Білім саласы және Жолдау. Білімнен басталған жол - білімге тіреледі
Мемлекет басшысы тура білім күні халыққа жолдаған Жолдауында елдегі білім саласына ерекше назар аударды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады – деген Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы олқылықтар мен атқарылар жұмыстарды жіпке тізгендей етіп айтып берген болатын.
Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды – деген болатын өз Жолдауында Мемлекет басшысы.
Ендеше елдегі мектепке дейінгі білім беретін мекемелердегі жұмыстың қалай жүріп жатқанын бағамдап көрейік.
Білім – балабақшадан басталады
Дәл осы Президент атап өткен 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың сапалы біліммен қамтамасыз етілуі жайлы Оқу ағарту министрлігі жұмыстың жүріп жатқанын айтады.
Қазіргі кезде 2-6 жас аралығындағы балалардың 88%-ы, ал жалпы балалар санының 57,7%-ы мектепке дейінгі оқумен қамтылған. Сонымен қатар, жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп, бүлдіршіндерді біліммен қамтуды одан әрі ұлғайту мақсатында жергілікті бюджетпен құрылыс салу арқылы мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосу және ашу бойынша жұмыс жалғасады. Сондай-ақ МЖӘ аясында мектепке дейінгі ұйымдар желісі және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру кеңейіп жатыр – дейді министрлік.
Сонымен қатар, министрлік мектепке дейінгі ұйымдардың қызмет көрсету сапасын арттыру үшін онда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейткендігін атап өтті.
Осы орайда, осы мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тағы бір мәселеге назар аудара кетуді жөн көрдік.
Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет – деген болатын Тоқаев өз Жолдауында.
Қазіргі кезде балабақша тәрбиешілерінің жағдайы, әсіресе әлеуметтік жағдайы тым жақсы деуге келмейді. Тым жаман деп те айта алмаймыз. Әсіресе ауылдық жерлердегі тәрбиешілер болмашы теңгеге күн көріп отыр. Оның үстіне бір тәрбиеші 25 балаға жауапты. Бұл тәрбиеші мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, ата-ана жылуына мұқтаж жастағы сәбидің қамқорлыққа кенелмеуіне әкеп соғады.
Ал Президент тапсырма бойынша Оқу-ағарту министрлігі қазірден бастап жұмыс істеп жатқандарын айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін аттестаттау жүйесі жаңартылып, олардың жалақысы көтеріледі, сондай-ақ тәрбиешілердің жүктемесі азайтылады. Бұл мектепке дейінгі тәрбиешілерге балаларға көбірек көңіл бөлуге және дамыту мен оқыту іс-шараларының тиімділігін арттыруға көбірек мүмкіндік береді – дейді Асхат Аймағамбетов.
Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда бірнеше балабақшада пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Егер ол сәтті жүзеге асатын болса, тәрбиешілерге еңбекақы төлеу жүйесі, мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің еңбекақысын арттыру бойынша есеп ұсынылады. Сонымен бірге, нормативтік құқықтық актілерге де өзгерістер енгізілмек.
«Жайлы мектептегі» жақсы білім
Президент Жолдауында баса айтылған білім саласындағы тағы бір мәселе – орта білім жүйесін жетілдіру.
Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды – деді Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында.
Бұған дейін де мектепке, орта білімге қатысты бірнеше бағдарлама болған. Алайда, нақты нәтиже көре алған жоқпыз. Дегенмен, білім саласында бұған дейін байыпты бағдарламалардан көрі, халықты хайпқа бейімдеу көбірек болған секілді. Әйтпесе әліппені оқу бағдарламасынан алып тастау, жыл сайын оқу жылы басталарда хиджаб пен форма мәселесі, үштілді оқу т.б. қарапайым халыққа білім беруден гөрі көпсөзділікке, әрдеңені сылтау етіп, болатын жағын емес, болмайтын, «өнбес дауды өспес ұлға» қудырып қоятын.
Бүгінгі таңда елімізде төрт ауысыммен оқитын мектептер бар. Ал апатты мектептер жайлы айтпаса да белгілі. Еліміз бойынша мектепке мұқтаж оқушы саны 200 мыңнан асады. Қазіргі демографиялық жағдайды ескере отырып, бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 1 млн-ға жетуі мүмкін деген болжам жасауға болады.
Ал Мемлекет басшысының жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша Оқу-ағарту министрлігінің атқарып жатқан, анығы қолға ала бастаған шаралары жайлы да министрлік басшысы айтып берді.
