындауға сол қажеттілікке керек дағдыларды қалыптастыруға жұмыс істеуі керек. Соған байланысты білім бағдарламалары да өзектендіріліп отыр. Қатты өзгереді деп тұрған жоқпын, қай заманда болмасын білім бағдарламалары өзектендіріліп отыруы керек", - деп сөзін түйіндеді Шәмшидинова.

Назерке Абибулла
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы