Білім саласындағы жемқорлық мәселелері қаралды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде онлайн арқылы ҚР ҚПК 200-бабы тәртібінде қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсынулар қаралды.
Департамент басшылығы өңірдің білім беру саласының жүздеген қызметкерлеріне іс жүргізумен аяқталған қылмыстық істер шеңберінде ұсынуларды жеткізді.
Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеу нәтижесінде облыстық білім басқармасының жанындағы колледж директоры өзіне және басқа адамдарға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында ҚР "Мемлекеттік сатып алу туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңдарының, сондай-ақ, білім беру саласының қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын бұзғанын анықтады. Сондай-ақ, облыс аудандарының бірінде білім беру бөлімінің басшылығы мемлекеттік сатып алу саласындағы талаптарды өрескел бұзуға жол берген.
Ұсынуларды қарау қорытындылары бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сәйкес салада білікті және практикалық тәжірибесі бар мамандарды тарта отырып, комиссияларды жасақтауды, сондай-ақ, фото - және (немесе) бейнетіркеуді қолдауды, орындалған жұмыстар көлемінің бар-жоғын тиісті тексермей, орындалған жұмыстар актілерін қабылдау фактілерін болдырмауды ұсынды.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері, олардың себептері мен салдарлары туралы мәліметтер білім беру процесінің барлық субъектілерінің назарына танысу және алдағы уақытта білім беру қызметкерлері тарапынан заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында міндетті түрде жеткізілуге тиіс.Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, адалдық пен сатылмаушылық әрбір мемлекеттік қызметшінің мінез - құлқының нормасы болу тиіс»,- деді онлайн-кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Төлеубаев.