Ұлттық жоба аясында кемінде 800 мың оқушы мектеппен қамтамасыз етіледі. Бұл оқушы орнының тапшылы, үш ауысымда оқитын және апатты мектептердің мәселесін толығымен шешеді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептерді салу мен жабдықтаудың бірыңғай стандарты жұмыс істейді. Осы жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Жаңа мектептерде оқу бағдарламасына сәйкес оқу алаңдары кеңейтіледі – деп уәде беріп отыр Асхат Аймағамбетов.
Әрине, қазіргі компютер заманында, интернет дәуірінде кез келген мектепте оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, спорт залдары, әмбебап шеберханалар мен студиялар болуы заңдылық.
Жаратылыстану білімі – Жаңа Қазақстанның іргетасы
Президент Жолдауда жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер мен тіл пәндеріне басымдық беруді тапсырды.
Қазіргі заманауи білім беру бағдарламалары, қоғамдағы ІТ саласына деген сұраныс, техникалық ғылымның мүмкіндіктері – барлығын ескере келе Мемлекет басшысының не себепті жаратылыстану пәндеріне, әсіресе математика, физика, химия, биология пәндерінің сағаттарын көбейтуге тапсырма беріп отырғанын түсінуге болады.
Жаһандық интернет тұтастығын ескерер болсақ, қазақ көшінің де ел соңында қалмауы басты назарда болуы тиіс. «Оқусыз – білім жоқ, білімсіз – күнің жоқ» екенін түсінген жұрт, сол білімнің қазіргі заманға қайсысы сай келетінін де білгені маңызды.
Бұл тұрғыда «оқу бағдарламалары жаңартылып, мұғалімдерге қосымша курстар ұйымдастырылады» - деген министрліктің мүддесі қандай екенін пайымдап көрейік.
STEM білім беру тәсілдеріне негізделген жаратылыстану-математика пәндерін оқытуды күшейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларының ағылшын тілін үйренуіне, нақтырақ айтқанда, 10-11 сыныптардағы ағылшын тілі сағатын көбейтуге, бағдарламаларды жаңартуға және мұғалімдердің біліктілігін арттыруға баса мән беріледі. 2024 жылдан бастап CEFR бойынша 3-сыныпта ағылшын тілін оқыту сағаттарын ұлғайту мен қазақ және орыс тілдерін меңгеру үшін қажетті оқу жүктемесін қамтамасыз ету шаралары қабылданады – деді министр өз сөзінде.
Білімнен басталған жол – білімге тіреледі
Білім саласына қатысты Мемлекет басшысы өз Жолдауында баса айтқан тағы бір мәселе – ұстаздардың біліктілігі.
Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет – деген болатын Мемлекет басшысы.
Білімнен басталатын жол – білімге барып тіреледі. Балабақшадан басталған білім сапары – қайта айналып балабақшаға келеді. Осы орайда балабақшада, бастауыш мектепте дұрыс қаланған іргетас – болашақ ұрпақтың біліміне берілген кепілдік. Мемлекет басшысының да Жолдауда айтпақ ойы осы. Берген тапсырмасы да осының негізінде айтылды.
Олай болса, министрлік мұғалімдерді даярлау бойынша не істеп жатыр? Тағы да министрдің сөзіне назар салайық.
Педагогикалық және басқа да жоғары оқу орындарын аккредиттеу стандартын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл педагог кадрларды даярлау сапасын арттыру үшін қажет. Қазіргі уақытта ЖОО-ларды аккредиттеу жалпы критерийлер бойынша жүргізіледі. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің әзірленген стандартын болашақ оқытушылар даярланатын ЖОО-ның білім беру бағдарламаларын аккредиттеу барысында тәуелсіз аккредиттеу агенттіктері пайдаланады деп жоспарланып отыр – дейді Асхат Аймағамбетов.
Дұрыс айтады. Білім саласында ұстаздың біліктілігі мен оқушының білімі – «тауық бұрын пайда болды ма, жұмыртқа бұрын пайда болды ма?» дейтін жаңылтпашқа ұқсайды. Оқушы білімді болуы керек пе, ұстаз білікті болу керек пе? Бүгінгі оқушы ертеңгі ұстаз десек, кешегі оқушы бүгінгі оқушыға ұстаз болып отыр. Өмір дирмені шыр айналғанда, кешегі ұрпақтың бүгінгі ұрпаққа тәлім үйретерін ескерсек, білім саласындағы ұстаз-оқушы дуетінің үндескені маңызды.
Ал Оқу-ағарту министрлігі осы мәселені ескеріп, «Педагог» кәсіби стандартын қабылдау бойынша жұмыстарды аяқтауға таяп қалғандарын айтады.
Осы кәсіби стандартты ескере отырып, білім беру бағдарламалары, педагогтерді сертификаттау және аттестаттау рәсімдері, үздіксіз кәсіптік даму мазмұны әзірленіп, жаңартылады, педагог кадрларды қызмет бабында жоғарылату стратегиясы құрылады. Кәсіби стандарт бекітілгенге дейін педагогтермен және басқа да мүдделі тараптармен кең талқылаулар жүргізіледі. Нәтижесінде «Педагог» кәсіби стандарты білім берудің барлық деңгейіндегі педагогтердің кәсіби даму траекториясының бірыңғай бағдарына айналады – дейді министр.
Мемлекет басшысы мектеп формасы мәселесіне нүкте қойды
Осы орайда оқу жылы басталғалы бері білім саласында, соның ішінде орта білім саласында қолға алынған бастамаларға қысқаша тоқталсақ.
Оның ең басында мектеп формасы мәселесі тұр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұған дейінгі жылдарда мектеп формасы мәселесі хайпқа айналып келген болатын. 2016 жылдан бері жыр болған тақырыпқа да мемлекет басшысы биылғы жолдауында нүкте қойды десек болады.
Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Байқасаңыз Мемлекет басшысы осы сөздері арқылы тек білім саласындағы кезекті бір хайпқа тоқтау салып қана қойған жоқ. Сонымен қатар, тағы екі мәселені шешті. Бірі – әлеуметтік аз қамтылға отбасыларға мектеп формасын бюджет есебінен беріп, халықтың тұрмыстық мәселесі болса, екіншісі – мектеп формасын тігуді отандық өнеркәсіпке жүктеу арқылы ең өзекті мәселені – отандық өнімді, отандық өндірісті қолдау мәселесін де оңтайлы шешуді ұсынды.
Ал бұл жағдайда министрліктің ұстанымы қандай екенін назарға алып көрейік.
Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Яғни оқушылар мектепке бұрын сатып алған немесе биылғы оқу жылында дайындаған формамен келе алады. Ал мектеп формасы жоқтар таза, ұқыпты классикалық киім үлгісімен мектепке бара алады. Ата-аналар мектеп формасының өндірушісін таңдауда және оны бөлшек сауда желісі арқылы тиімді бағамен өз еркімен сатып ала алады – деді министр.
Қарапайым. Бәрі де қисынға келіп тұр. Біріміздің кішірейіп қалған киімімізді киіп өскен қарапайым қазақ баласы үшін дәл қазіргі уақытта үнемшілдіктің, ұқсата білудің маңызы зор. Министр де соны меңзеп отыр.
200 мың оқушы – 225 мектеп
Мақаламызда еліміз бойынша мектепке мұқтаж 200 мың бала барын, алдағы бірнеше жылда олардың саны 1 млн-ға жуықтайтынын айтқан болатынбыз.
Иә, Құдайға шүкір деп айтайық, соңғы жылдары елімізде демографиялық дүмпу бар. Биылдың өзінде Денсаулық сақтау министрлігі 460 мыңнан астам нәрестенің дүниеге келгенін хабарлады. Демек, «жас өспей ме, көкейіңді теспей ме» дегендей, ә дегенше солар балабақшаға, мектепке баруға дайын бола қалады. Ал біз әлі де үш ауысымды, тіпті 4 ауысымды мектептің мәселесін шеше алған жоқпыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Жолдауында мектеп мәселесін, білім орындарының жетіспеушілігін атап өткен болатын.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады – деді Презиидент.
Министрлік Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында еліміз бойынша жыл сайын 200-ден астам мектеп пайдалануға беріледі деп сендіріп отыр.
Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін облыс әкімдері 2022 жылдың соңына дейін 225 мектеп салуды жоспарлап отыр. Жаңа оқу жылының басына дейін 21 мың оқушыға арналған 41 мемлекеттік мектепте және 15 мың оқушыға арналған 40 жекеменшік мектепте құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. Әр аймаққа нақты көрсеткіштер бекітілген – деді Асхат Аймағамбетов оқу жылы басталмай тұрып.
Бағанадан бері білім-білім деп қақсап отырмыз ғой. Тіпті, мектепке дейінгі білім мәселесін де айтып отырмыз. Десе де, білім беру үшін ұстаз бен шәкіртке жағдай жасалмаса, берген білімнен нәтиже жоқ. Осы орайда, әйгілі әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін сәл өзгертіп қолданып көрейік.
Жағдайы жасалмаған шәкіртке берілген білім – құмға құйған сумен тең.